Accessibility links

Өзбек әншілерін «гомосексуализмді насихаттады» деп айыптады


Өзбек әншілері түсірген «Куникмадим» клипінің бір кадры.
Өзбек әншілері түсірген «Куникмадим» клипінің бір кадры.

Өзбекстанның белгілі әншілері «біржынысты махабатты насихаттады» деген дауға ілікті.

Өзбекстандағы эстрада әншілері Райхона Ганиева мен Лола Юлдашеваны «Куникмадим» («Көндікпедім») клипін түсірген соң ел ішінде «бұлар бір жыныстылар арасындағы сезімді насихаттап отыр» деген әңгіме тарады. Әлеуметтік желілерде «клиптің бір сәтінде екі әнші қарама-қарсы тұрып өліп-өшкен ғашық жандардай қимыл жасайды» деген пікір жиі айтылып жатыр.

Даудың басы Ташкентте шығатын «Даракчи» газетінде жарық көрген бір мақаладан шықты. «Жалпы музыкалық клиптерге онша қызыға бермейтін едім» деп әңгіме бастаған автор әйгілі әншілердің клипін интернеттен кездейсоқ көріп қолғанын айтады. Әннің мәтіні мен клиптің сюжетіне көңілі толмаған көрермен оның «лесбилерді (әйелдердің бір-біріне жыныстық махаббаты – ред.) ашық насихаттайтынын» айтып, кейіс білдіреді.

«Жігіттерінен көңлі қалған қыздар ақыры бір-біріне ғашық болып тынады. Әннің бар мағынасы – сол» дейді автор. Әннің ішінде «Сені көргенде неге жүрегім өрекпиді?», «Нәзік тәніңді сеземін», «Түсіме кірші», «Сенің махаббаттыңа көндіге алар емеспін» деген мазмұндағы сөздер бар. Осылай ән шырқай келе екі қыз бір-біріне жақындап, қол ұстасады.

Көрермен-автор мәтіндегі қыздарды «ренжіткен» жігіт кейіпкердің мүлде көрінбегеніне қамығыпты. Ол «Қанша жаман ойламайын десең де, қыздардың бұл қимыл-қозғалыстары түрлі ойларға жетелейді» деп жазады. Сөз соңында ол қыздарға шыққан тегін, өзбек халқының менталитетін «естен шығармаңдар» деп кеңес берген.

«САНАНЫ УЛАЙТЫН ӘН»

Танымал газетке мақаласы шыққан автор әнші қыздарға ашық айып тақпағанымен, мақаладан кейін әлеуметтік желілерде басталған қызу пікірталас кезінде әншілерге көп сын айтылды. Пікір білдіргендердің көбі «бұл ән қыз бен қыздың арасында сезімнің болғаны дұрыс деген ойды халық санасына сіңіргісі келеді» деп есептейді. Жазылған сын пікірлер арасында «Мыналар еуропалықтарға еліктегісі келе ме? Бұлар мұсылман емес пе?», «Бұлар неге ашық-шашық киінген?» деген де жазбалар бар. «Максуд Максуд» деген атпен пікір қалдырған кісі «Бұларға сүйісу ғана жетпей тұр! Лесбиандар!» деп реніш білдіреді. Кейбіреулер тіпті «бұл қыздар өмірде де махаббат құрып жүрген шығар» деген долбар айтқан.

Пікір қалдырғандар арасында әртістерді қолдағандар да бар. Кейбіреулер олардың шеберлігін Шакираның және Бейонсенің талантымен салыстырады және музыкада еркіндік болуы керек дейді. «Бұл – керемет өлең», «Оларға еркіндік берсеңдерші, заманға сай болсаңдаршы», «Ерекше клип», «Райхона – керемет. Мен оны ұнатамын» деген де пікірлер бар.

37 жастағы Райхона Ганиеваның ата-анасы – Өзбекстандағы белгілі кісілер. Әкесі – режиссер Наби Ганиев пен шешесі Тамара Шокирова Ташкенттегі Әлем тілдері институтының ағылшын тілі бөлімінде оқып жүріп-ақ «Хаел» деп аталын дуэт құрып, танымал болған. Ал Райхона өзінің алғашқы жеке концертін 2002 жылы Ташкенттегі Науаи атындағы театрда берді. Сол жылы ол «Нихол» байқауында жеңімпаз атанып, «Өзбекстанның ең үздік орындаушысы» атанды. 2007 жылы ол «Кешір» деп аталатын фильмде басты кейіпкердің образын сомдайды. Осы фильмге жазылған ән сол жылдың ең үздік саундтрегі атанады.

Ал 30 жастағы Лола Юлдашева 10 жасынан бері ән айтып келеді. 2002-2005 жылдары ол Өзбекстандағы ең үздік музыкалық марапаттарды жеңіп алған. Орыс тілінде де ән айтатын оның клиптерін МузТВ, ресейлік MTV, RenTV және РТР телеарналары көрсетіп жүр. Бірнеше фильмге түскеннен соң оны жұрт әртіс ретінде де мойындай бастаған. 2005 жылы тұрмыс құрып, сахнадан кеткен ол 2010 өнерге қайтып оралады. Жұрт Лоламен қайта қауышқандарына қуанып жатты.

2015 жылдың наурыз айында Өзбекстанның Әйелдер істері жөніндегі комитеті, “Маънавият ва маърифат” орталығы және мемлекеттік «Узбекнаво» ұйымы Лоланың сахнадағы түр-сипатын сынаған. Содан кейін Өзбекстандағы әнші қыздарға ашық-шашық киім киюге тыйым салынған еді.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің материалдары негізінде әзірленді. Мақаланы орыс тілінен Мұхтар Екей аударды.

XS
SM
MD
LG