Accessibility links

Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан шықты


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекет басшыларының бейресми кездесуі. Астана, 12 тамыз 2011 жыл.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекет басшыларының бейресми кездесуі. Астана, 12 тамыз 2011 жыл.

Өзбекстан билігі осымен екінші рет Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) шыққаны туралы мәлімдеді.

Өзбекстаннан ҰҚШҰ құрамынан шығатыны туралы ескертпе алғанын ұйым өкілі Владимир Зейнетдинов хабарлады. Азаттық радиосының Өзбек қызметінің хабарлауынша, ресми Ташкент шешімін төрт күн бұрын хабарлаған.

"ҰЙЫМ ӨЗБЕКСТАН ҰСТАНЫМЫН ЕСКЕРМЕЙДІ"

Ташкент ресми мәлімдемесінде бұл ұйымның "Өзбекстан ұстынымын ескермей, шетке қағатынын" айтқан.

Өзбекстан билігі бұған дейін де - 1999 жылы ҰҚШҰ құрамынан шығып кеткен еді. Бірақ 2005 жылы мамырда Әндіжанда болған оқиғалардан кейін режимге жан-жақтан сын айтыла бастаған кезде, 2006 жылы ұйымға қайтадан мүше болды.
Ресей президенті Владимир Путин (бер жақта) мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ар жақта). Ташкент, 16 маусым 2004 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (бер жақта) мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ар жақта). Ташкент, 16 маусым 2004 жыл.


Ұйымның міндеті - мүше мемлекеттердің территориясы мен экономикалық кеңістігін кез келген сыртқы әскери-саяси агрессордан, халықаралық террористерден біріккен әскермен қорғау. Негізгі қағидасының бірі - мүше елдерге қандай да бір сыртқы жау шабуыл жасаса, ұйымға мүше елдер агрессорға соғыс жариялайды.

2011 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өткен ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйым елдері енді өз аумағына басқа мемлекеттердің әскери базаларын ұйымның рұқсатымен ғана кіргізуге келіскенін мәлімдеді.

Қазақстан президенті "Енді өз аумағына өзге елдің әскери базасын орналастыру үшін ұйымға мүше мемлекет өзге барлық мүше елдің ресми келісімін алуы керек болады" деген еді сол жолы.

"ҰҚШҰ СТРАТЕГИЯСЫНА КӨҢІЛІМІЗ ТОЛМАЙДЫ"

"Қазақстан жаңалықтары" агенттігі Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің өкілінің (аты-жөні көрсетілмеген - ред.) "Ұйымның Ауғанстанға қатысты стратегиясы біздің көңілімізден шықпайды. Өзбекстан бұл елмен екі жақты қарым-қатынасты жоғары қояды. Оған қоса Ташкентке ұйым елдерінің әскери ынтымақтастықты күшейтуі ұнамайды. Бұдан өзге де себептер бар" деген сөзін мысалға келтірген.

Агенттік Ресей саяси зерттеулер орталығының Орталық Азия бойынша маманы Вадим Козюлиннің "Өзбекстанның АҚШ-пен бір келісімдері бар. Өзбекстанда АҚШ-тың әскери базасы қайта ашылатын сияқты" деген пікірін берген.
ҰҚШҰ бейресми саммиті.

ҰҚШҰ бейресми саммиті.


Өзбекстан Қытай мен Ресей қатысатын әскери шаралардан көбіне қашқақтап келеді. 2012 жылы наурыз айында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің кезекті бірлескен әскери жаттығуына Өзбекстан қатысқан жоқ. Ташкент бұдан бұрын Қазақстанда өткен әскери жаттығуларға да өкілдерін жібермеді.

2012 жылы маусым айында Тәжікстанның Соғды облысында өткен ШЫҰ-ның «Бейбіт миссия – 2012» әскери жаттығуына да Өзбекстан қатыспады, Тәжікстанда өткен жаттығуға бара жатқан Қазақстанның әскері мен техникасын өз жерінен өткізбей қойды. Қазақстанның әскери техникасы мен арнайы құрамы Тәжікстандағы жаттығуға Қырғызстан территориясы арқылы жетті.

ҚАЗАҚСТАННАН ЖАСАЛҒАН МӘЛІМДЕМЕЛЕР

"Новости-Казахстан" агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Абибуллаев "ҰҚШҰ құрамынан Өзбекстанның шығу мәселесі ұйымның жарғысы бойынша қаралатынын" мәлімдеді.

Ол ҰҚШҰ құрамынан шығатыны туралы нотаны Өзбекстан ұйымның хатшылығына жолдағанын, ұйым құрамынан шығу мәселесі "сабырлы, табиғи, қалыпты жолмен қаралатынын" айтты.

ҰҚШҰ жарғысы бойынша бұл ұйымнан шығу мәселесін мүше мемлекеттер дербес шешеді.

"Интерфакс-Казахстан" агенттігі Қазақстан парламенті сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғани Қасымовтың "Меніңше Өзбекстан тарабы НАТО және АҚШ-пен ынтымақтастық орнату жағын қарастырып жатыр" деген мәлімдемесін таратты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG