Accessibility links

Генетикалық тест болашақ чемпионды анықтай ма?


Өзбекстандық мәнерлеп сырғанаушы Миша Ге. Көрнекі сурет
Өзбекстандық мәнерлеп сырғанаушы Миша Ге. Көрнекі сурет

Өзбек ғалымдары болашақ олимпиада жеңімпаздарын табу үшін балаларды генетикалық сынақтан өткіземіз деді. Бұл идея қаншалықты ұтымды?

Болашақ әлемдік деңгейдегі үздік спортшыларды анықтау үшін генетикалық тест жасау керектігі туралы идея бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Енді Өзбекстан 10 жас шамасындағы балаларды сынақтан өткізіп, спорттық әлеуетін тексермек.

Елдегі биоорганикалық химия институтының генетика зертханасының директоры Рустам Мұхаммедов мемлекеттік «Правда Востока» газетіне қаңтардың 5-і күні сұхбат берді. Мақалада «молекулярлық-генетикалық деңгейде спортшыларды таңдау» бағдарламасы басталғаны айтылған.

Ол Азаттық тілшісіне Өзбекстанның ғылым академиясының қадағалауымен бағдарлама 2015 жылдың басына қарай «тәжірибе жүзінде іске асады», оған Ұлттық олимпиада комитеті мен бірнеше ұлттық спорт федерациялары атсалысады деді. Бұл федерациялар футбол, суға жүзу мен ескекпен есуді қамтиды екен.

АЛҒАШҚЫ РЕСМИ ХАБАРЛАМА

Мұхаммедовтың тобы Өзбекстан атлеттерінің генін зерттеуді екі жыл бұрын бастаған. Оның айтуынша, Ташкентте тағы бір жыл жұмыс істеген соң топ болашақ чемпиондарды анықтауға септігін тигізетін 50 ген жиынтығының тізімін ұсынады.

«АҚШ, Қытай, Еуропа елдері сияқты дамыған мемлекеттер адам геномын зерттеп, нақты бір спорт түріне бейімділікті анықтайтын геннің бар екенін тапты. Біз осы әдісті болашақ чемпиондарды іріктеу үшін қолданбақпыз» дейді ол.
Мұхаммедовтың пікірінше, баланың 50 гені қан үлгісі бойынша тексерілген соң олардың ата-анасына перзенті қандай спорт түріне баулуға икемді екені хабарланады айтады. Осылайша қандай да бір елдің олимпиадалық комитеті генетикалық сынақты пайдаланатын бағдарламаны қолдайтыны туралы бірінші рет мәлімдеме жасалды.
Генетик ғалымдар.
Генетик ғалымдар.

Генді сынақтан өткізу идеясы туралы қарама-қайшы пікірлер көп. Оны жақтаушылар «бұл – спорт ғылымындағы жаңа меже» десе, сыншылар құқықтық, моралдық және этикалық түйткілдер туралы ескертеді. Бірақ эритропоэтин сияқты спорт нәтижесін жақсартуға ықпал ететін допинг заттарымен салыстырғанда Халықаралық олимпиада комитеті де, ғаламдық спорт федерациялары да генді сынақтан өткізу арқылы чемпионды анықтауға тыйым салмайды.

«ҒЫЛЫМ ҮШІН ҚЫЗЫҚ, СПОРТ ҮШІН ТИІМСІЗ»

Спортта допинг қолдану туралы деректерді тексеріп, бақылайтын әлемдік допингіге қарсы агенттік спортшыларды ген бойынша анықтауды қолдамайды. Спорттық тақырыпта жазатын журналист, әрі «Спорттық ген» атты танымал кітаптың авторы Дэвин Эпштейн спорттағы жетістікте геннің маңызды рөл атқаратынын жоққа шығармайды.

Бірақ ол Мұхаммедовтың генетикалық тест болашақ чемпионды анықтауға ықпал етеді деген уәжіне күмән келтіреді.

«Генетикалық деңгейде тексерудің мәні жоқ. Олар біреудің физиологиясын зерттемек. Геннің басым бөлігі қандай қызмет атқаратынын әлі білмейміз. Ал оның қолда бар азғантай бөлігіне сүйеніп, зерттеу жүргізу – бір-екі бөлігі ғана бар, қалған жүздеген мың бөлігі табылмаған мозайканы құрастырам деумен бірдей» дейді ол.
Өзбекстан футбол құрамасының ойыншылары
Өзбекстан футбол құрамасының ойыншылары

Эпштейн баланың спорттағы қабілетін анықтау үшін генетикалық тест жасау керектігі туралы бірінші рет естіп отырғанын айтады.

«Басқа елдерде ересектердің генетикасын тексеретінін білемін. Австралияда регби ойыншыларында ACTN3 генінің бар-жоғын тексерген. Ол қысқа қашықтыққа жүгіру мен секіруге қажетті тез жиырылатын бұлшық ет талшықтарында болатын ақуыздың бар-жоғын анықтайды. Егер сізде «дұрыс нұсқа» болмаса, 100 метрге жүгіруден олимпиада чемпионы атанбайтыныңыз анық. Бұның өзі де болжам ғана. Ол жер бетіндегі 7 миллиард адамның біреуін ғана ойыннан шығарады. Одан да секундомер ұстап тұрып болжам жасаған әлдеқайда тиімді. Сондықтан бұл тәсілдің ғылым үшін қызық болса да, спортшыны таңдау кезінде пайдасыз екенін білгендер бұдан бас тартты. Көптеген федерациялар балаларға бұндай сынақ жасаудың бос әрекет екенін түсінді» дейді журналист.

Заңгерлер егер генетикалық сынақ адамның табиғи генетикалық кодына әсер ететін болса, заңды мәселелер туындайды дейді. Америка сияқты елдерде генетикалық сынақ жасауға қарсы заң бар.

Бірақ генетика ғылымын зерттеуші, Стокгольм университетінің философия профессоры Торбьерн Тансьоның айтуынша, генетикалық тесті моралдық тұрғыда айыптау бекер.

«Мен бұны спортта генетикалық технологияны қолданудың ең бейкүнә түрі деп санаймын. Бірақ келесі қадам қандай болмақ дегенге келсек, егер спортшылардың мүмкіндігіне генетика араласса, онда адамды физикалық деңгейде жақсарту мәселелері тууы мүмкін» дейді ғалым.

Тансьо генетикалық өзгерістердің сырқаттарды емдеуге ықпал етіп, адамдардың «табиғи қабілетін» күшейтуге жәрдемдесетінін атап өтіп, болашақта допингке қарсы агенттік генетикалық допингке тыйым салмайды деп болжайды.

Рон Синовиц пен Замира Ешанованың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG