Accessibility links

Өзбекстанда үш айда екі чекист өзіне қол салды


Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі белгісі.

Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі белгісі.

Өзбекстанда ҰҚҚ-ге қарасты материалдық-техникалық жабдықтау басқарма бастығының орынбасары Игорь Приожков жұмыс кабиентінде өзін атып өлтірген.

Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметіне (ҰҚҚ) қарасты басқарма шенеунігінің өз-өзіне қол салғаны жайлы ақпаратты Азаттықтың Өзбек қызметіне өткен аптада белгісіз дереккөз жіберген.

«ПОЛКОВНИККЕ ӨЗ-ӨЗІН АТУҒА КЕҢЕС БЕРГЕН»

Бұл оқиға биыл наурыздың 6-сында шынымен болғанын Азаттыққа Өзбекстан арнайы қызмет органдарына жуық екі дереккөз де растады. Олар тіпті суицид жасаған чекистің аты-жөнін де жариялады.

– Наурыздың 6-сы күні Өзбекстанның ҰҚҚ-сіне қарасты материалдық-техникалық жабдықтау басқармасы бастығының орынбасары Игорь Васильевич Пирожков басына қызметтік тапаншасынан оқ атып, өз-өзін өлтірген. Бұл басқарма ҰҚҚ жүйесіндегі ең ықпалды құрылым болып саналады. Басқарма ел ішінде және одан тысқары жерлерде жүргізілетін арнайы операцияларды қаржыландыру мәселелерімен айналысады. Басқармада бірнеше ай бойы ревизия жүргізілген, – дейді дереккөзі.

Болған жайттан толық хабары бар тағы бір дереккөздің айтуынша, басқармада тексеру жүргізуге қомақты ақшаны жымқыру түрткі болған.

– ҰҚҚ-ның ел ішіндегі шығындарына қатысты мәселелер ғана емес, резидентура шығындары мен кеңсеге қажет жабдықтарды сатып алуды қаржыландыру мәселесі де осы басқарманың құзырында. Көп ақша ұрланған көрінеді. Кейінгі 20 жылда ұдайы ұлғайып келе жатқан бұл құрылымға мемлекет қанша ақша бөліп жатқанын елестетудің өзі қиын. Үш жыл бұрын басқарманың генерал шеніндегі бастығы Убайдуллаевты да ақша жымқырды деп айыптап, соттаған. Бірақ бүкіл дүние-мүлкін тартып алған соң оны босатқан. Жұрт бұл жолы көп ақша ұрланған деп айтып жүр. Бірақ бұл іске Игорь Пирожковтың қатысы болса да, негізгі қылмыскер ол емес. Оған бүкіл кінәні артып қойған сияқты. Менің дерегімше, шені жоғары бір офицер Пирожковқа өз-өзін атып өлуге кеңес берген. Ол кейінгі кезде ішімдікке үйір болып жүрген. Бар кінәні оған артып қойған сияқты, бірақ ол өте сауатты жігіт болатын. Әлі 50-ге де толмаған еді, – дейді Азаттық дереккөзі.

Полковник Пирожковқа өз-өзіне қол салуға кеңес берген деген ақпарат өткен аптада Азаттықтың Өзбек қызметіне жолданған хабарламада да айтылған.

ҮШ АЙДАҒЫ ЕКІНШІ СУИЦИД

Азаттық дереккөзінің айтуынша, бұл – соңғы үш айда Өзбекстан ҰҚҚ-нің жұмыс орнында өз-өзіне қол салған екінші қызметкері. Ол былтыр желтоқсанда экономикалық қылмыспен күрес басқармасы қызметкері басына оқ атып, өз-өзін өлтіргенін айтады.

– Бұл – кейінгі үш айда ҰҚҚ-де өз-өзіне оқ атқан екінші адам. Былтыр желтоқсанда таңғы сағат 6-да ҰҚҚ-нің экономикалық қылмыстарды тергеу басқармасы офицері кабинетінде өз-өзін атқан болатын. Оқ оның басының жартысын жұлып әкеткен. Ал терезеден ұшып кеткен гильзаны даладан тауып алған. Ол істі құпияландырып тастаған, – дейді Азаттық дереккөзі.

Өзбекстан ҰҚК қызметкерлері. Ташкент, 25 маусым 2015 жыл.

Өзбекстан ҰҚК қызметкерлері. Ташкент, 25 маусым 2015 жыл.

Қауіпсіздік қызметі органдары жүйесінде үлкен шуға ұласқан тергеу амалдары нәтижесінде ондаған офицер сотталған болатын. Мысалы, ҰҚҚ төрағасының бірінші орынбасары, генерал Хаёт Шарифходжаев қызметінен шеттетіліп, оның інісі – полковник Джавдат Шарифходжаев 15 жылға сотталған.

15 наурызда Uzmetronom интернет басылымы кадрлық ауыс-түйіс пен тазарту шаралары ҰҚК құрылымдарында да жүріп жатыр деп хабарлаған. Оның дерегінше, жуырда Ташкент ҰҚҚ-сіне қарасты басқарма бастығы қызметінен кетіп, Ташкент облыстық басқарма бастығын тұтқындаған, Шыршық қалалық ҰҚҚ басқарма бастығының соты аяқталуға таяу. Кей деректерге қарағанда, оған «отанын сатты» деген айып тағылып, прокурор оны 18 жылға соттауды сұраған. Бір жыл бұрын Қашқадария облыстық ҰҚҚ басқармасының бұрынғы бастығы 15 жылға сотталған. Кейінгі екі жыл ішінде жүйенің қазіргі және бұрынғы қызметкерлері түрлі мерзімдерге сотталды. Uzmetronom басылымы «Ал сотталғысы келмейтіндер табельдік қаруына жүгінеді...» деп жазады.

ОФИЦЕРЛЕР АЖАЛДЫ ТАҢДАЙДЫ

Кейінгі жылдары Өзбекстанда күштік орган қызметкерлері арасында өз-өзіне қол салу оқиғалары жиілеп барады.

Былтыр желтоқсанда Азаттықтың Өзбек қызметі Әндіжан облысы Балықшы аудандық ішкі істер бөліміне қарасты күзет қызметінің 28 жастағы қызметкері Диёрбек Давлатов жұмыс орнында асылған күйі табылды деп хабарлаған.

Өзбекстанның ҰҚҚ қызметкері. Ташкент, 25 маусым 2015 жыл.

Өзбекстанның ҰҚҚ қызметкері. Ташкент, 25 маусым 2015 жыл.

2015 жылдың қарашасында милицияның үш қызметкері өз-өзіне қол салған. 20 қарашада Янгиюль аудандық ішкі істер бөліміне қарасты «Гүлбахор» қоғамдық тәртіпті қадағалау бөлімі бастығының орынбасары Шарофиддин Темиров жұмыс орнында қызметтік қаруымен өз-өзін атып, қаза тапқан.

Былтыр 28 қарашада Самарқан облысы Нұрабад аудандық ішкі істер бөліміне қарасты заң бұзушылықпен күрес бөлімі бастығының 30 жастағы орынбасары Айбек Мамарахимов пен оның әріптесі өз-өзіне қол салған.

2015 жылдың сәуірінде ҰҚҚ-дегі тергеуден кейін Сырдария облыстық ішкі істер департаментінің жеке құраммен жұмыс жүргізу қызметі бастығы, подполковник Бахтияр Атаев үйінде асылып қалған.

XS
SM
MD
LG