Accessibility links

Гүлнара Каримова Өзбекстан президенті болғысы келе ме?


Гүлнара Каримова Италиядағы атақты зергер De Grisogono-ның туған күнінде жүр. 9 тамыз 2012 жыл.

Гүлнара Каримова Италиядағы атақты зергер De Grisogono-ның туған күнінде жүр. 9 тамыз 2012 жыл.

Гүлнара Каримова Twitter-ге пікір жазады, ән салады, йогамен айналысып, сәнмен киінеді және отбасының иығына түскен ауыр жүкті бөлісуге тырысады. Бірақ ел басқаруға шамасы жете ме?

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова өткір сауалдан жалтару жолын жақсы меңгерген. Ол «елдегі адам құқығының бұзылу мәселесін шешемін» деген уәделерді де үйіп-төгіп келеді.

КАРИМОВАНЫҢ ЖАЛТАРУ ТӘСІЛІ

Желтоқсанның 20-сы күні Ташкентте өткен баспасөз-мәслихатында «Президент сайлауына түсесіз бе?» деген сауалға:

- Құдайды күлдіргіңіз келсе, алдағы бес минуттағы жоспарыңызды айтыңыз, - деп жауап берді Каримова.

Бұл - «ешқашан сайлауға түспеймін деп айтпаймын» деген мағынаға жақын сөз. Қартайған әкесінің мұрагері саналатын Каримоваға бұл сауал жиі қойылады. «Өзбекстанның тұңғыш президенті сырқатына байланысты алдағы сайлауға түспейді» деген сыбыс бар.

Ішкі ойын құпия ұстайтын Өзбекстан басшысы тағына қызын отырғызып кетуі мүмкін бе? Бұл сұраққа ешкім нақты жауап бере алмайды.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғаушы ұйымның Орталық Азия елдерін зерттейтін маманы Стив Свердлов бұл мәселеге қатысты:

- Бұл сауалдың жауабын білуге бәріміз құмармыз. Бірақ бал ашып, әуре болудың керегі жоқ. Президент Каримов 22-23 жыл аса құпия саясат жүргізді. Сондықтан оның картасы ең соңғы сәтте ғана ашылады, - дейді.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.


2009 жылы америкалық WikiLeaks әлеуметтік желісінде Каримовқа жақын адамдар оның әнші, дипломат әрі модельер қызы Гүлнараны мұрагер ретінде танитыны жазылды. Бұл Орталық Азиядағы династиялық дәстүрге сәйкес келеді әрі қазіргі президент Каримов үшін тиімді. Өйткені БҰҰ «кең тараған жүйелі азаптау» деп атайтын әдісті жиі қолданатын өзбек басшысы биліктен кеткенде қарсыластардың кек алуына жол бергісі келмейді.

Ресей стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Аджар Куртовтың айтуынша, "Каримовтың рақымсыздығы 2005 жылы Әндіжан оқиғасынан кейін асқына түсті".

- Оның осы қатігездігі қазіргі саяси элитаны сақтап қалды. Бірақ Каримовтың әріптестері оның қызының билікке келуін мақұлдай қоймайды. Өйткені Гүлнара Каримованың бойында әкесіне тән қасиеттер жоқ. Каримовтың қасындағылар оны жақсы біледі. Қазір олар пікірлерін ішіне бүгіп жүр. Бірақ мәселені түбегейлі шешетін сәт туған кезде, әсіресе Каримов ел басқара алмайтындай жағдайға түсе қалса, олардың көбі Гүлнараның билікке келуіне қарсы шығады, - дейді.

«СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ САЯСАТКЕР»

Guli («Гули») және Googoosha («Гугуша») деген лақап аттары бар Каримова әртүрлі әрекетімен халықты таң қалдырудан жалықпайды. Кино жұлдыз сияқты сәнмен киінеді, түрлі мәдени шаралар өткізеді. Тіпті жақында Жерар Депарьдемен қосылып ән шырқады.

Яндекс сайтының есебі бойынша, Гүлнараның есімі интернетте жиі қаралатын өзбек есімі, тіпті танымалдығы жағынан әкесінен озып кеткен. Оған Гүлнараның Twitter-ден түспейтіні де себеп болса керек. Желтоқсанның 21-і күні Дағдарыстың алдын алу халықаралық тобының (International Crisis Group – ред.) медиа-директоры Эндрю Штройлянның хатына өзбек басшысының қызы «Өзбекстандағы адам құқығының бұзылуы туралы мәселелерді шешуге уақыт таппай жүрмін. Жұмыс бастан асады» деп жауап берген.

FRIDE сараптама орталығының Брюссельдегі сарапшысы Тинатин Церцвадзенің пайымдауынша, «Каримова өзін асыра бағалайды».

- Ол Батыстағы және бұрынғы СССР кезеңінен келе жатқан саясаткерлердің көзқарасын елемейді. Twitter-ді оқып отырсаңыз, оның йогамен айналысқан суреттерін көресіз. Ол өзін ғана ойлайды, өзінің «гламур» бейнесіне риза, - дейді сарапшы.

«ҚАРАҚШЫ БАРОН»

Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара саясатпен тиіп-қашып айналысты деуге болады. Ол көрнекті, бірақ маңызды емес қызметтер атқарды. Соның ішінде БҰҰ-ның Өзбекстандағы тұрақты өкілі болды. Дегенмен оның атағы миллиардтаған доллар болатын отбасы қаражатына жауапты адам ретінде шықты.
Өзбекстан картасы

Өзбекстан картасы


Каримованың «Қарақшы барон» деген лақап аты бар. Ол Өзбекстан рыногына кіруге ұмтылған шетелдік компанияларды сатып алып, ел ішінде бизнесі өркендегендердің активтерін иеленді. Соңғы айларда Швейцария мен Швецияның прокурорлары Өзбекстаннан аса үлкен мөлшерде ақша жасырылғанын мәлімдеді. Ол қаражаттың Каримоваға тікелей қатысы бар.

Швед телеарнасы жақында Каримованың параны қалай алатынын әшкереледі. Өзбек рыногына кіруге ұмтылған шведтік ұялы байланыс компаниясы президенттің қызына миллиондаған доллар ұсынған. Каримова бұл оқиғаны мойындамай отыр. Бірақ мақта өндірісінде балалар еңбегін пайдалану, адам құқықтарына қатысты жан түршігерлік жазбалар Женева, Париж және Мәскеуде үйі бар ханымды жылы орнынан қозғап жіберді. Ол кейінгі кезде шетелге көп шықпайды.

Соңғы уақыттары Гүлнара Каримова Өзбекстанда йогамен айналысып жүр. Одан бөлек, иіссулар шығарады, фильмге сценарий жазып, өзі құрған қайырымдылық қорының жетістіктерін жариялайды. Шетелде шаруасы көп Каримованың Өзбекстанда ұзақ айналуы өз қалауы болмаса керек.

Халқының саны 30 миллиондай болатын Өзбекстан - Орталық Азиядағы кедей мемлекеттің бірі. Байлығын мақтан тұтатын Каримованы жергілікті халық жақсы көрмейді. Бірақ әкесінің үнемі 90 пайыз дауыс алып, сайлауда жеңіске жететінін ескерсек, қызының да Өзбекстан басшысына айналуы ғажап емес. Орталық Азияны зерттейтін маман Стив Свердлов:

- Каримова көп саяхаттайды. Бірнеше тілді меңгерген. Бірақ ол Өзбекстанды ашық қоғамға айналдыратын адам емес. Оның ойында не бар екенін ешкім білмейді. Ал басқа өзбек шенеуніктері үнін шығара алмайды, себебі Гүлнара Каримова сияқты олардың ерекше мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан Каримова қалағанын айта алады, - дейді.

Гулнар Каримова 1972 жылы маусымның 8-і күні Ферғанада туған. Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы.
Googoosha- Гүлнара Каримова әндерінің жаңа альбомының мұқабасы.

Googoosha- Гүлнара Каримова әндерінің жаңа альбомының мұқабасы.


Ол зергерлік бұйымдар дизайнымен айналысады. Эстрада саласында Googoosha деген псевдониммен танылған. Гүлнара Каримованың саяси карьерасы туралы өзінің ресми сайтында былай деп жазылған:

- 1996-1997 жылдары - Өзбекстанның қауіпсіздік кеңесі мен президент аппаратында қызмет етті, елдің сыртқы істер министрінің кеңесшісі.

- 1998 жылы - Өзбекстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі, кеңесші.

- 2000-2003 жылдары - Өзбекстанның сыртқы істер министрінің кеңесшісі.

- 2003-2005 жылдары - Өзбекстанның Ресейдегі елшісінің кеңесшісі.

- 2005-2008 жылдары - Өзбекстан сыртқы істер министрінің кеңесшісі.

- 2008 жылы Өзбекстан сыртқы істер министрінің мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша орынбасары.

2008-2011 жылдары - БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардағы Өзбекстанның тұрақты өкілі, төтенше және уәкілетті елшісі.

2010-2011 жылдары - Өзбекстанның Испаниядағы елшісі.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Динара Мәзен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG