Accessibility links

Өзбекстан билік орындары «азық-түлік өндірісін дамыту мақсатында» бюджеттік қызметкерлерге жалақының есебінен тауықтың балапанын беріп жатыр.

Осы айда Бұхара облысындағы мұғалімдер мен дәрігерлер жалақыларының бір бөлігі есебіне Сербиядан әкелген балапандарды алды.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің хабарлауынша, Вабкент ауданындағы бюджеттік мекеме қызметкерлеріне 20 мың балапан үлестірілген – алдағы айларда тағы 40 мың балапан таратылмақ.

«СЕРБ ТАУЫҚТАРЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ»

Бұл бастама ақпан айында Өзбекстан министрлер кабинеті аймақтық үкімет органдарын жергілікті азық-түлік өндірісін дамытуға шақырған соң қозғалып, мемлекеттік қызметкерлердің әрқайсысына 10 балапан берілетін болды.

Ресми өкілдердің айтуынша, «Өзбекстандағы тауықтарға қарағанда сербиялық тауықтардың артықшылығы көп – олар екі айға толған соң жұмыртқалай бастайды».

Шенеуніктер «балапан тарату науқаны ерікті түрде өткенін» айтады. Алайда кейбір бюджеттік мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бұл шара олардың еркінен тыс іске асып жатыр.
10 балапаннан алуға мүжбүрледі. Әрбір сербиялық балапан - 5 мың 500 сом.

– Бізді 10 балапаннан алуға мәжбүрледі. Әрбір сербиялық балапан бес жарым мың сомға (3 АҚШ доллары) бағаланады, ал жергілікті балапандар арзандау. Бірақ оларды алудан бас тарта алмаймыз, өйткені басқа амалымыз жоқ, – дейді 32 жастағы Әділ есімді мұғалім.

«ТИІМДІ ШАРА»

Өзбек билігінің бұл әрекетін сынаушылардың айтуынша, ел үкіметі осы амал арқылы қолма-қол ақшаның тапшылығын жойып, бюджет шығынын азайтуды көздейді.

Ал жергілікті шенеуніктер бұл шараның тиімді екенін айтып, басқа аудандарда да жүзеге асыруға шақырды. Өзбекстанның кей аймақтарында тіпті «жалақының орнына Украинадан бұзау әкеліп тарату» бағдарламасы жайлы да айтыла бастаған.

Ресми деректерге қарағанда, қазір Өзбекстанда орташа айлық жалақы 320 АҚШ долларына тең. Алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш 100 доллар шамасында ғана.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG