Accessibility links

Өзбекстанның Самарқан қаласында «сыпыртқы ереуілі» болды. Жұмыс құралдарын ұстаған 50-ге тарта көше сыпырушы Самарқандағы әкімшілік ғимаратының алдына жиналып, наразылық шарасын өткізді.

Тамыздың 6-сында Жібек жолы бойындағы көне қалада өткен бұл ереуілді Өзбекстанда онсыз да сирек болатын наразылық шараларының ерекшесі деп атауға болар еді. Алайда, мұндай шаралар басқа жерлерде де өте бастады, әрі бұл – елдегі үлкен әлеуметтік-саяси проблеманың көзге көрінетін бір пұшпағы ғана сияқты.

Оқиға орнында болған адамдардың Азаттықтың Өзбек қызметіне берген ақпаратына қарағанда, жұмысшылар жалақыларын уақытында ала алмағандықтан қарсылық шарасын өткізген.

Сыпыртқы, қалақ, айыр, тырма ұстаған көше тазалаушылар аймақ әкімшілігі ғимаратының алдына жиналып, әкіммен кездесуді талап еткен. Көбіне әйелдер жиналған ереуілге 20 шақты полиция қызметкері келген. Бірақ олар «сыпыртқы көтерілісін» ұйымдастырушыларды ұстап әкетпей, тек қарап тұрған.

Мамыр айынан бері жалақы алмадық деген жұмысшылар өздеріне айлық төлеуге тиіс лауазымды қызметкерлердің түсінік беруін талап еткен.

Полиция Самарқан қалалық әлеуметтік қорғау департаментінің басшысын, Өзбекстан орталық банкінің жергілікті өкілін және аймақтық қаржы мекемесінің директорын жұрт жиналған жерге шақырған.

Кешкі Самарқан. (Көрнекі сурет)

Кешкі Самарқан. (Көрнекі сурет)

Наразылықты басып-жаныштаумен аты шыққан Өзбекстанда полицияның ереуілшілерді тұтқындамай, керісінше лауазымды тұлғаларды жауапқа шақыруы ерекше жаңалық болды. Кейіннен полицейлердің де де айлықтарын соңғы екі жылда кешіктіріп алып жүргені белгілі болды.

Жиналғандардың алдына келген Самарқан қалалық әлеуметтік қорғау департаменті басшысы Мамуржон Мухсинов «Біз не істей аламыз? Бюджетте ақша жоқ, ақша (орталықтан) келмей жатыр» деп ақталды. Ереуілге жиналған әйелдердің бірі «Сен және сенің қарамағыңдағылар барлық ақшаны жұмсап тастады!» деп айқайлаған.

Көше сыпырушы жұмысшыларбилік өкілдері жалақы қарыздарын өтейміз деп уәде берген соң ғана тараған. Азаттық тілшісінің деректері бойынша, тамыздың 8-і күні оларға шынымен мамыр-маусым айларының жалақылары берілген. Самарқан қалалық әлеуметтік қорғау департаментінің жауапты қызметкері Азаттық тілшісіне шілде айының жалақысы тамыздың 12-сі берілетінін айтқан.

Осы қызметкер наразылық болған күні-ақ Мухсиновтың қызметінен кеткенін айтқан. Азаттық тілшісінің мәліметтері бойынша, прокуратура Самарқан қалалық әлеуметтік қорғау департаментінің есепшісін тергеген.

Өзбекстанда жалақының кешігуі күрделі мәселеге айналып барады. Самарқандағы көше сыпырушылардан басқа энергетика саласының, банк секторының, мемлекеттік мекемелердің, қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен полицейлер жалақылары уақытында берілмейді.

Бұрын бұл елде ереуіл көп бола бермейтін, бірақ соңғы кездері халықтың төзімі таусылып бара жатқанға ұқсайды.

Өзбекстан президенті Ислам Кармов. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан президенті Ислам Кармов. (Көрнекі сурет)

2015 жылы желтоқсанның соңында Ташкенттен солтүстік-шығысқа қарай 70 километр жердегі Ғазалкент қалашығының тұрғындары үйлеріне газ келмей қалғанына бір апта наразылық білдірген еді. Кейбіреулер тіпті әкімшілік ғимаратына тас лақтырған. Бұдан екі апта бұрын газсыз қалған Ферғана тұрғындары наразылық білдіріп, күре жолды жауып тастады.

Өзбекстанның ақпарат құралдары Самарқандағы «сыпыртқы көтерілісі» туралы ақпарат бере қоймайды. Себебі, өзбек үкіметі халықтың «наразылық білдіру арқылы мақсатқа жетуге болады» деген сенімі күшейгенін қаламайды.

Дегенмен бұл әңгіме ақпарат құралының көмегінсіз-ақ елге тарап жатыр, ал Өзбекстан халқының біразы самарқандықтардың күйін кешіп отыр. Өзбек президенті Ислам Каримов елді қатаң басқарып отыр деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл қатаңдықтың да шегі бар сияқты.

Халықты ішер ас пен киер киімнен айырып, «бұған да көнесің» деп тұқырту мүмкін емес. Аштық пен үмітсіздік билік алдындағы үрейден де күшті. Самарқандағы «сыпыртқы көтерілісі» осының айғағы.

Сирожиддин Толибов пен Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG