Accessibility links

Өзбекстанда Қазақстан азаматы 5 жылға сотталды


Сот төрешісінің қолындағы балға. Көрнекі сурет.
Сот төрешісінің қолындағы балға. Көрнекі сурет.
Өзбекстанның Ташкент облысы Кибрай аудандық соты шілденің 23-і күні кешке Қазақстан азаматы Ермек Қосмағамбетовті бес жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі қамау колониясында өтеуге үкім шығарғаны туралы Азаттыққа сейсенбі күні оның құрбысы Ақмарал Шәкірова хабарлады.

Сотқа Ақмарал Шәкіровамен бірге Ермектің әкесі және Қазақстан елшілігінің өкілдері де қатысқан.

- Судья Өзбекстан қылмыстық заңында Ермекке айып тағылған бапта көзделген жазаның ең азын белгіледі, - деген Ақмарал Шәкірова адвокат сот үкіміне келіспей апелляциялық шағым бермекші екенін айтты. «Тамыз айының соңында Өзбекстанда амнистия жарияланып қалуы ықтимал, егер жарияланса оған Ермек те ілініп қалар деп үміттенеміз» деді ол.

Биылғы наурыздың 17-сі күні Өзбекстан кеденшілері «Майский» шекара постында Қазақстан азаматтары Ермек Қосмағамбетов пен Ақмарал Шәкірованы ұстап, Қосмағамбетовтың нетбугынан «діни-экстермистік сипаттағы файлдар табылды» деп хабарлады. Шәкірова абақтыдан босатылып, Өзбекстан билігі 27 жастағы Ермек Қосмағамбетовке «шекарадан діни экстремизмді насихаттайтын бейнематериалдарды алып өтпек болды» деген айыппен Өзбекстан республикасының қылмыстық кодексінің 246-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
XS
SM
MD
LG