Accessibility links

Өзбек президенті қызының шоуы мейрамханада өтті


Гүлнара Каримованың шоуына наразылық. Нью-Йорк, 15 қыркүйек 2011 жыл.

Гүлнара Каримованың шоуына наразылық. Нью-Йорк, 15 қыркүйек 2011 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова Нью-Йорктегі сән апталығында көрсете алмаған киім үлгілерін Cipriani мейрамханасында таныстырды. Ал мейрамхананың сыртында бір топ адам Өзбекстанда бала еңбегінің қаналуына наразылық танытып тұрды.


Бейсенбі күні Нью-Йорктегі Cipriani мейрамханасының жанында жиналған наразылық танытушылар «Гүлнара, өтінішімізді орындаңыз! Бала еңбегін қанауды тоқтатыңыз!» деген ұрандар айтты.

БАЛА ЕҢБЕГІН ҚАНАУ

Өзбекстанда балалардың мәжбүрлі түрде мақта жинауға қатыстырылуына наразылық танытқан осы жиырма шақты адам Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримованың сән үлгілерін көрсетуге келісім берген мейрамханаға да наразылық білдірді.

Нью-Йорктегі наразылық шарасын ұйымдастыруға көмектескен Халықаралық еңбекшілер құқықтары форумы науқанының директоры
Гүлнара Каримованың шоуына наразы топ. Нью-Йорк, 15 қыркүйек 2011 жыл.

Тимоти Ньюманның мәліметінше, Өзбекстанның мақта алқаптарында мәжбүрлі түрде екі миллионға жуық бала мардымсыз ақыға бола жұмыс істейді.

Нью-Йорктегі наразылық шарасына қатысу үшін АҚШ-тың Аризона штатынан келген Юсуф Сабиров сегіз жасынан бастап Өзбекстандағы мақта алқаптарында жұмыс істегенін айтады.

– Қазір Өзбекстанда тұрып жатқан екі балам да осындай кезден бастап мақта теруге кіріскен. Қызым қазір колледжде оқиды. Ол түске дейін оқуда болады ал түстен кейін мақта теруі тиіс. Егер ол мақта термесе, онда колледжден қуылады, – дейді Сабиров.

Ресми түрде Mercedes Benz Fashion Week деп аталатын Нью-Йорктегі сән апталығын ұйымдастырушы IMG компаниясы Өзбекстандағы адам құқықтары жағдайына байланысты алаңдаушылық айтылған соң қыркүйектің 15-іне жоспарланған Гүлнара Каримованың сән үлгілерін көрсетпеу туралы шешім шығарғанын хабарлаған еді.

Халықаралық еңбекшілер құқықтары форумы сән апталығы өтетін Линкольн орталығындағы шоуға наразылық танытатынын айтқан болатын. IMG компаниясы «Өзбекстандағы адам құқықтарының тапталуына байланысты өзінің қатты шошып отырғанын» мәлімдеген.

ӨЗ ШОУЫНДА ӨЗІ ЖОҚ КАРИМОВА

Cipriani мейрамханасында өткен Каримованың шоуында 200-ге жуық қонақ болған. Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі оған кіргізілмеді. Шоуды тамашалаған фотографтың айтуынша, Гүлнара Каримованың өзі болмаған екен.

Лос-Анджелес тұрғыны Бетани Рипортелла Нью-Йоркке тек шоуды тамашалау үшін ғана келгенін айтады.

– Нью-Йорктегі досым қалада мықты сән көрсетілімі болады деген соң осында келдім. Досым «маған шоу басынан аяғынан дейін киімдердің
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова. Канн, 17 мамыр 2010 жыл.

дизайнын көрсететін, матасы тамаша, керемет сән көрсетілімі болады» деген, – дейді Рипортелла.

Tesco, Gap, Marks&Spencer, Wall-Mart сияқты батыс компаниялары өзбек мақтасынан жасалған киім-кешектер мен бұйымдарға бойкот жариялаған болатын. 2008 жылдың қыркүйек айында Өзбекстан үкіметі мақта алқаптарында бала еңбегін пайдалануға тыйым салған еді. Бірақ, белсенділердің айтуынша, ол ешқашан тоқтамаған.

Cipriani мейрамханасының өкілдері Гүлнара Каримованың шоуын көрсету туралы шешімге байланысты пікір білдіруден бас тартты. Сонымен қатар IMG компаниясымен де тілдесу мүмкін болмады.

– Ол не істеп жатқанын ойлануы тиіс еді. Сән көрсетуі жақсы емес. «Өзбекстанда бәрі тамаша» деп көрсетуі де жақсы нәрсе емес. Өзбекстандағы жағдай нашар. Адам құқықтары жағдайы күннен күнге нашарлап барады, – дейді Сабиров.

«ТИРАНДЫҚ ҮКІМЕТ» БАСШЫСЫ МЕН «ДИКТАТОРДЫҢ ҚЫЗДАРЫ»

Авторитарлық президент Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарып келеді. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Ислам Каримовты елдегі нашар адам құқықтары жағдайына байланысты жиі сынайды. Олардың айтуынша, Каримов елде демократияның дамуына кедергі жасайды.

Адам құқықтарын қорғаушы Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Вероника Сценте Голдстонның
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде. Астана, 15 маусым 2011 жыл.

айтуынша, Өзбекстан үкіметі өзгеше ойлайтындарды ұнатпайды.

– Президент Каримов әлемдегі ең тирандық үкіметті басқарады, сондықтан елдегі нашар адам құқықтары жағдайына сол жауапты, – дейді Голдстон.

Оның мәлімдеуінше, елдегі адам құқықтарының бұзылуына Ислам Каримовтың үлкен қызы, Өзбекстанның Испаниядағы елшісі әрі БҰҰ-дағы (Женева) тұрақты өкілі Гүлнара Каримованың да қатысы бар.

Ал Ислам Каримовтың кіші қызы Лола Каримова осыдан екі ай бұрын өзін «диктатордың қызы» деп атағаны үшін француздық Rue89 басылымының журналисі Августин Скальберттің үстінен шағым түсірген еді. Шағымды қараған француз соты журналистің Лола Каримованы «диктатордың қызы» деп атағаны «әділ және дұрыс, әрі ол жеке басқа ешқандай тиісу болып табылмайды» деген шешім шығарды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG