Accessibility links

Өзбекстан мектептеріндегі мәжбүрлі гинекологиялық тексеру


Өзбек мектептерінің біріндегі соңғы қоңырау шарасы. 25 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбек мектептерінің біріндегі соңғы қоңырау шарасы. 25 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, Өзбекстанның Хорезм облысы мектептерінде 6-9 сыныпта оқитын қыз балаларды жаппай емханаға апарып, гинеколог маманға тексертіп жатыр.

Үргеніш қаласындағы №9 орта мектебінде жұмыс істейтін мұғалім әйелдің Азаттықтың Өзбек қызметіне айтуынша, оқушы қыздарды жаппай гинекологиялық тексеруден өткізу жайлы жарлық Хорезм облысы халыққа білім беру басқармасынан түскен.

– Бізге қыздарды емханадағы гинеколог маманның тексеруіне апаруды бұйырған. Қазір оларды сынып-сыныпқа бөліп, ультрадыбыстық тексеруге апарып жатырмыз. Жұма күні алтыншы сынып қыздарын апарғанбыз, дүйсенбі күні – жетінші сыныпты, ал арғы күндері қалғандарын апарамыз, - дейді үргеніштік мұғалім әйел.

Оның айтуынша, гинекологилық тексеру «оқушы қыздардың денсаулығын тексеру үшін» жүргізіледі. Бірақ ата-аналар бұл тексерудің себебіне қатысты бөлек болжам айтады. Үргеніш қаласындағы Норжон деген тұрғын әйелдің мектепте оқитын үш қызы бар. Ол Үргеніш мектептеріндегі гинекологиялық тексеру кәмелетке толмаған қыздар арасындағы жүктілік оқиғаларының алдын алу мақсатымен жүргізіліп жатыр деп санайды.

– Жуырда Құскөпір ауданында әке-шешесі Ресейге жұмысқа кеткен 6-сынып оқушысының аяғы ауыр болып қалған. Туыстары бұған мән бермеген. Ал одан бұрын Гурлан мен Шеват аудандарында осындай жағдай болған. Қазір жас қыздардың мінезі өзгеріп барады. Сондықтан профилактикалық мақсатпен мектептерде қыз балаларды тексеріп жатыр. Маған мұны мектеп директоры айтты, – дейді Норжон.

Былтыр Азаттықтың Өзбек қызметі Хорезм облысы Гурлан ауданындағы Гүлстан ауылында 12 жастағы қыздың ағасынан жүкті болып, босанғаны жайлы хабарлаған. Ал бұдан тура екі жыл бұрын Хорезм облысы Шеват ауданы Бұйрашы ауылының 13 жастағы тұрғыны туған ағасынан бала туған.

– Бұл жағдай туған аға мен қарындастың арасында болған. Сондықтан қазір қыздарды әлгіндей жағдай қайталанбасын деп тексеріп жатқан шығар. Қазір ата-аналардың көбі Ресейге жұмыс іздеп кетті де, қыздар қараусыз қалып, мінездері бұзылып барады, – дейді Норжан.

Хорезм облысы мектептеріндегі гинекологиялық тексеру ата-аналардың рұқсатынсыз, мәжбүрлі түрде жүргізіліп жатыр деген хабар тараған.

Үргеніш қаласындағы 6-мектепте жұмыс істейтін мұғалім әйел қыздарды гинекологиялық тексеруден ата-аналарының келісімімен өткізіп жатқанын айтады.

–Біз жиналыс өткізіп, ата-аналарға хабарладық. Олар қыздарын тексерген кезде өздері де қатысады, – дейді ол.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG