Accessibility links

Каримов пен қызының араздығы жария болды


Гүлнара Каримованың Instagram желісіндегі фотосы.

Гүлнара Каримованың Instagram желісіндегі фотосы.

Өзбекстанды билеп отырған әкесімен жанжалдасып, Twitter-де «соғыс» бастаған Гүлнара Каримоваға қатысты жағдай әлемдегі репрессияшыл биліктердің бірінің бет-бейнесін ашып бере алды ма?

Шығыс жыл санауы бойынша биыл – жылан жылы. Егер журналистердің өз жыл атаулары болатын болса, онда биылғы жылды Гүлнара Каримованың жылы деп атауға болар еді.

«ГҮЛНАРА ЖЫЛЫ»

Twitter-дегі әкесіне қарсы сойқанды, Жерар Депардьемен дуэтке бірігіуін және басқа да шектен асқан әрекеттерін еске алсақ, биыл Гүлнара Каримова басылымдардың ең көп жазатын кейіпкеріне айналды. Бұл жайт Гүлнараның әкесі – Ислам Каримов басқаратын елдегі адам құқықтарының жайын кеңірек талқылауға мүмкіндік береді.

Бұрындары Гүлнара Каримова туралы қандай ақпарат шықса да, оны қоғам қабылдайтын, себебі ол 2015 жылғы сайлауда әкесінің орнын алмастыратын мұрагер ретінде қарастырылып келді.

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова.

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова.

Енді оның басынан бақ тайған тұста ойландыратын сұрақ мынау: «Гүлнара жылы» саяси өмірде ізін қалдырды ма, әлде ол тек өсекшіл газеттердің кейіпкері болып қалды ма?

Human Rights Watch ұйымының Еуропалық баспасөз бөлімінің директоры Эндрю Стройлейннің айтуынша, Гүлнара Каримованың Twitter әлеуметтік желісіндегі соғысы елдің түрмедегі азаптау, еңбекке күштеп жегу және заңсыз тұтқындау сияқты мәселелердегі көрсеткіштерін бағалауға мүмкіндік берді.

«ЖАБЫҚ ЕЛДІ СЫРТҚА ТАНЫСТЫРУ»

Оның сөзіне сенсек, Каримованың әйгілі болғанының арқасында ғаламдық ақпарат құралдарында сирек аталатын Өзбекстан сияқты жабық елді былайғы жұртқа таныстырудың мүмкіндігі туды. Ал бұл оқиғаның адам құқықтарының жағдайын жақсартуға қандай пайдасы тиді? Пайдасы онша көп емес.

«Оның Twitter парақшасында жұртпен сөйлесіп, белсенділермен пікір таластыру сияқты ерекше әрекеттерге баруы қаншалық пайдалы болды? Бұл күрделі мәселелерге назар аудартуға мүмкіндік берді ме? Бәлкім аздап мүмкіндік берген болар. Бірақ, іс жүзінде бұлардың ешқайсысы Өзбекстандағы жағдайды өзгертуге әсер ете алған жоқ. Адам құқықтарын бұзу бойынша Өзбекстан алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан, өкінішке қарай, бұл шағын ғана интермедия болды десек жөн болар» деді сарапшы.

Гүлнара Каримова. Instagram желісіндегі сурет.

Гүлнара Каримова. Instagram желісіндегі сурет.

Каримованың айналысатын шаруасы көп болғаны сондай, қайсысы оның «еріккендегі ермегі» екенін, ал қайсысы саяси амбициясынан туындағанын аңғару қиын. Ол өзінің «мәдени» қырына – поп-музыка, сәнді киім дизайны және йога салаларындағы әрекеттеріне көбірек назар аудартуға тырысты. Ол, сондай-ақ, өзара бақталас активтерді бір қолға қисапсыз жинау, шетелдік инвесторлармен жемқорлық келісім-шарттар жасасу бойынша да әйгілі болды.

Құжаттардан аян болған ақпараттарға сенсек, Каримова Швеция, Швейцария және Франциядан келген ақшаның ізін жасырумен айналысқан, Швецияның телекоммуникация саласындағы ірі компаниясы - TeliaSonera-ның өзбек нарығына енуіне рұқсат беру үшін пара алған деседі. TeliaSonera-ның Өзбекстандағы филиалы UCell оның жануарларға қатысты жобалары мен жыл сайын өткізілетін style.uz фестиваліне демеуші болып келеді.

КАРИМОВАНЫҢ ЖЕНЕВАДА КЕҢСЕСІ МЕН ВИЛЛАСЫ

Сонымен бірге Гүлнара Каримова халықаралық деңгейде өзін заңды саяси қайраткер ретінде мойындата білді. Президенттік тақтан дәмесі туралы әңгімелер қозғалмастан бұрын-ақ ол Өзбекстанның БҰҰ-дағы елшісі ретінде Женевада қызмет еткен.

Өзі жас, өзі сәнқой, шетелді көп аралайтын Гүлнара Каримова 2005 жылғы Әндіжан қырғыны сияқты қатыгездіктер мен балалар мен студенттерді жыл сайынғы мақта теру науқанына күштеп жегу сияқты заңсыздықтарды реттеуге қабілетті кісі сияқты көрінеді. Дәл осы бала еңбегін пайдалану фактілерінің кесірінен 2012 жылы Нью-Йоркте өткен сән аптасында оның жасаған киім үлгілеріне бойкот жарияланған.

Өзбекстандағы адам құқықтары үшін күресіп жүрген, бірнеше жылын түрмеде өткізіп, соңынан Францияға қашып кеткен белсенді Мутабар Таджибаева Гүлнара Каримованың Женевадағы кеңсесін таба алмағанын, қаланың түбіндегі бағасы 20 миллион доллар тұратын сән-салтанатты вилласына жақындағанда полицияның тергеуіне ұшыраған айтады.

«Ойына не келсе соны істей алатын сұлтанның қызы – ханшайым туралы ертегі бар. [Гүлнара] дәл сондай әйел. Ол Өзбекстанның БҰҰ-дағы елшісіне, бірнеше дипломы бар ғылым докторына ұқсамайды. Ол өзінікі дұрыс болсын, болмасын, әркімге бір шап беріп, айқай салып ұрысатын көшедегі шайпау әйелге ұқсайды» дейді ол.

Гүлнара Каримова (сол жақта) мен оның сіңілісі Лола Каримова-Тилляева (оң жақта).

Гүлнара Каримова (сол жақта) мен оның сіңілісі Лола Каримова-Тилляева (оң жақта).

Каримованың отбасы мұнымен келісетін шығар. Өткен айда Каримов отбасының барлық құпиясы жұртқа жария болды. Гүлнара сіңлісі Лола Каримова-Тиллаеваны сиқырмен айналысып, анамыз Татьянаның басын дуалап алды деп айыптады. Кейбір жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Татьяна Каримова қыздарының жемқорлық әрекеттері мен қылмысқа қатыстылығы туралы ақпаратты күйеуіне жеткізу арқылы Гүлнараға қарсы шабуылдың басталуына түрткі болған-мыс.

Содан бері Каримова өзінің оққағарынан айырылды, оның маңайындағы адамдар тұтқындалды, ал оған тиесілі теле- және радиоарналар жұмысын тоқтатты. Оған қарасты бірнеше мекемеде, соның ішінде аса ықпалды Fund Forum ұйымында тексерулер басталды және аз дегенде бір компанияның – TerraGroup медихолдингінің банктегі есеп-шоты тұтқындалды.

Каримованың ел ішіндегі активтеріне шабуылдың тым тез және қарқынды басталуының өзі бұған президенттің тікелей пәрмен беріп отырғанын аңғартады. Әке мен қыз арасындағы кикілжіңнің ушыққаны сондай, Twitter-ді қару етіп алған Каримова әкесін Сталинге, ал өзін оның ауыр тағдырлы баласына теңеді.

ТАҚТАН ҮМІТКЕРЛЕР

Лондон университетіндегі Шығыс және Африка мәселелері мектебінің зерттеушісі, Өзбекстанның тумасы Әлішер Ильхамовтың айтуынша, Каримова қанша көпірді қиратқанымен, бұрынғы биігіне қайта көтерілу үшін жалғыз көпірді – әкесімен арадағы байланысты – қалпына келтірсе жеткілікті.

«Оның белгілі бір деңгейде амбициясы бар болар. Сондай-ақ ол қазіргі барлық проблемаларды шешіп, әкесімен қарым-қатынасын жақсартқысы келетін шығар. Себебі, ол саяси және, бәлкім физикалық тұрғыдан аман қалудың бірден-бір жолы елдегі саяси позициясын қайта қалпына келтіру деп санайды. Бұл, әсіресе Каримовтан кейінгі кезеңде маңызды болады, себебі, болашақта оның қаражат көзі қайдан болатыны беймәлім» дейді Ильхамов.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов әйелі Татьяна Каримовамен (оң жақта).

Өзбекстан президенті Ислам Каримов әйелі Татьяна Каримовамен (оң жақта).

Каримованың «тақтан шеттетілуі» туралы ақпарат Өзбекстандағы «тақ мұрагері» драмасын қайтадан күрделілендіріп жіберді. Кем дегенде үш жоғары лауазымды тұлға - премьер-министр Шавкат Мирзоев, премьер-министрдің орынбасары Рустам Азимов, құпия қызметтің басшысы Рустам Иноятов елдегі жоғары биліктен дәмелі деген сөз бар. Десе де, денсаулығы сыр беріп жүрген 75 жастағы Ислам Каримовтың 2015 жылғы президент сайлауында орнын босата қояды дегенге де сенім жоқ.

Көп сарапшылардың айтуынша, тек Гүлнара Каримова ғана қазіргі президентті және оның отбасын қылмыстық қудаланудан сақтайтын жалғыз адам ретінде аталады. Енді бір сарапшылар президент пен қызы арасындағы оқиғалар Ислам Каримовтың қарсыластарын адастыру үшін жасалған спектакль, ал президенттің таңдауы бәрібір қызына түсіп тұр деген болжам айтады.

«БҰЛ ЕЛДЕ ҚАУІПСІЗ ЕШКІМ ЖОҚ»

Президенттік тақтың Каримовтардан басқа біреуге өтуі мүмкін деген пікірлер бір жағынан үміт отын оятса, екінші жағынан хаос болуы мүмкін деген үрейді де тудырып отыр. «Бір нәрсе айқын – билікке кім келсе де, ол Каримовтардан кек қайтаруға тырысады» дейді Мутабар Таджибаева.

Бұл жағынан Каримова бір пайдалы рөлді ойнап, өзін құрбандыққа шалып отыр. Брюссельде орналасқан Адам құқықтары жолындағы халықаралық әріптестік ұйымының сарапшысы Анн-Софи Ниманның айтуынша, Гүлнара Каримованың аспандауы мен құлдилауының бірнеше позитивті тұсы бар. Егер кезінде президент қызының биікке шарықтауына мүмкіндік берген режим оның өзін жұтып жіберсе, онда бұл өзбек режимнің қаншалық қатыгез екендігін танытатын болады:

«[Каримованың] өзінің ақпарат құралдарының жабылуы – ирониялық жағдай. Мұның өзі қаншалық биікте болсаң да, тіпті Өзбекстандағы элиталық режимнің мүшесі болсаң да репрессиялық саясаттың құрбаны болуың мүмкін дегенді дәлелдейді. Мүмкін бұл елдегі жағдайдың жалпы символдық көрсеткіші болар. Мұнда ешкімнің қауіпсіздігіне кепілдік берілмеген» дейді Ниман.

Дейзи Синделардың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG