Accessibility links

Әкесімен араз Каримова азаптаулар жайлы айтты


Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова. Ташкент, 31 тамыз 2012 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова. Ташкент, 31 тамыз 2012 жыл.

Белсенділер Өзбекстан президенті Ислам Каримов режимінің адам құқықтарын таптап жатқаны жайлы айтуын талап еткен соң президенттің қызы Гүлнара Каримова Twitter-де азаптаулар туралы жаза бастады.

Гүлнара Каримова айтуынша, «Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі оған қоқан-лоқы жасауға кіріскен». Каримованың Twitter-де жазған мәліметіне қарағанда, «қауіпсіздік қызметі оған жақын жүретін бірнеше адамды жәбірлеген».

«ЕНДІ ОЛАРДЫ СОҚҚЫҒА ЖЫҒАДЫ»

Каримованың мәлімдемелеріне қарап, Өзбекстандағы билікке таласқан топтар елдегі адам құқықтарының бұзылуы туралы ақпараттарды өз мүдделеріне пайдалануы мүмкін екенін байқауға болады.

Батыс елдеріндегі азаматтық белсенділер Twitter арқылы Гүлнара Каримоваға Өзбекстандағы тапталып жатқан адам құқықтары туралы сұрақтар қойып келе жатқан еді. Қарашаның 5-і күні Гүлнара Каримова бірінші рет Өзбекстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы Twitter-де жазды.

Өзбекстан президентінің қызы «қауіпсіздік қызметі оның бұрынғы оққағарын азаптап жатуы мүмкін екенін» мәлімдеді.

Каримова «Бүгін Хайот Шарифутдинов бұрынғы күзетшілерді тұтқындады» деп жазады. Хайот Шарифутдинов - ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы (Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі ішкі және сыртқы қауіпсіздік жүйесіне бөлінеді – ред.). Гүлнара Каримова «Енді оларды соққыға жығады» дейді.

Каримова бұл жазбасы жарияланғаннан кейін он минут өткенде 2013 жылы ақпанның 2-сі күні берілген медициналық анықтаманы жариялады. Құжатта қабырғасы сынған адамның денсаулығы туралы жазылған. Каримова «бұл адамның өзі қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген, оның қабырғасын ішкі қауіпсіздік қызметкерлері сындырған» дейді.
«БАСЫНА ІС ТҮСКЕН СОҢ ЖАНЫ АШИ ҚАЛДЫ»

Бір кездері мемлекеттің жоғарғы билік органдарын басқарған Гүлнара Каримованың өзі де «Өзбекстандағы ең жеккөрінішті адам» деген атақ алған еді. Оған сол кезде журналистер мен құқық қорғаушылар үкіметтің саяси оппоненттерін тұтқындап, азаптағаны туралы сұрақтар қойғанда ол жауап бермеген.

Халықаралық Human Rights Watch (НRW) құқық қорғау ұйымының Еуропадағы медиа директоры Эндрю Штройляйн осы проблемаға орай бірнеше мәрте Каримоваға сауал жолдап, жауап алуға тырысып көрген еді.

Штройляйн Каримованың қазіргі жазбаларына қарап, «Өзбекстанда мыңдаған адамдар азапталып жатқанда шағым айтса қайда қалыпты?» деп таңырқайды.

- Каримова Өзбекстандағы адам құқықтары жайлы айта бастаса, өзінің жеке мүддесі үшін айтып жатыр. Басына іс түскен соң ғана азапталған адамдарға жаны аши қалды, - дейді Штройляйн.

Қазан айының ортасынан бері Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен үлкен Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Рига, 17 қазан 2013 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Рига, 17 қазан 2013 жыл.

қызы Гүлнараның араз екені айтыла бастады. Енді бұл қақтығыс елге әшкере болып отыр. 41 жастағы Каримова Twitter-де соңғы кездері билікке ашық қарсы шығып жүр. Себебі әкесі оны қудалай бастаған деген болжам айтылады.

Билік органдары Каримоваға тиесілі медиа-холдингтердің барлық активтерін құлыптап тастады. Оның бірнеше телеарнасы мен радио станциялары жабылып, бірнеше жақын адамы тұтқындалды.

Ешқандай амалы қалмаған Гүлнара Каримова Twitter-де ашуға булыққан, көбіне жүйесіз, түсініксіз комменттер жаза бастаған. Ол біресе «сайтанның ритуалдарымен айналысады» деп анасын, енді бірде «сиқырмен шұғылданады» деп сіңлісін айыптайды, әкесін Сталинмен салыстырады.

«РЕЖИМ ӘРТҮРЛІ ТОПТАРҒА БӨЛІНІП ЖАТЫР»

НRW өкілі Эндрю Штройляйн Ташкенттегі билікке таластың құқық қорғаушыларға пайдалы болуы мүмкін екенін айтады. «Кейбір топтар бір-бірінің айыбын ашатын ақпараттарды жариялай бастайды. Бір-біріне соққы беру үшін тапталып жатқан адам құқтарына қатысты да мәліметтер жариялануы мүмкін» дейді ол.

Штройляйн қазан айында НRW ұйымына Өзбекстаннан адам құқықтарының тапталғаны жайлы арыздардың көп келе бастағанын байқаған.

- Меніңше, перде әлі де толық ашылған жоқ. Бірақ соның өзінде талай ақпарат жарияға шығып жатыр. Адамдарды азаптау, құқықтарын таптау, қоғамға үрей төндіру арқылы құрылған режим енді әртүрлі фракцияларға бөлініп, ол топтар бір-біріне күйе жағып қалуға және ақталуға тырысады. Бұл - заңды құбылыс, - дейді ол.

Глен Кейтс пен Әлішер Сыдықовтың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG