Accessibility links

Өзбекстанның келесі президенті кім болуы мүмкін?


Өзбекстан премьер-министрі Шавқат Мирзияев.

Өзбекстан премьер-министрі Шавқат Мирзияев.

Өзбекстан үлкен саяси өзгерістің алдында тұр. Тамыздың 29-ы күні Өзбекстан президентінің кенже қызы Лола Каримова Instagram-дағы парақшасында 78 жастағы әкесі Ислам Каримов миына қан кетіп, ауруханаға түскенін хабарлады.

Каримов инсульттен олай-бұлай болып кетсе немесе бұдан әрі президент міндетін атқара алмай қалса не болмақ? 1991 жылы Совет Одағы тарағалы елін үздіксіз басқарған президенттің орнын кім басуы мүмкін? Бұл сұрақтар тек Өзбекстан халқын ғана емес, Орталық Азия жұртшылығын толғандырып тұр.

Өзбекстанның конституциясына сәйкес президент өз өкілетін жүзеге асыра алмаған жағдайда парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы үш ай мемлекет басшысының міндетін атқарады. Бүгінде бұл қызметте көпшілікке онша белгісіз Нигматулла Юлдашев отыр.

«Өзбекстанның келесі президенті кім болуы мүмкін?» дегенде аталатын кандидаттар аз, тізімде - үш-ақ адам.

Көпшіліктің пайымдауынша, 2003 жылдан бері үкіметті басқарып келе жатқан 58 жастағы Шавкат Мирзияев – президенттікке басты кандидат. Каримовтың туған жері – Самарқанмен іргелес Жызақ аймағында дүниеге Мирзияевті өз жерлестерімен қоса Самарқандағы кландар да қолдауы мүмкін. Ислам Каримовтың ауруханаға түскенін растаған ақпаратты Мирзияев басқаратын министрлер кабинеті таратқанын да ескерген жөн.

Билік ауысу процесі кезінде кландар маңызды рөл атқармақ. Елді қатаң тәртіппен басқарған Каримов тұсында бөтен пікір айтуға жол берілмеді, оның үстіне ол Өзбекстандағы кландарды бір-біріне айдап салып, сол арқылы жеңіске жетудің шебері болды.

Кей сарапшылар Мирзияевті агрессияға жақын тұратын ұрда-жық адам деп сипаттайды. 1996-2001 жылдары Жызақ облысының әкімі болған тұста ол аймақтағы ауыр жағдай туралы айтып шағымданған бір фермерді ұрып тастаған деген ақпарат тараған. Мирзияевтің ізбасары, маңайындағыларды ұрып, жазалаушы отряд құрды деп айыпталған Убайдулла Яманкулов кезінде қолы кісенделіп, тікұшақпен әкетілген. Мирзияев пен Яманкулов бір-біріне жақын адамдар болған.

Өзбекстан шенеуніктері Мирзияевті үкіметтің «ақыл-ойы» дегеннен гөрі «жұдырығы» деп есептейді. Бірақ бұл оның президенттікке ұмтылуына кедергі бола қоймайды. Кей сарапшылардың айтуынша, ол қаталдығы үшін көп сыналған Каримовтен де асып түсетін диктаторға айналуы мүмкін.

Өзбекстанда соңғы бес жылда конституция көп өзгертілді. Кей өзгерістер премьер-министрдің құзыретін қағаз жүзінде кеңейтті. Бұл өзгерістер Мирзияевтің келесі президент болу ықтималдығы жоғары екенін аңғартады.

Алайда басшылары Исмаил Журабековтың кесірінен Самарқан кланы 1990-жылдардың соңынан бері Каримовтың кәріне ұшыраған. 1980-жылдары Каримовтың Компартиядағы билік баспалдақтарымен өрлеуіне септігін тигізген Журабеков тәуелсіздік алған соң жоғары лауазымды қызметтерге ие болып, бизнеске де араласқан. Оның ықпалы өте күшті еді, кейін 1999 жылғы ақпандағы Ташкентте болғанжарылысты Журабеков ұйымдастырды деген де дақпырт тараған. Көп ұзамай Журабеков зейнеттік демалысқа шығарылып, ауыл шаруашылығы министрі қызметінен босатылды.

Біраз уақыттан соң үкіметке қайтып оралған Журабеков 2004 жылға дейін түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Дегенмен Каримов пен Самарқан кланының арасындағы байланысқа сызат түсті. Журабековтың үлкен саясаттан кеткеніне де біраз болды, бірақ президент пен Самарқан кланының арасы жақсарды ма, жоқ па - ол жағы түсініксіз.

Президенттің орнын иеленуден басты үміткерлердің бірі – 56 жастағы қаржы министрі Рустам Азимов. Ол - Ташкент облысында туған әрі Ташкент кланының өкілі. Азимов 1998 жылдан бері қаржы саласына қатысы бар лауазымды қызметтер атқарып келеді.

Өзбекстанның қаржы министрі Рустам Азимов.

Өзбекстанның қаржы министрі Рустам Азимов.

Азимов - Мирзияевқа қарағанда күрделі әрі сыртқы әлеммен қарым-қатынаста көбірек тәжірибесі бар адам. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Өзбекстан Ұлттық банкінің сыртқы байланыс бөлімін басқарған ол Еуропадағы қайта құру және даму банкімен (EBRD) келіссөздерге жауап берген.

Ең жоғары лауазымды қызметтен үміті бар үшінші кісі – Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 72 жастағы басшысы Рустам Иноятов. Бұл қызметті 1995 жылдан бері атқарып келе жатқан ол Ташкент кланының өкілі саналады.

Каримовтың денсаулығы сыр берген соңғы жылдары Иноятов саясатқа көп ықпал етті дейді сарапшылар. Президенттің ықпалды кәсіпкер әрі саясаткер қызы Гүлнараны «тұқыртқан» да осы кісі деген болжам бар. Гүлнара Каримоваға қатысы бар телекоммуникациялық компаниялардағы жемқорлық туралы дау-дамай шыққан 2014 жылдан бері президенттің үлкен қызы ел алдына шықпай кетті. Кей деректерге қарағанда ол үйқамақта отыр.

Иноятовтың 70-тен асқанын ескерсек, оның президент бола қоюы екіталай, алайда оған өтпелі тұлға рөлі берілуі де мүмкін.

Иноятов патшаның тасасында жүретін адамға көбірек ұқсайды. Оның соңғы 10 жылда түскен жалғыз ғана фотосуреті бар, онда Иноятов Қытайдың қауіпсіздік саласы басшыларымен кездесіп жатыр. Ол ел назарына түскенді ұнатпайды.

Дегенмен, ешбір үміткер оның көмегінсіз Өзбекстанның келесі президенті болып сайланып, елді еш кедергісіз басқарып кете алмайды.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы Рустам Иноятовтың (сол жақта) 2014 жылы Қытайға сапары кезінде түскен суреті.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы Рустам Иноятовтың (сол жақта) 2014 жылы Қытайға сапары кезінде түскен суреті.

Кей сарапшылардың пікіріне қарағанда, Иноятовтың Мирзияевпен қарым-қатынасы жақсы, сондықтан ол қазіргі үкімет басшысының кандидатурасын қолдайды. Оның үстіне Журабеков биліктен кеткен соң Иноятовтың ықпалы күшейе түскен, әрі Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы ретінде ол Самарқан кланының осал тұстарын тауып, оларды таққа жолатпауы мүмкін.

Екеуі де Ташкент кланының өкілдері болғандықтан, Иноятов Азимовқа қолдау білдірсе, мұнысы қисынға келер еді. Дегенмен кландар арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте қиын. Осыған дейін самарқандық президент Ташкент кланының ықпал етуіне жол беріп, теңгерме саясат жүргізіп келген. Осы «бейбітшілікті» сақтау үшін ғана Азимовтың кандидатурасы өтпей қалуы мүмкін.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG