Accessibility links

Мирзияевтың тағайындалуын «конституцияға қайшы» деседі


Өзбекстанның премьер-министрі әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзяев. Самарқанд, 3 қыркүйек 2016 жыл.
Өзбекстанның премьер-министрі әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзяев. Самарқанд, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстанда 8-і қыркүйек күні парламенттің екі палатасының біріккен отырысы өтті. Ел конституциясы бойынша президент міндетін сенат төрағасы Нигматулла Юлдашев атқаруы тиіс еді. Алайда ол қызметтен бас тартып, премьер-министр Шавкат Мирзияев президент міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Елде мерзімінен бұрын президент сайлауы 4 желтоқсанда өтетіні анықталды.

Өзбекстан конституциясы бойынша, президент қайтыс болса немесе қызметін атқаруға қабілетсіз болған жағдайда оның міндетін атқару үш ай мерзімге парламенттің жоғарғы палатасы – сенат төрағасына жүктелуі тиіс. Бірақ сенат спикері Нигматулла Юлдашев тәжірибесі жоғын айтып бұл міндеттен бас тартып, президент міндетін уақытша атқаруға Шавкат Мирзяевтің кандидатурасын ұсынған.

Ресми мәліметтерде: «Өзбекстан парламентінің қос палатасы да, парламенттегі саяси фракциялар басшылары да, депутаттар мен сенаторлар да қоғамдағы тұрақтылықты, бұқаралық қауіпсіздікті сақтауды ойлап, маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін сенат төрағасы Нигматулла Юлдашевтің ұсынысын қолдады» делінген.

Мирзяев - Өзбекстан президенті міндетін атқарушы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:12 0:00

Өзбекстан конституциясының 96-бабында «Президент өз міндетін атқара алмай қалған жағдайда оның міндеттері сенат төрағасына уақытша жүктеледі. «Өзбекстан президентін сайлау» туралы заң аясында үш ай мерзім ішінде президент сайлауы өткізілгенге дейін ол президент уақытша міндетін атқарады» делінген.

Бақылаушылар, әлеуметтік желі қолданушылары «Шавкат Мирзияевтің президент міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалуын конституцияның 96-бабын бұзу» деп есептейді. Өзбекстандық әлеуметтік желі қолданушылары Facebook-те «Конституция бұзылды! Сотқа жүгін!» деген топ құрып, өз наразылықтарын білдіріп, жазбалар жариялап жатыр. Олар «президент өз міндетін атқара алмай қалған жағдайда конституцияда не істеу керектігі, президент міндеті кімге, қалайжүктелетіні анық көрсетілген, оны өзгерту жөнінде ұсыныс енгізу мәселесі қарастырылмаған» дейді.

Сонымен қатар Өзбекстанның Наманган облысында Ислам Каримов науқасқа шалдығып, ауруханаға жатқызылған шақта ол туралы «президент қайтыс болды» деп хабарлама таратқан он шақты адамды полицияың ұстағаны мәлім болды. Оларды арнайы қызметтер тергеп жатыр. «Орта мектептер мен колледждерде Telegram, WhatsApp қосымшаларын телефондардан өшірту науқаны жүріп жатыр» деген ақпар бар.

Өзбекстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы 4 желтоқсанда өтетін болды. Бұл туралы бүгін Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының басшысы Мирза-Улугбек Абдусаломов хабарлады. Сайлау президент Ислам Каримов науқастанып қайтыс болған соң өтейін деп отыр.

Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарған Ислам Каримов өткен аптада 78 жасында инсульттен қайтыс болған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы негізінде жазылды.

XS
SM
MD
LG