Accessibility links

Өзбекстанның мақта алқабындағы «кішкентай құлдар»


Өзбекстанның мақта алқаптарындағы балалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

Адам құқығын қорғаушылар жасырын түрде түсіріп алған бұл бейнематериалдарда мақта терімі кезінде өзбек билігінің балалар еңбегін қалай қанайтыны анық көрінген.

Адам құқығын қорғау ұйымдары «Өзбекстан балалар еңбегін қанап жатыр» деп, әлемнің негізгі мақта өндіруші елдерінің бірін біраз уақыттан бері сынап келеді. Ал өзбек ата-аналары пара беріп, балаларын «мақта құлдығынан» құтқарып алуға мәжбүр.


Өзбекcтан билігі «жыл сайын мемлекет мақта терімі маусымында мектеп балаларын жұмысқа жегеді» деген кең тараған ақпаратты жоққа шығарып келеді.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары таспаға түсіріп, Азаттық радиосының Өзбек қызметіне салып жіберген бейнематериалдарға қарап отырып, бұл шындыққа кез-келген адам оңай көз жеткізеді. Бейнетаспада мектеп жасындағы балалар сабақ кезінде алқаптарда мақта теріп, ауыр қаптарды арқалап жүр. Бұл - бұлтартпас айғақ. Өзбек билігі оқушыларды сабақтан арнайы босатқан ба, әлде оларды мақта теруге қысым көрсетіп алып шыққан ба - ол жағын кесіп айту қиындау.

Қолға түскен бейнематериалда мақта алқабындағы 10 жасар Отабектен өзге балалар өздерінің қауіпсіздіктері үшін аты-жөндерін айтудан бас тартқан. Бұл оқиғадан кейін Адам құқығын қорғау ұйымдары, аймақтағы тәуелсіз БАҚ, ferghana.ru вебсайты «Оқушылар мен колледж студенттерін билік қысым жасау арқылы елдегі ең қымбат ауылшаруашылық өнімін жинап алуға қосымша жәрдем күші ретінде тегін пайдаланған» деп хабарлады.
Өзбек бала мақта терімі кезінде жұмыс істеп жүр.Алексей Протченков түсірген сурет.
Өзбек бала мақта терімі кезінде жұмыс істеп жүр.Алексей Протченков түсірген сурет.

Мақта терім маусымы басталған қыркүйек айының ортасынан бері елдің негізгі бөлігіндегі мектептер мен колледждер сабақтарын тоқтатты. Дәлелді бейнематериалдар Ферғана аңғары, Қарақалпақстан автономиялық республикасы, Хорезм және Қашқадария облыстары сынды негізгі мақта өндіруші аймақтарда түсірілген.

Адам құқығын қорғау ұйымдары «екі айлық терім маусымында балалар еңбегін қанап жатыр» деп әлемнің негізгі мақта өндіруші елдерінің бірі Өзбекстанды біраз уақыттан бері сынға алып келеді.

Осы сынның нәтижесінде мақта-мата кәсібімен айналысатын GAP, H&M және Marks&Spencer секілді 60-қа жуық алпауыт компания Өзбекстанға бойкот жариялаған еді. Өзбек үкіметі арзан күш ретінде балалар еңбегін қанауды тоқтатпайынша бұл бойкот жалғаса бермек.

Wall Street Journal журналында Патриция Юревич: «Ташкент қаласында өткен мақта және мата жәрмеңкесінде мақта-мата бизнесімен айналысатын батыстық компаниялар Өзбекстан мақтасын сатып алудан бас тартқан. Осы бойкоттың өзі-ақ әлемге аты белгілі тігін фабрикалары мен сауда орталықтарының мақта өндірісіндегі балалар еңбегін қанауды жою туралы уәделерінің қаншалықты күшті екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?» деп жазады.
Мақта теріп жүрген өзбек балалар. Алексей Протченков түсірген сурет
Мақта теріп жүрген өзбек балалар. Алексей Протченков түсірген сурет

Көптеген компаниялар «өзбек мақтасына бойкот жариялау» саясатын талап етіп жатса, енді біреулері осы саясаттың нәтижелі болуын қадағалауды да қолға алды. Жалпы, тоқыма өндірісіне келіп түсетін шикі мақтаның түбін тексеріп, қай елден екенін біліп, тегін анықтау күрделі мәселе. Алайда ірі өндіріс жетекшілері шикізаттың шыққан жерін тексеріп, керек болса мақтаның өсіп-өнген топырағына дейін анықтайтынын мәлімдеген.

Соңғы бес жылда мақта өнімімен айналысатын ірі сауда орталықтары мен жеке сауда дүкендерінің өзі Өзбекстандағы балалар еңбегі арқылы өндірілген мақтаға қарсылықтарын ашық білдіріп жатыр. Тіпті қарапайым тұтынушылар сатып алып жатқан тауарлары туралы мәліметтің жан-жақты болуын талап етеді. Өзбекстандық мақтадан тігілген киім-кешектен кейбір тұтынушылар саналы түрде бас тарта бастаған. Енді тауардың тегіне қатысты ақпаратты лезде анықтап бере қоятын жаңа технологиялар қолданылмақ.

Ал АҚШ заңнамасы бұдан да күшті айқындылықты талап етеді. 2012 жылдан бастап АҚШ-тағы текстиль өндіретін фабрикалар пайдаланған шикізаттарының қай елден, қандай жолмен келгені туралы ақпарат беруге міндетті. Адам еңбегін қанау, адам саудасы сияқты проблемалардың жолын кесу үшін заңдар күшейтілмек.

Өзбекстандағы балалар еңбегін қанауға қарсылық сырттан да, іштен де жүріп жатқан жұмыс. Тәуелсіз uznews.net вебсайтында осы мәселеге қатысты ақпарат жарияланды. Ангрен қаласындағы адам құқығын қорғаушы Дмитрий Тихонов премьер-министрдің орынбасары Рустам Азимовқа Өзбекстандағы мақта терімі кезіндегі жас балалар еңбегін қанауды тоқтату туралы шағым-арыз түсірген. Ең қызығы, биылғы мақта терімінің алдында Ангреннің билік органдары қалада «балаларды күштеп мақта тергізу заңға қайшы келеді» деген парақшалар таратқан. Бірақ олармен қатар "шетелдік басылымдардағы балаларды күштеп жұмсайды деген мәліметтер жалған ақпарат және жала" деген парақшалар да таратылған.
Мақта алқабындағы мектеп оқушысы. Өзбекстан, 13 қазан 2011 жыл
Мақта алқабындағы мектеп оқушысы. Өзбекстан, 13 қазан 2011 жыл

Қалай болғанда да жан-жақтан қатаң бақылаудың нәтижесінде Өзбекстандағы балаларды күштеп мақта тергізу проблемасы ресми құжатталып, заңға енді. Ілінген плакаттарда «Балаларды күштеп жұмсау, не болмаса олардың өздерін я ата-аналарын қорқытып күштейтін болса, Өзбекстан заңына сәйкес жауапқа тартылады» деген ескертулер де бар. Ата-аналар болса "бұл хабарламалар тым кешігіп жетті, оқушылар бұл кезде мақта алқабында әлдеқашан жұмысқа жегіліп кеткен еді" дейді.

Оның үстіне балалар еңбегін қанауға тыйым салу туралы заңдар интернетте жазылғанымен, Өзбекстанның ресми ақпарат құралдарында жаппай жария етілмеген. Бірақ сонда да жоқтан жақсы. Батылы жеткен ата-аналар осы заңға сүйеніп, ендігі жерде балаларын мақта теруге жібермей қоюға құқылы. Ал Тихонов болса uznews.net сайтына «Өзбекстанда осы заңдарды орындамай, мектептер мен колледждерде тағы да сабақтар тоқтатылып, мақта терімге балалар қайтадан кетіп жатыр деген шағымдар бар. Ал биліктің қысымынан қорыққан ата-аналар балаларын мақта терімнен босатып алу үшін 120 доллар пара беруге бейіл. Олар әлі де бас көтеріп, ашық қарсыласудан қорқып отыр" деген пікір айтады.

Биыл қыркүйек айында Нью-Йорктегі сән көрсету шоуларын ұйымдастырушылары президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың сән үлгілерін көрсету ұсынысын қабылдамай тастады. Адам құқығын қорғау ұйымының мүшелері: «Оның коллекциясындағы киімдер Өзбекстандағы балалардың маңдай терімен терілген мақтадан тігілген», - деген уәж айтты.
XS
SM
MD
LG