Accessibility links

Өзбекстан Тәуелсіздік күні қарсаңындағы қырағылық


Регистан алаңындағы мерекеге дайындық. Өзбекстан, Самарқан, 19 шілде 2015 жыл.

Регистан алаңындағы мерекеге дайындық. Өзбекстан, Самарқан, 19 шілде 2015 жыл.

Қыркүйектің 1-і күні Өзбекстан Тәуелсіздік күнін тойлайды. Жыл сайын мейрамға қызу дайындық жасалады: тек мерекелік концерттерге әзірлік емес, қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі.

Биыл үкімет президент Ислам Каримовтың туған жері – Самарқанда жаңа стандарт енгізді. «Самаркандский вестник» интернет-сайтына шыққан ақпаратқа қарағанда, жергілікті ішкі істер қызметкерлері қоғам өкілдерінің көмегімен Тәуелсіздік күні мерекесінің ың-шыңсыз өтуі үшін «барлық жағдайды жасаған».

МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ НЫСАН

Регистан алаңындағы мерекеге дайындық. Самарқан, 19 шілде 2015 жыл.

Регистан алаңындағы мерекеге дайындық. Самарқан, 19 шілде 2015 жыл.

Самарқан облыстық ішкі істер бөлімінің адам құқықтары және заңдық көмек департаменті аға инспекторы Аслиддин Ергашев жазған мақалада «700 мыңнан астам нысан тексерілген, соның ішінде 3 мың 14 көпқабатты тұрғын үй, 586 мың 35 аула, 131 мың 8 ұйым мен мекеме, 85 қонақүй, 1 мың 851 білім беру мекемесі, 1 мың 36 кафе мен мейрамхана, 15 мың 799 сауда орны, 17 мыңнан астам басқа да орындар, 110 жатақхана және 15-тен астам жоғары маңызды нысан бақылаудан (тамыздың 20-сі күнгі мәлімет) өткен».

Полиция қызметкерінің сөзіне қарағанда, бұл ауқымды жұмысты бар-жоғы бір жарым мың тәртіп сақшысы атқарып шыққан.

Дегенмен оларға «қоғамдық белсенділер көмекке келген». «Махалла» қайырымдылық ұйымы мен «Камолот» жастар ұйымы сияқты қоғамдық мекемелердің төрт мыңға жуық өкілі полицейлерге жәрдемдескен».
Бұл екі ұйым – өзбек үкіметінің елді жіті бақылауына көмектесіп келе жатқан белсенді мекемелер.

ҮКІМЕТТІҢ «​ҚЫРАҒЫ КӨЗІ»​

«Махалла» (өзбек тілінен аударғанда «көршілер», «қауым» деген мағына береді) - үкіметтің ауыл-аймақтар мен қалалардағы «қырағы көзі». Үкімет жергілікті тұрғындардың арасынан «сенімді адамдарды» іріктеп алып, оларға күдікті көрінгендерді қадағалап отыруға тапсырма береді.

Ал жастар қозғалысы саналатын «Камолот» – үкіметке тіпті СССР заманындағыдан да үлкен қолдау көрсететін ультрапатриот ұйым. Бұлар көбіне апаттан зардап шеккендерге жәрдем беру, екпе салу науқандарын ұйымдастыру сияқты қоғамдық жұмыстар атқарып, Өзбекстанның шекарасын қорғауда қырағылық танытып жүреді. Барлығы ерікті түрде жұмыс істейді.

«ҚАТАҢ ТӘРТІППЕН» ӨТЕТІН МЕРЕКЕ

Полиция қызметкері «Самаркандский вестник» басылымына шыққан мақаласында «Алдын алу шаралары аясында аулалар мен мекемелерде қырағылықты арттыру мақсатында төрт мыңнан астам кездесу өткізілді» деп жазады.

Самарқан полицейлері. Өзбекстан, 19 шілде 2015 жыл.

Самарқан полицейлері. Өзбекстан, 19 шілде 2015 жыл.

Үлкен науқанның нәтижесі де жаман емес. «20 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, тиісті адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылған, үш мыңнан астам паспорт режимін бұзу фактісі анықталған».

Полиция мен оларға көмектесуші қоғамдық белсенділер мұнымен шектеліп қалмаған. «Рейд барысында қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішпек болған 400 әрекеттің алды алынды. Іздеу салынғандар тізімінде болған 100-ден астам адам қолға түсті, жоғалып кеткен алты адам табылды» деп жазады материал авторы. Өкінішке орай, жергілікті үкімет өкілі «жоғалып кеткен алты адам» туралы толық мағлұмат бермеген, сондықтан олардың кім екені, қайда, қашан жоғалғаны түсініксіз.

Бір айқын нәрсе – Өзбекстанда Тәуелсіздік күнінде қатаң тәртіп орнайды. Дегенмен Самарқан аймағы тұрғындары үшін мерекенің аса көңілді болатын түрі жоқ.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG