Accessibility links

Өзбек диқандары мақтаны қауашағына қайта жапсырды


Жол бойындағы мақта алқабында жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)
Жол бойындағы мақта алқабында жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан диқандары жоғарыдан бұйрық түскен соң, «премьер-министр келгенде өнімнің бітік шыққанын көрсету үшін мақтаны қауашағына қайта жапсырып қойдық» дейді.

Орталық Азияда жоғары лауазымды басшы келе жатқанда «байлық пен бақыттан шалқып-тасыған жұртты» көрсету үшін жергілікті әкім-қаралар сан түрлі әдіс-айла ойлап табады.

Өзбекстанның шығысындағы Ферғана облысының басшылары бұл жағынан бәрінен асып түсті.

Премьер-министр Шавкат Мирзияев келе жатқанда егіс алқабы аппақ болып жайқалып тұруы үшін шенеуніктер теріліп кеткен мақтаны қауашақтарына қайта жапсырып шығуға пәрмен берген. Мұны Азаттық тілшісіне ауыл тұрғындары айтты.

«МАҚТА ЖАПСЫРҒАН» 400 АДАМ

Аты-жөнінен атамауды өтінген жергілікті тұрғынның айтуына қарағанда, Шаһартепе ауылынан 400-ге тарта адам шығып, Мирзияевтың көлігі өтетін жол бойындағы алқапта «мақта жапсыру» науқанына қатысқан.

- Біреулері қауашақтың ішіне желім жақса, екіншісі мақтаны қуысқа жапсырған, ал үшінші топ мақта қауашақтарын бірінші қатарда тұрған мақта сабақтарына желімдеген, - деді ол.

Тағы жүздеген адам премьер-министр келгенде таза болып тұруы үшін күре жолдың екі жағын сыпырып шыққан.

Тілшімен сөйлескен тұрғын мақта талшықтары үйіліп жатқан алқапта тұрған ауыл тұрғындарының суретін де көрсетті.

Ферғана аймағы тұрғынының сөзіне қарағанда, бұл сурет Қоштепе ауданына қарасты Шаһартепе ауылында, премьер-министр сапарының алдында, яғни қыркүйектің 30-ы күні түсірілген.

Өзбекстан мақсаты. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан мақсаты. (Көрнекі сурет)

- Олардан «мақтаны неге жапсырып жатырсыңдар?» деп сұрағанымда «Премьер-министр келетінге ұқсайды, сосын мұнда бәрі құлпырып тұрсын деп тапсырды» деп жауап берді, - дейді ауыл тұрғыны. «Мұнша шапшаңдықпен қимылдағандарына қарағанда, олар мұндай өтірікке бұрыннан төселген сияқты» дейді ол.

Қалай болғанда да, диқандар мұны өз еріктерімен істегемен сияқты.

- Халық қатты қиналды. 500-дей адам жұмыстарын тастап, мақта жапсыруға мәжбүр болды. Оларға «бұл – облыс әкімінің бұйрығы» депті, - дейді Шаһартепе ауылының диқаны.

Басшылар қудалайды деп қорыққан диқан атын атағысы келмеді. Автократиялық режим орнаған Өзбекстанда билік өкілін немесе үкіметтің саясатын сынау – шектен шыққандық саналады, бұл үшін кісіні тіпті түрмеге қамайды.

Шаһартепе тұрғындарының еңбегі бәрібір зая кетті. Премьер-министр Қоштепе ауданына кірмей, басқа жолмен өтіп кеткен.

ТЕЗ ГҮЛДЕГЕН АҒАШТАР

Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, 2009 жылы қазанның 16-сы күні президент Ислам Каримовтің аймаққа сапары кезінде де диқандар дәл осылай мақтаны қауашақтарына қайта қондырған.

2015 жылы наурыз айында Каримов келгенде жол бойындағы ағаш бұтақтарына жасанды гүлдер жапсырып, ағаштар жайқалып шыға келген.

Көршілес Тәжікстанда президент Эмомали Рахмон аймақтарды аралағанда оның көлігі жүріп өтетін жолдың бойындағы ғимараттардың сыртына жылдамдатып әдемі жапсырмалар жапсырылып, мұқият таңдап алынған, мұнтаздай киінген «бақытты» адамдар қол бұлғап тұрады.

Путин Ресей ғалымдары жасаған көзілдірікті киіп тұр. Ресей, Новосибирск, 17 ақпан 2012 жыл.
Путин Ресей ғалымдары жасаған көзілдірікті киіп тұр. Ресей, Новосибирск, 17 ақпан 2012 жыл.

Ел басшыларының көзін алдау - бұрынғы Совет Одағы республикаларының көбіне тән дәстүр. Тіпті патшалық Ресейде жоғары шенді басшылар келе жатқанда сыртын өтірік әдемілеп қойған ауылдар «Потемкин деревнясы» деп аталған.

Ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, Забайкалье аймағында қыркүйекте президент Владимир Путин келердің алдында асығыс төселген асфальт жолды жұмысшылар өткен аптада қайта жасауға мәжбүр болған.

Мәскеу түбіндегі Суздаль қаласында да президент келер алдында иесіз қалған ескі үйлердің сырттары ағаш бөренелердің суреті салынған плакаттармен, әдемі постерлермен көмкерілген. Бұл туралы ресейлік блогшылар көп жазды.

Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG