Accessibility links

Өзбек премьері "Ресеймен әріптестігі нығая беретінін" айтты

Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев (сол жақ шетте) пен Ресей президенті Владимир Путин (сол жақтан екінші) Ислам Каримовтің суретіне гүл қойып келе жатыр. Оң жақ шетте тұрған - Ислам Каримовтың қызы Лола Каримова-Тилляева мен жесірі Татьяна Каримова. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстанның премьер-министрі Мирзияев Ресей президенті Путинмен кездескен кезінде екі елдің «стратегиялық әріптестігі болғанын, бар екенін, бола да беретінін» мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин қыркүйектің 6-сы күні Өзбекстанның өткен аптада қайтыс болған президенті Ислам Каримовті еске алу үшін Самарқандқа барды.

Ол Шахи-Зинда зиратындағы Ислам Каримовтің моласына барды. Путин Өзбекстан президентінің осы қаладағы резиденциясына да барып, Каримовтің ондағы фотосуретіне гүл қойды. Ресей президенті сол жерде марқұмның жесірі Татьяна Каримова мен кіші қызы Лола Каримова-Тилляеваға көңіл айтты. Каримовтің жақындары мен Путин арасындағы ары қарайғы әңгіме баспасөздің қатысуынсыз өтті.

Солдан оңға: Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев, Ислам Каримовтың қызы Лола Каримова-Тилляева мен жесірі Татьяна Каримова, Ресей президенті Владимир Путин. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Солдан оңға: Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев, Ислам Каримовтың қызы Лола Каримова-Тилляева мен жесірі Татьяна Каримова, Ресей президенті Владимир Путин. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

«НАҒЫЗ ДОС... ЕҢ ЖАҚЫН ДОС»

Ресей президентін Самарқандта ертіп барған Өзбекстан премьері Шавкат Мирзияев Путиннің еліне арнайы келуін ерекше бағалайтынын айтты. Ол "бұл еске алу - елдер арасындағы қарым-қатынастың аса жоғары деңгейін білдіретінін, бүкіл өзбек халқы үшін маңызды екенін" айтты.

Өзбек үкіметінің басшысы Ресей президентіне "республика үшін қайғылы сәтте" қолдау білдіруін "нағыз достың құшағына" теңеді. Мирзияев Өзбекстан Ресеймен арадағы стратегиялық әріптестік қатынасты нығайта беретінін айтып:

- Сіздің бүгінгі келгеніңізге көп рахмет. Бұл әрекет шын ниетіңізді білдіреді, - деді.

Ал Ресей президенті Владимир Путин "бұған дейін қалыптасқан жақын серіктестік қатынас жалғаса беретінін" мәлімдеді.

- Ислам Абдуганиевичпен әсіресе соңғы жылдары өте жылы, сенімді, достық қатынас орнап еді. Сондықтан мен үшін бұл өте ауыр қайғы болып тұр. Ол екі ел арасындағы берік қатынастың негізін қалап кетті. Ислам Каримов жасаған сол жұмыс, сол бағыт жалғаса береді деп үміт артамыз. Біз өз тарапымыздан сенімді әріптестік жолының үзілмеуі үшін, өзбек басшылығы мен өзбек халқын қолдау үшін барлық жағдайды жасаймыз. Ең жақын дос ретінде бізге толық сенулеріңізге болады, - деді Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Ресей президенті Өзбекстандағы одан арғы ресми қаралы жиын шараларына жұмыс кестесінің тығыздығын айтып, қатыспады.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің инсульттен қайтыс болғаны қыркүйектің 2-сі күні хабарланған. Оны қыркүйектің 3-і күні Самарқандағы Хазрет Қызыр мешіті ауласындағы Шахи-Зинда бейітіне ата-анасының жанына жерлеген.

78 жасында дүние салған Каримовтің жерлеуіне 17 елден делегация барған. Ресей делегациясын сол елдің премьері Дмитрий Медведев бастап барған. Ал Владимир Путин Каримовты жерлеу күні алдымен Владивостоктағы форумда, одан соң Қытайдағы «Үлкен жиырмалық» саммитінде болған.

Қазақстаннан Ислам Каримовті жерлеу шарасына үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған ресми тұлғалар қатысқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG