Accessibility links

Өзбек полициясы азаматтарға өш


Ташкент көшесінде тұрған өзбек полицейлері мен олардың жанынан өтіп бара жатқан азамат. Өзбекстан, 29 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ташкент көшесінде тұрған өзбек полицейлері мен олардың жанынан өтіп бара жатқан азамат. Өзбекстан, 29 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Мұнда қарулы адамдар көлікті аяқастынан тоқтатып, тінту жүргізеді. Маска кигендер адамды көлікке салып алып кетеді де, артынан мәйітін жібереді. Өзбекстанда полиция терроры күшейіп тұр.

Өзбекстанда құқық қорғау органдары өкілдерінің ұсталған, тұтқындалған адамдарды қатігез түрде азаптайтыны бұрыннан белгілі еді. Бірақ кейінгі кездері полиция қатігездігі тіпті күшейе түскен. Бірақ оның себебі түсініксіз.

Мұнда тіпті тұтқындарды қайнап жатқан суға салады деген де ақпараттар бар (Осыған дейін бір адамның тірідей суға қайнатылғаны туралы ақпарат тараған. Дегенмен өзбек түрмелеріндегі жазасын өтеушілер апталап-айлап, тіпті жылдар бойы азап тартып, зорлық көреді деген пікір қалыптасқан).

Азаттықтың Өзбек қызметі құқық қорғау мекемелерінің қылмыстық әрекеттерін жіті бақылап келеді.

КӘСІПКЕРДІ АЗАПТАУ

Наурыздың 9-ы күні Азаттықтың Өзбек қызметі белгісіз біреудің Ферғана аймағына қарасты Бешарық ауданында тұратын кәсіпкерді өлтіріп, мәйітті айдалаға апарып басын кесіп, пакетке салып, өзенге ағызып жібергенін хабарлады. Қылмыскер кәсіпкердің денесін өртеп, бос жатқан зиратқа көміп тастайды.

Нақтыланбаған мәлімет бойынша, ол кәсіпкерді полиция лейтенанты тұтқынға алып, полицей көлігінде белгісіз себеппен атып өлтіреді, содан соң мәйітті жасыру үшін далаға барады. Оқиға болған жерден кетіп бара жатқан полиция лейтенантын сол маңдағы бір дихан байқап қалған. Полицей әлгі кісіге «өлген қойды көміп келе жатырмын» деген. Артынан ол қаладан қой сатып әкеліп, мәйітті моладан қайта қазып алып, орнына өлген қойды көмеді де, марқұмның денесін өзенге ағызып жібереді. Күдікті полицей наурыздың 6-сы күні тұтқындалған.

Өзбек полициясы әкетіп бара жатқан адам. (Көрнекі сурет)

Өзбек полициясы әкетіп бара жатқан адам. (Көрнекі сурет)

Бұхаралық ағайынды кәсіпкерлер Ильхом мен Рахим Ибодовтар оқиғасы да жан түршіктіреді. Автокөлік сатумен айналысатын 48 және 44 жастағы кәсіпкерлерді Ұлттық қауіпсіздік қызметі 2015 жылдың тамыз айында заңсыз қаржылық операция жасады деген күдікпен қамауға алады.

Олардың аналары Хурсанд Ражабованың айтуынша, наурыз айының басында оған баласы Ильхомның «жүрек талмасынан қайтыс болғанын» естіртеді. Оның қолындағы фотосуреттерде өлер алдында баласының соққы алғаны анық байқалады. Ал үлкен баласы Рахим сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.

Ағайындылардың қарындасы Дилфуза Ибодованың айтуынша, түрме әкімшілігі оларды бір камераға қамап, біреуінің көзінше екіншісін сабаған.

Азаттық бұхаралық және бір кәсіпкер Шароф Насибовтың қазасына қатысты да бұған дейін ақпарат берген еді. 2015 жылдың желтоқсан айында «салық төлеуден жалтарды» деген айып тағылған оны бауырымен бірге тұтқындаған. Қаңтар айында 34 жастағы Шарофтың мәйіті туыстарына жіберіледі. Жақындарының сөзіне қарағанда, марқұмды өлер алдында азаптаған, тіпті тырнақтарын жұлып алып тастаған.

«ХИЗБ УТ-ТАХРИР» МҮШЕЛЕРІНІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

Ақпан айында 42 жастағы Әндіжан тұрғыны Махмуджон Хасановтың мәйіті туыстарына жіберіледі. Оның неден қайтыс болғаны туралы ешқандай түсінік берілмеген. Қауіпсіздік қызметі агенттерінің жіті бақылауымен жеделдетіп марқұмның жаназасы шығарылады. Хасанов тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» тобы мүшесі болғаны үшін тоғыз жылға сотталып, атышулы Науаи түрмесінде жазасын өтеп жатқан еді.

Ақпанның 16-сы күні Ферғана аймағы Алтыарық ауданында қара маска, қара киім киген қарулы кісілер рейд жүргізген. Сағат 6-ларда жамағат таң намазын оқып жатқанда Тынычлык ауылына келген олар бірнеше сағат ішінде 25-34 жас аралығындағы 11 жігітті үйлерінен бастарына қап кигізіп алып кетеді. Тұтқындаушылар қауіпсіздік қызметінің өкілдері ме, әлде полицейлер ме - ол жағы беймәлім. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тұтқындалғандарға «тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» тобына мүше болды» деген айып тағылған.

Ауғанстанмен шекарадағы Термез қаласында полиция Damas көлігіне ерекше назар аударды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, полицейлер Термез қаласында және одан тысқары аймақтарда қоғамдық көлік ретінде пайдаланылатын Damas микроавтобустарын тоқтатып, тінту жүргізген.

Термез көшесінде отырған тұрғындар. (Көрнекі сурет)

Термез көшесінде отырған тұрғындар. (Көрнекі сурет)

«Тексеріс себептерін ешкім түсіндірмеді» дейді жергілікті тұғындар. Нақты ақпарат жоқ болғандықтан, ел ішінде түрлі дақпырт көбейген. Термез қаласы және маңайы тұрғындарының айтуынша, «террормен күрес операциясын жүргізген» полицейлер көліктерден бомба іздеп, біраз адамды тұтқындаған.

Ал жергілікті құқық қорғау мекемесі қызметкері Азаттыққа берген сұхбатында бұл жорамалды жоққа шығарды. Оның айтуынша, полиция бір кісіні қағып, оқиға орнынан кетіп қалған Damas микроавтобусы жүргізушісін іздеген.

КАРИМОВТЫҢ СЫНЫ

Наурыздың 2-сі күні Азаттықтың электрондық почтасына Самарқандағы полиция қызметкерлерінің әйел адамды көліктің жүк салғышына күштеп салмақ болып жатқан видеосы келді. Видеоның ұзақтығы 14 секунд. Оқиғаны ұялы телефонына жазып тұрған адам полицейлер көзіне түсіп қалам деп қорықса керек. Видео авторының айтуынша, тәртіп сақшылары баласын көтеріп, көшеде қайыр сұрап жүрген әйелдің қолынан сәбиін тартып алған әрі бұған ашуланған әйелді алып кетпек болған.

Өзбекстандағы әділет жүйесі туралы сын көп айтылады. Мұнда полиция тарапынан әлімжеттік, заң нормаларын бұзу, айыбын дәлелдеместен соттау, айыбын күштеп «мойындатқызу», жалған куәлік беру, өтірік айып тағу сияқты қылмыстар көп жасалады. Кей кездері мұндай өрескел әрекеттер тым жиілеп кетеді.

Құқық қорғау саласындағы қатыгездіктің одан бетер күшейген кезеңі былтырғы желтоқсандағы президент Ислам Каримовтың полиция туралы сын пікірінен соң басталды.

Конституция күні сөйлеген мемлекет басшысы «Біздің халық әділетсіздіктен басқа кез келген қиындыққа төзеді. Құқық қорғау органдары және олардың үстінен қарайтын мекемелер қызметкерлерінің заңға бағынбау, оны өрескел бұзу, заң нормалары мен әділдік принциптерін бұзу әрекеттерін жиі байқаймыз, бұл заңсыздыққа жол ашып отыр» деген еді.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG