Accessibility links

Өзбекстан Аралдан мұнай қорын іздеп жатыр


Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Ислам Каримов, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. 15 маусым, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Ислам Каримов, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. 15 маусым, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Сарапшылардың болжауынша, Өзбекстанда Орталық Азиядағы мұнайдың 31, газдың 40 пайыз қоры болуы мүмкін. Болжам рас болса, бұл ел Орталық Азияда мұнай мен газ өндіруде екінші орынға көтеріліп, Қазақстанмен бәсекелес болмақ.


Экономикасы инвестиция мен модернизацияға мұқтаж Өзбекстан Арал теңізінен мұнай мен газ қорын іздестіріп жатыр.

Алайда бұл жоба Өзбекстан газын пайдалануға мүдделі Қытай мен Ресей арасында осы мәселедегі бәсекені күшейте түсуі мүмкін дейді мамандар.

ЖАҢА ЖОБА

Ақпанның 3-інде Jamestown.org веб-сайтында Арал теңізіндегі Өзбекстанның мұнай мен газ кеніштері жайлы мақала жарық көрді.

Мақала авторы Фархат Шәріп «Орталық Азияның энергетика саласындағы мәселелеріне ұдайы араласып отыратын Ресейдің мұнай компаниялары бұл жолы да белсенділік танытып отыр» дейді.

Қаңтардың 17-сінде Ресейлік «Лукойл» компаниясы Өзбекстандағы жаңа жобаның 6,6 пайыз акциясын иеленетінін мәлімдеген.
Арал теңізінің ғарыштан түсірілген суреті. Енвисат, 10 шілде, 2009 жыл.

Арал теңізінің ғарыштан түсірілген суреті. Енвисат, 10 шілде, 2009 жыл.

Арал теңізінде барлау жұмыстарын қолға алған бұл компания 2006 жылдан бері екіжақты келісімнің негізінде Өзбекстанның мұнай мен газ алқаптарында жұмыс істеп келеді.

Басылым Арал теңізіндегі бұл жобаны іске асыруға Өзбекстанның «Өзбекмұнайгаз» ұлттық компаниясы, Қытайдың CNPC, Оңтүстік Кореяның KNOC және Ресейдің «Лукойл» компаниялары кірісіп жатқанын жазады.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА БӘСЕКЕЛЕСІ»

Мақала авторының жазуынша, сарапшылар «Арал секторында мұнайдың қомақты қоры табылса, Өзбекстанның бұл кеніштері шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның Каспий аймағынан да тартымдырақ болар еді» деп болжайды.

Жобаға инвесторлар алты жылдың ішінде 110 миллион доллар жұмсаған. Мақала авторы «болжам бойынша бұл кеніште Орталық Азиядағы мұнайдың 31 пайызы, газдың 40 пайызы болуы мүмкін» дейді. Болжам расқа айналса, Өзбекстан Орталық Азияда мұнай мен газ өндіруде екінші орынға көтеріліп, Қазақстанмен бәсекелес болмақ.

САЯСИ МҮДДЕ

Мақала авторының ойынша, «Ресейлік «Газпром» компаниясы 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан соң «Өзбекстаннан көгілдір отын өндіреміз» деген сылтаумен саяси жағынан сәтті қадам жасаған».

Бұл компанияның «Зарубежнефтегаз» филиалы 2010 жылы 200 миллион доллар жұмсап, Өзбекстан үстірттерін бұрғылағанмен, мұнай таба алмаған еді.

Өзбекстан мамандарының болжауынша, Аралдың табанында 470 миллиард текше метр газ бар. Мақала авторы Ресейлік мамандардың алдыңғы сәтсіздіктен соң мұнда мұнайдың қомақты қоры бар дегенге сенбейтінін жазады.

Мұнай табылмаса да, ресейлік компаниялардың Аралдың Өзбекстан бөлігіне ерекше назар аударуының себебін автор «Мәскеу Өзбекстанның энергетика саласындағы ықпалынан барынша айрылмауға тырысады» деп түсіндіреді.
Эрик Альбрехттің "Путин және оның президенті. Медведев кезіндегі Ресей" кітабының мұқабасынан алынған сурет.

Эрик Альбрехттің "Путин және оның президенті. Медведев кезіндегі Ресей" кітабының мұқабасынан алынған сурет.


«Ресей мен Қытайдың саясатын қаперге алатын болсақ, Мәскеу Өзбекстанның энергетика саласындағы ықпалынан гөрі, ондағы саяси мүддесін көбірек көздейді. Себебі Орталық Азия елдері Ресейге барынша тәуелсіз болғысы келіп, әр түрлі амалдар қарастырып жатыр. Әлемдегі газ қорының 12 пайызын иемденіп отырған бай елді уысынан шығарып алу - Ресей үшін өте тиімсіз» дейді журналист.

АЛАРМАНДЫ «АЛАЛАУ»

Автор «Өзбекстанның энергетика саласы қарама-қайшылыққа толы» деп жазады. Өткен жылы Өзбекстан халқы газ бен электр қуаты тапшылығынан қиыншылық көрді. Бірақ соның өзінде бұл ел шетелдерге отын экспорттауды ұлғайтып отыр.

Мақала авторы Өзбекстанның Ресей мен Қытайға сататын газының бағаларын салыстырып шыққан. «Бір қызығы - Өзбекстан газды Ресейге Қытайға қарағанда екі жарым есе қымбат сатады» деп жазады ол. Ресей 1000 текше метр газға 220 доллар төлесе, Қытай 90 доллар береді.

«ЕКІ ЖАҚТЫ ЖАНТАЛАС»

Jamestown-ның жазуынша, Өзбекстан экономикасы модернизация мен инвестицияға мұқтаж. Сондықтан да бұл ел өз нарығында газдың жетіспеуіне қарамастан Аралдағы жобаны жедел дамытып, шетелге отын сатқысы келеді.

«Өзбекстан бір жағынан Орталық Азияда өндіріс саласы бойынша Қазақстанмен бәсекеге түсу үшін сыртқа экспорттайтын газын азайтуға да мәжбүр. Осыған қарағанда Өзбекстанның жоспарлап отырған жаңа жобасының жуық арада іске асуы екіталай» деп пікір білдіреді мақала авторы.

Мақала «Арал жобасы бұл елді (Өзбекстанды - ред.) Орталық Азиядағы ең мұнайлы өлкеге айналдырып, ірі инвестициялар әкеле ме, жоқ па - ол жағы әзірше белгісіз. Алайда Өзбекстанның бұл жобасы Қытай мен Ресейдің Орталық Азиядағы текетіресін күшейтуі мүмкін» деп қорытындылайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG