Accessibility links

Өзбекстан туралы жазатын БАҚ ақшадан тарығып отыр


Uznews.net сайтының скриншоты.

Uznews.net сайтының скриншоты.

Көптеген кедергілерге қарамастан төрт жыл бойы Өзбекстандағы жаңалықтарды әлемге таратып, қуғын-сүргінге көп ұшыраумен танымал болған санаулы ғана БАҚ жабылып қалудан қауіптенеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) қауіп Freedom House халықаралық ұйымы «газеттер мен интернеттегі ақпараттық порталдарды тұншықтырып отыр» деп бағалаған Өзбекстан үкіметі тарапынан төніп тұрған жоқ. Бұл жолғы себеп – қаржының жоқтығынан.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚАРЖЫСЫ АЗАЙДЫ»

Ташкенттегі harakat.net веб-сайтының редакторы Абдурахмон Ташанов Өзбекстандағы тәуелсіз және оппозициялық ақпарат құралдары халықаралық ұйымдардың келетін қаржылай көмектің азаюынан қиындық тартып отырғанын айтты.

– Соңғы жылдары халықаралық қорлардан қаржылай жәрдем алмағандықтан жекелеген белсенділер мен оқырмандардың көмегіне арқа сүйеп отырмыз, – дейді Ташанов.
harakat.net веб-сайтының редакторы Абдурахмон Ташанов. Өзбекстан, 12 маусым 2012 жыл.

harakat.net веб-сайтының редакторы Абдурахмон Ташанов. Өзбекстан, 12 маусым 2012 жыл.


Шетелдік қорларға қаржылай тәуелділігі – көптеген еркін БАҚ-тың Өзбекстаннан ақпарат тарату ісіне кедергі.

Ташкенттегі танымал Uzmetronom.com сайтын қазір бас редакторы жалғыз өзі ғана шығарады. Қаржылық тапшылықтың кесірінен harakat.net пен Ресейде тіркелген ferghana.ru сайттары порталдары арқылы қаржылай көмек сұраған хабарландырулар таратты. Uznews.net сайты да таяуда жұмысты уақытша тоқтата тұратынын хабарлады.

Өзбекстандағы төрт веб-сайт үкіметтің қолдан жасаған кедергілерін, тіркелмеген БАҚ ретінде жұмыс жасаудың қиыншылықтарын жеңе отырып, елдегі саяси және әлеуметтік жағдайлар жайында жаңалықтар беріп келді. Олар көбіне адам құқықтарының аяққа тапталуы, тұтқындардың нашар жағдайы және үкіметтегі сыбайлас-жемқорлық жайында ақпараттар таратты.
Әндіжан оқиғасынан кейінгі көрініс. 14 мамыр 2005 жыл. (Көрнекі сурет)

Әндіжан оқиғасынан кейінгі көрініс. 14 мамыр 2005 жыл. (Көрнекі сурет)


Өзбекстан үкіметі 2005 жылы мамыр айында болған Әндіжан оқиғасынан соң көп ұзамай тәуелсіз БАҚ-ты қыспаққа алған. Әндіжан оқиғасы кезінде үкімет әскері көтерілісшілерге оқ атып, жүздеген адам қаза тапқан. Көтерілістен соң іле-шала журналистер қудалауға ұшырап, президент Ислам Каримовтың саясатын сынаған БАҚ-тар жабылды.

– Біз Өзбекстанда заңды түрде жұмыс жасап үйренген едік. Бірақ Әндіжан оқиғасынан соң бізге және тағы да басқа бірнеше БАҚ-қа жұмыс істеуге рұқсат бермей қойды, – дейді ferghana.ru сайты авторы Даниил Кислов.
ferghana.ru сайтының авторы Даниил Кислов.

ferghana.ru сайтының авторы Даниил Кислов.


Соған қарамастан ferghana.ru да, басқа сайттар да Өзбекстанда және басқа елдерде оқырмандарын тауып, жұмыстарын жасап жатыр.

– Күн сайын 5 мыңға жуық белсенді оқырман прокси-серверлерді пайдаланып, біздің сайтқа кіреді. Олардың көбі Өзбекстанда тұрады. Одан бөлек Өзбекстандағы оқырмандардан сайттағы ақпараттарға қатысты хаттар келеді, – дейді Даниил Кислов.

«ҚАУІПТІ ЖҰМЫСТЫҢ АҚЫСЫ ДА АРТЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК»

Тәуелсіз сайттар жариялаған ақпараттар мемлекет бақылауындағы, үкімет саясатын мүлде сынамайтын БАҚ-тың жаңалықтарынан бөлек. Биліктің бақылауындағы БАҚ интернет арқылы шетелге ақпарат тарату мәселесінде өте сақ боп бара жатыр.

Өзбекстанда соңғы жылдары ресми телеарналардан бөлек кем дегенде он шақты телеарна ашылған. Олардың кейбіреулері – үкіметтік телеарналар. Өзге телеарналарды «билікпен тығыз байланысы бар» деп айтылатын жекелеген тұлғалар ашқан.
ferghana.ru сайтынан жасалған скриншот. (Көрнекі сурет)

ferghana.ru сайтынан жасалған скриншот. (Көрнекі сурет)


ferghana.ru сайтының авторы Даниил Кислов сияқты тәуелсіз БАҚ басшылары жаңадан ашылған телеарналардың қоғамды объективті ақпаратпен қамтамасыз ете алатынына сеніңкіремейді.

– Біз қауіпті жағдайда жұмыс жасайтын журналистерге көбірек жалақы төлеуге тиіспіз. Себебі олар қауіпті, маңызды әрі жауапты істер атқарады. Олар кейде ақпаратты оңайшылықпен қолға түсіріп, оларды тексере алмайды. Сондықтан да олар артық еңбектенуге мәжбүр. Біз ондай жұмысқа жалақы төлеуіміз керек. Бірақ қаржылық жағдайымыз осылай құлдырай берсе, біз жақсы жалақы төлей алмаймыз, – дейді ол.

Harakat.net сайтының редакторы Ташанов «веб-сайт бұдан былай Өзбекстан аумағында жұмыс жасайтын кәсіби тілшілер жалдай алмайды. Біз бұдан былай ақпарат көздеріне қатысы бар адамдарға ғана арқа сүйеп жұмыс жасауға мәжбүрміз» дейді.

«СЫН БОЛМАСА, БИЛІК САЛМАҒЫН ЖОҒАЛТА БАСТАЙДЫ»

Ал Uzmetronom.com сайтының бас редакторы Сергей Ежков Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұхбатында:

– Қорлардан қаржылай көмек тоқтаған соң жұмыста бір өзім ғана қалдым. Қазір өзім жазамын, өзім хабарлаймын, өзім редакциялаймын, жаңалықтарды да жалғыз өзім жаңартып отырамын, – деді.
Uzmetronom.com сайтының бас редакторы Сергей Ежков.

Uzmetronom.com сайтының бас редакторы Сергей Ежков.


Ежков «объективті ақпараттың» қоғамға да, мемлекетке де пайдалы екенін үкімет адамдарына түсіндіргісі келеді.

– Тәуелсіз БАҚ қоғамда өте маңызды роль атқарады. Себебі сыни көзқарас пен жан-жақты талдау болмаған соң үкімет нақты жағдайды бағамдай алмай қалады. Билік өзінің салмағын да, сапасын да жоғалта бастайды, – дейді ол.

Ол халықаралық ұйымдарды Орталық Азияның халқы ең көп (30 миллион), әрі осы аймақта басты роль атқарып отырған елінен – Өзбекстаннан цензурасыз және жан-жақты ақпараттар алу үшін тәуелсіз БАҚ-ты сақтап қалатын қосымша қаржы бөлуге шақырады.

– Бір амалын жасамасақ, Өзбекстандағы тәуелсіз БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр. Ақшаңыз таусылса, тамақ алып жей алмайсыз ғой. Бұл да сол сияқты. Тәуелсіз БАҚ жойылып бара жатыр дегенді білдіреді, – дейді ол.

Мақала Азат Еуропа/Азаттық радиосы қызметкерлері Фарангиз Наджибулла мен Октамбек Каримовтың материалдары негізінде жазылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG