Accessibility links

«Хаттан» кейін Каримова жайлы қауесет қайта күшейді


Гүлнара Каримованың жақында баспасөзге шыққан суреті.

Гүлнара Каримованың жақында баспасөзге шыққан суреті.

Гүлнара Каримова жазды деген «хат» өзбек президенті Ислам Каримов отбасындағы жіктің тереңдегенін білдіріп, бұл елдегі режим ерекшелігін ашып беретіндей. «Хат» Каримованың туған күнінде жарияланды.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызының атымен жарияланған «хат» Russian Times сайтына 8 шілде - оның 42 жасқа толған күні басылды. Мәтіннің түпнұсқа екенін, шынымен Гүлнара Каримованың өзі жазған-жазбағанын тексеру мүмкін болмады. Жуырда кейбір сайттар Гүлнара Каримованың туған күнін Балтық жағалауында тойлайтыны жөнінде ақпарат таратты. Ол кейінгі бір жыл бойы қоғамдық өмірден тысқары қалған сияқты.

Сәл бұрынырақ бейресми ақпарат көздері Ислам Каримовтің үлкен қызы "үйқамақта отырғанын және Өзбекстанды ұзақ жылдар билеп келе жатқан президенттің Батыста сынға ұшыраған режимінің тәсілдері мен әдістерін өз басынан өткеруге мәжбүр" екенін жазған еді.

БҰҒАУ

Гүлнара Каримова жазды деген мәтіннің алғашқы жолдарынан-ақ Ислам Каримовтің тағы бір қызы – Лола Тилаеваға сын айтылады. Лола әдетте көзге түсе бермейді. Дегенмен өткен жылы ол ВВС-ге Гүлнара әпкесімен жылдар бойы жалғасып келе жатқан егестің естіген адам жағасын ұстайтын кейбір тұстарын айтып берген еді.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың әйелі, қыздары және немересімен түскен суреті.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың әйелі, қыздары және немересімен түскен суреті.

Бұдан әрі мәтін авторы «жалған тінтулердің, бизнесті тартып алу оқиғаларының, салыққа қатысты айла-шарғылардың және т.б. әрекеттердің артында тұр» деп, Татьяна Каримоваға – Өзбекстан президентінің зайыбына соқтығады. Ал Ислам Каримов бұл хатта «бір кездері қуатты да құдіретті басшы болған, бүгінде маңайындағылар «сергелдеңге салған», аңқау да қарт саясаткер» ретінде сипатталады.

«Хат» мәтініндегі наразылық Гүлнара Каримованың саясат олимпінен кеткен шағында өзінің жақын туыстарына боратқан толып жатқан айыптауларымен үндесіп жатыр. Әке қаһарына ұшыраған Гүлнара Каримова өте көп нәрседен: ықпалынан, бизнесінен, мансабынан, мүлкінен және тіпті өзінің сән-салтанатын көрсету (оның ішіне ән салу мен йога да кіреді – ред.) мүмкіндіктерінен де айырылды.

Кезінде президент-әкесінің мұрагері болады деп болжанған, алайда Wikileaksтегі ақпараттарға қарағанда, кейіннен Өзбекстандағы «ең жексұрын жанға» айналған, бір кездегі ықпалды ханым өзінің «күйреу» себебін режимге қарсы әшкерелеуші науқан бастағанынан көреді.

ЖАНЖАЛДАР

Гүлнара Каримованың өзі де аты шулы қылмыстық істерге ілінді. Соның бірі – ақша жасыру ісі, ол Швейцарияда тексеріліп жатыр. Бұл іс Өзбекстан президентінің үлкен қызының бақылауында деген Terra Group медиа-холдингіне қарсы қозғалған.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова.

Келесі жемқорлық іс Швецияда тексеріліп жатыр. Ол істе өзбек нарығына кіру құқығын алу үшін және шенеуніктер қысымынан қорғау үшін ірі көлемде пара бергені үшін айыпталып отырған Telia Sonera телекоммуникациялық компаниясы аталады. Швед инвесторларын пара беруге Гүлнара Каримова мәжбүрлеген деген болжам бар.

Шілденің 3-і күні жарияланған «хатта» Гүлнара Каримова басына келген барлық қырсыққа сіңлісі мен анасын кінәлайтын сыңайлы. Мұндай айыптауларды ол бұрын да айтатын. Бұған дейін ол жоғары лауазымды өзбек шенеуніктерін, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятовты сынау үшін Twitter-ді белсенді түрде пайдаланып келді.

Гүлнара Каримова соңғы рет Twitter-ге өткен жылдың соңында шыққан екен, онда жазғаны - «Өмір – бумеранг. Ерте ме, кеш пе, барлығы да кері оралады».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG