Accessibility links

Мирзияевтың үкіметіне кімдер енді?


Салим Абдувалиев (сол жақта отырған адам)

Салим Абдувалиев (сол жақта отырған адам)

Өзбекстан қаңтардың 4-інде жемқорлықпен күресте жаңа шараларды қолға алды. Бұл – президент Шавкат Мирзияевтың үкіметінің бастамасы.

Бірақ арада екі күн өткенде Өзбекстандағы ұйымдасқан қылмыс әлемі басшыларының бірі саналатын Салим Абдувалиев (Салимбай) ұлттық олимпиада комитеті басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Мирзияев қызметке қойған адамдардың арасында қайшылыққа толы тұлғалар бар. Әсіресе бұрынғы президент Ислам Каримовтың кәріне іліккен кейбір адамдардың айы енді ғана оңынан туа бастады. Бұл «Өзбекстан бірден реформа жолына түсіп, өзінің ішкі әлеуетін пайдалана бастайды» деп үміттеніп жүргендер үшін көңіл көншітер жаңалық емес.

ҮКІМЕТКЕ КЕЛГЕНДЕР

62 жастағы Салим Абдувалиев «жай ғана бизнесменмін» дейді, онда да тасы өрге домалаған бизнесмен. Кезінде палуан болған оның спорт әлемімен байланысы тығыз, сондықтан оның Өзбекстанның олимпиада комитетін басқаруы орынды да. Бірақ шетел басылымдарында Абдувалиевтың қылмыстық әлемді басқаратыны туралы қаңқу сөздер жиі айтылады. Мұны Абдувалиевтың өзі жоққа шығарады. Қандай шаруамен айналысса да, әйтеуір оның Өзбекстандағы ықпалды тұлға екендігі, оны ешкіммен шатастыру мүмкін еместігі анық. Абдувалиев президент сайлауы қарсаңында Мирзияевтың суреті басылып, «Бұл – менің президентім» деген жазу жазылған жейде киіп суретке түскен.

Салим Абдувалиев (сол жақта).

Салим Абдувалиев (сол жақта).

Өзбекстанның жаңа премьер-министрі (2016 жылғы 14 желтоқсандағы мәлімет) – Абдулла Арипов. Мирзияев былтыр қыркүйекте президенттің міндетін атқарушы қызметіне келе саласымен Ариповты премьер-министрдің жастар, мәдениет және телекоммуникация жүйесіне жауапты орынбасары етіп тағайындаған.Арипов дәл осы шаруамен бұрын да айналысқан. Ол 2002-2012 жылдар аралығында ақпараттық жүйелер және телекоммуникация жүйесіне жауапты болған. Бірақ 2012 жылы бұрынғы президент Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнарамен байланысы бар шетелдік телекоммуникация компаниялары жүздеген миллион долларлық заңсыз қаржы операцияларына қатысты деп айыпталып, тергеу басталған. Арипов Өзбекстандағы телекоммуникация саласын басқарып тұрғанда осы компаниялар елдегі келісім-шарттарды жеңіп алған. Солардың бірі – Швецияның TeliaSonera компаниясы кейіннен Өзбекстан басшылығымен келісім-шартқа қол қою үшін пара бергендерін мойындаған. Швеция бас прокуратурасы жемқорлықпен күрес бөлімінің басшысы Гуннар Стелтермен TeliaSonera компаниясына қатысты құжаттардың көбіне дәл осы Ариповтың қолы қойылғанын Азаттыққа растаған.

Абдулла Арипов.

Абдулла Арипов.

Шавкат Мирзияев президент сайлауынан екі күннен соң Казим Тулягановты архитектура және құрылыс комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Бұдан былай Өзбекстанда салынатын құрылыс атаулыға жауап беретін адам – осы кісі. Туляганов 1994-2001 жылдары Ташкент қаласының мэрі, ал 2004 жылдың қаңтарына дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары болған. Ол 2006 жылы «экономикалық қылмыс жасады» деп айыпталып, 20 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Бұған қоса одан үкіметке 1,3 миллион АҚШ долларын қайтарту туралы сот үкімі шыққан. Мирзияев оның сол қылмысын кешірген сияқты, бірақ бұл жағы әлі де нақты емес.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Мирзияев билікті қолына алған соң Улугбек Розикулов премьердің орынбасары қызметін сақтап қалды. 2016 жылғы GM Uzbekistan төңірегіндегі дау-дамайдағы Розикуловтың рөлі толық анықталмай қалды. Қазір тіпті мұны қазбалап жүрген де ешкім жоқ. Розикулов премьер-министрдің орынбасары қызметінен бөлек Uzavtosanoat автокөлік өндіру мекемесінің басшысы міндетін де қоса атқарады. Бұрынғы президент Каримов 2016 жылғы сәуірдің соңында Ресейге ресми сапармен барғанда ол елге сатылуы тиіс болған көліктердің басқа жаққа жөнелтіліп жатқанын байқап қалған.

Каримов елге қайта салысымен тергеу басталып, GM Uzbekistan компаниясының басшысы Тохиржон Жалилов қамауға алынған. Өзбекстанның автокөлік өндірісін тұтас бақылайтын жоғары лауазым иесі ретінде Розикуловқа айып таққандар болды ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Парламент Мирзияевті уақытша президент деп жариялағаннан екі апта өтпестен, қыркүйектік 20-сында Жалилов қамаудан босатылған.

Бүгінде жұмысын тоқтатқан Zeromax компаниясын басқарған Миродил Жалолов та бостандыққа шықты. Zeromax – Гүлнара Каримова біраз жыл тұрған Швейцарияда тіркелген компания. Өзбекстанның мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету келісім-шартын жасасқан Батыстың жалғыз компаниясы да осы болған. 2010 жылғы наурызда Zeromax компаниясы жабылып, қыркүйекте Жалолов үйқамаққа алынған. Содан бері үйінде қамауда отырған ол Мирзияев билікке келген соң қамалып, қаңтардың 4-інде сол шешімімен бостандыққа шықты.

Миродил Жалолов.

Миродил Жалолов.

Есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен АҚШ санкциясына іліккен Гафур Рахимов та қыркүйектің ортасында Интерполдың іздеу салынған адамдар тізімінен шығарылды деген дерек бар. Қазір Рахимовтың қайда екені белгісіз, бірақ ол көбіне Өзбекстаннан сыртта өмір сүріп жатыр.

Өмірбаяндарының көлеңкелі тұстары көп біраз адам аудан, қала әкімі сияқты төменірек қызметтерге келіп жатыр. Аты-жөндерін атамауды өтінген үкіметтегі бірнеше адам «жаңа қызметке тағайындалғандар – Каримов билігі тұсында Мирзияевқа адал болғандар» деген пікір айтты.

Егер бұл рас болса, әлем алдындағы беделі онсыз да төмен Өзбекстан билігінде мұндай адамдардың отыруы бұл елге абырой әкеле қоймас. Жаңа үкімет тоқыраған экономикаға жан бітіру үшін шетелден инвестиция тартуға баса күш салатынын айтты. Жаңа тағайындаулар бұған да еш септігін тигізбесі анық. Жаңа президент Мирзияев өзіне берілгендерді емес, қабілеттілерді қызметке тартуға уәде берген. Оның бұл сөзіне қарап, оң өзгеріс күткендердің де үміті ақталмайтын сияқты.

Брюс Панниердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG