Accessibility links

Ташкентте велосипед тепкендерге қысым күшейді


Велосипед тепкен адам. Өзбекстан, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Велосипед тепкен адам. Өзбекстан, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан полициясы «дұрыс жүрмейді» деген себеппен қала көшесінде велосипед мінетіндерге қарсы науқан бастады. Мақсат - көлік апатын азайту.

Өзбекстан полициясы жол-көлік апаттарын азайтудың ерекше тәсілін тапты. Ол – қала көшелерінен велосипедтерді құрту.

ВЕЛОСИПЕД ТӘРКІЛЕУ

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында Ташкент полициясының бұл науқаны аяқ астынан, «бейресми» түрде басталып кеткені де жазылып жатыр.

Ақпараттарға қарағанда, жол ережесін бұзатын велосипедшілерді ұстайтын, оларға айыппұл салып, көліктерін тәркілейтін арнайы жасақ құрылған. Олар сәуір айының соңында іске кіріскенімен, ондаған адамдардың велосипедін тәркілеп үлгерген. Ал велосипедтерді жалға беретін кәсіпкерлерден билік дүкендерін жабуды талап етіп отыр.

Ташкенттің жол полициясының офицері Мусурмон Худойхулов телефон арқылы сұхбат алған Азаттық тілшісіне «велосипедтердің тәркіленіп, оларды жалға беретін орындарды жергілікті биліктің жауып жатқанын» растаған.

Худойхулов бұл науқанның велосипедпен дұрыс жүрмейтін адамдарға ғана арналғанын айтқан.
Базардан қайтқан велосипедші. Өзбекстан, 7 сәуір 2012 жыл.

Базардан қайтқан велосипедші. Өзбекстан, 7 сәуір 2012 жыл.


- Егер велосипедші ереже бұзбаса, оларды тоқтатпаймыз. Бірақ көп жастар ереже бұзады. Олар бағдаршамда қызыл жанып тұрса да тоқтамайды, жол апатына себепші болады, - дейді полицей.

Худойхулов Ташкент қаласында велосипедшілер кесірінен болған жол апаттарының санын айта алмаған.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Өзбекстанда 2012 жылы 3 миллион 300 мың жол-көлік апаты болған. Бірақ мұның қаншасы велосипедпен жүретіндердің кесірінен болғаны белгісіз.

Офицердің айтуынша, «тәркіленген велосипедтерді иелері айыппұлын төлегеннен кейін алып кете алады». Айыппұл төлеген велосипедшілер оның 26 мың сом (13 АҚШ доллары) екенін айтады. Бұл сома - Өзбекстандағы орташа айлықтың оннан бір бөлігі.

«ВЕЛОСИПЕД ЗАҢСЫЗ КӨЛІККЕ АЙНАЛДЫ»

Аты-жөнін айтпаған бір студент осы аптада болған оқиғаны баяндады. Оны полицей Ташкент қаласындағы Навои көшесінде тоқтатқан.

- Ол маған «көлік жолымен жүрме, тротуармен, жаяулар жүретін жолмен жүр» деді. Маған айыппұл салды, - дейді ол.

Қаланың Чиланзар ауданында орналасқан велосипедтерді жалға беретін дүкеннің иесі noviyvek.uz сайтына «полицияның кейбір клиенттердің велосипедтерін мінбей, әлі жүрмей жатып тәркілегенін» айтқан.

Аталған сайтқа сұхбат берген дүкен иесі:

- Полицейлер үш көлікпен келді де, еркек адамдардан велосипедтерді ештеңе түсіндірместен тартып алды, - дейді.
Ташкентте болған жол-көлік апаты. 16 сәуір 2013 жыл.

Ташкентте болған жол-көлік апаты. 16 сәуір 2013 жыл.


Велосипедтер полиция пунктіне жеткізілген, айыппұл төленген соң қайтарылған.

Велосипед Өзбекстан астанасы Ташкентте жылдан-жылға көп пайдаланылатын көлікке айналып келеді. Велосипедке деген сұранысты қанағаттандыру үшін Ташкентте оны жалға беретін ондаған дүкендер ашылған.

Бірақ Ташкент билігі велосипед қозғалысына ешқандай жағдай жасамай отыр. Велосипедке арналған жолдар мен маршруттар жасалмаған.

Аты-жөнін толық айтпаған қала тұрғыны Эргаш велосипедіне қайтып мінетініне сенбейді. Ол Интернетке бір жыл бұрын алған велосипедін сататыны жайында хабарландыру іліпті.

- Сатып құтылғым келеді. Өйткені мен тұратын қалада велосипед заңсыз көлікке айналған сияқты, - дейді ол.

АЛМАТЫДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазақстанда велосипедшілерге қарсы мұндай науқанның болғаны туралы ақпарат жоқ.

Елдің ең ірі қаласы Алматыда да велосипедшілер жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Бірақ велосипедтің көмегіне жүгінетіндердің айтуынша, қалада жалғыз веложол бар.

Қала тұрғыны, зейнеткер Тимур Даурановтың айтуынша, қалада велосипед тебушілерге жағдай жасалмаған. Алматының жолдарының шетінде веложолдар жоқ.

- Бізде жаяу жүргінші мен велосипед тебушілерге тратуар ортақ. Қаламызда тек бір веложол бар. Ол жол - Абай мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында, Балуан Шолақ спорт сарайының маңында. Ұзындығы - бар болғаны 2,5 шақырым. Ал одан басқа қалада бізге арналған жолды көрмедім, - дейді велосипедші.
Велосипед теуіп, ойнап жүрген балалар. Алматы, 27 наурыз 2012 жыл

Велосипед теуіп, ойнап жүрген балалар. Алматы, 27 наурыз 2012 жыл


Ал «ВелоАлматы» клубының жетекшісі Тимур Журкашев Азаттық тілшісіне «Алматыдағы 10 мыңға жуық велосипедшіге 2,5 километр ғана жол арналғанын» растаған.

Ал Алматы әкімдігі веложолдарды көбейту туралы жоспардың бар екенін жылда айтып келеді. Қала шенеуніктері жыл сайын халықты көліктен велосипедке ауысуға шақыру мақсатында көлік жолдарын жауып тастап, 10-ға жуық велошеру өткізеді.

Алматы қаласы спорт басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Досқараев алдағы уақытта веложолдардың саны біртіндеп өседі дейді. Оның айтуынша, дәл қазір қалада жаппай веложолдар салынбайды. Өйткені Алматыда велосипед тебетін халық біз ойлағандай көп емес.

Журкашевтің айтуынша, Алматы тұрғындары қала сыртында ғана велосипед тебе алады. Ол маршруттарды әуесқойлар мына сілтеме арқылы көре алады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG