Accessibility links

Өзбек ата-аналары мектепке отын таси бастады


Қыстың суық күні көшеден тезек теріп жүрген тұрғын. Хорезм, желтоқсан 2008 жыл (көрнекі сурет)
Қыстың суық күні көшеден тезек теріп жүрген тұрғын. Хорезм, желтоқсан 2008 жыл (көрнекі сурет)

«Балаңыз тоңып қалмауы үшін мектепке отын жіберіңіз!». Қыста газ бен көмірсіз қалған өзбек мектептерінің директорлары ата-аналарға осындай міндет жүктеп отыр.


Жизақ облысы Достық ауданындағы 17-мектептің әкімшілігі қатты аяз қысқан күндері балаларды ауыртып алмау үшін ата-аналарға отын әкелуді міндеттеді.

Осы мектепте қызын оқытатын ата-аналардың бірі Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұқбатында «Әр күні тізім бойынша бір оқушының ата-анасы мектепке отын алып баруы тиіс» дейді.

- Қатты аяз басталғалы бері біз тұрып жатқан аудандағы мектепте журналдағы фамилия бойынша балалардың ата-анасына осындай міндет жүктеліп отыр. Отынды ата-аналар әкелуі тиіс. Бүгін біздің кезегіміз еді. Мектепке отын тасыдым.

«Пешті де өзіміз жасап берген едік. Ата-аналар ақша жинап, бәрін өзіміз орнатып бергенбіз»
Отынды көбірек алып барсаңыз, сабақ 4-5 сағатқа созылады. Қызым бастауыш сыныпта оқиды. Пешті де өзіміз жасап берген едік. Ата-аналар ақша жинап, бәрін өзіміз орнатып бергенбіз, - дейді атын айтпауды өтінген мектеп оқушысының әкесі.

Оның айтуынша, бұл аудандағы мектептердің басым бөлігінде осындай жағдай қалыптасқан. Газ болмағандықтан ауыл мектептері кәдімгі пеш жағып отыр.

Мектептерді жылыту міндеті тек Жизақ облысындағы ата-аналарға ғана емес, сонымен қатар басқа аймақтардағы оқушылардың әке-шешелеріне жүктелген екен. Қоқан, Марғұлан және тағы басқа қала тұрғындары мектепке отын тасып жүргендерін хабарлады.

Азаттық тілшісі жергілікті халыққа білім беру бөліміне телефон соққанымен, бұл ахуалға байланысты ресми өкілдердің пікірін ала алмады.
XS
SM
MD
LG