Accessibility links

Мирзияевтың белсенділігі артып барады


Өзбекстан премьер-министрі және президенттің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстан премьер-министрі және президенттің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстан парламенті президент міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындаған Шавкат Мирзияев белсенді әрекет етіп жатыр. Оны желтоқсанда өтетін сайлауда президент болады деушілер көп.

Қыркүйектің 2-сі күні Ислам Каримовтың дүние салғаны расталған соң Шавкат Мирзяев билікті уақытша өз қолына алды. Қазір ол белсенді қимылдап, күтпеген өзгерістер жасап жатыр. Желтоқсанның 4-і күні Мирзияев елдің жаңа президенті болуы әбден мүмкін.

Азаттық Өзбекстанның қазіргі басшысының іс-қимылына талдау жасау мақсатында сұхбат өткізді. Оны БАҚ-пен байланыс бойынша менеджер Мұхаммад Тахир жүргізді. Сұхбатқа Эксетер университетінің аға оқытушысы, Халықаралық дағдарыс тобының Орталық Азия жөніндегі директоры болған Дэвид Льюис (Ұлыбритания), құқықтық мәселелер жөніндегі сарапшы және Өзбекстанның сарапшылардың жұмыс тобы атты тәуелсіз құқық қорғау ұйымының жетекшісі Сукраб Исмоилов (АҚШ), Азаттықтың Өзбек қызметінің директоры Әлішер Сыдық (Чехия) қатысты.

БИЛІКТЕГІ АУЫС-ТҮЙІСТЕР

Қыркүйектің 13-і күні Мирзияев премьер-министр орынбасарларының біреуін және білім министрін ауыстырды. Басқа екі вице-премьердің өкілеттігін күшейтті.

Қыркүйектің 16-сы күні Мирзияев туған өлкесі Жизақ облысына барды. Ол келердің алдында облыстағы бас прокурор қызметінен кетті, Мирзияев сапарлап кеткен соң тағы бірқатар шенеуніктер қызметтен алынды. Сондай-ақ Мирзияев Ташкенттің Ұлықбек ауданындағы шенеуніктердің біразын қайта тағайындады. Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Мирзияев осы ауданды бес жылдай басқарған еді.

Исмоилов «Президенттік сайлауға дейін әлі үш ай бар, бірақ Мирзяев өзін президент тәрізді сезініп, әрекет етіп жатыр» дейді.

Шавкат Мирзоев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп тұр. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Шавкат Мирзоев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп тұр. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев кейбір адамдарды лауазымды қызметке қайтарып жатыр. Солардың бірі – 2002 жылы байланыс министрінің орынбасары болған, тәуелсіздік алған соң коммуникация саласында кәсіпке араласқан Абдулла Арипов. Ол 2012 жылы ресейлік МТМ телекоммуникациялық компаниясына қатысты шу шыққанда қызметінен алынған. Парақорлыққа қатысты шулы оқиғада Каримовтің үлкен қызы Гүлнараның да аты аталған еді. Президент міндеті қолына тиісімен Мирзияев Ариповты жастар саясаты, мәдениет, ақпараттық жүйелер және коммуникацияға жауапты вице-премьер етіп тағайындады. Исмоиловтың айтуынша «Абдулло Арипов Мирзияев мырзаға жақын жандардың бірі болса керек».

Мирзияев билікті қолына алған соң Гафур Рахимовтың Интерполдың тізімінен алынғаны хабарланды. Іздеуде жүрген Рахимов ұйымдасқан қылмыстың ұйымдастырушысы саналатын. АҚШ қаржы департаменті 2012 жылы Рахимовқа қаржылық санкция салып, «Рахимов – өзбек ұйымдасқан қылмысының жетекшілерінің бірі, Орталық Азия елдерінде есірткі өндірісін ұйымдастыруға жауапты» деген еді.

Рахимов 2010 жылы Өзбекстаннан кетіп қалды, қазір Дубайда тұрып жатса керек. Сыдықтың пікірінше, Интерпол тізімінен алынған Рахимов та Мирзияевқа жақын адам, ол енді Өзбекстанға оралуы мүмкін.

– Олар бұрынғы достары немесе таныстары шығар, мүмкін қарсыластары болды. Енді олармен істес болмақ, – дейді Әлішер Сыдық.

Солдан оңға: Өзбекстанның премьер-министрі әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев, Ислам Каримовтың жесірі Татьяна Каримова, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Самарқанд, 12 қыркүйек 2016 жыл. (Ақорда сайтынан алынған фото)

Солдан оңға: Өзбекстанның премьер-министрі әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев, Ислам Каримовтың жесірі Татьяна Каримова, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Самарқанд, 12 қыркүйек 2016 жыл. (Ақорда сайтынан алынған фото)

Мирзияев Ташкент облысының бірқатар аудандарын да аралап шықты. Жизақтан бөлек Ангренде де болды. Дэвид Льюистің айтуынша, «Ол күшін бір жерге шоғырландырғысы келеді».

– Ташкент пен туған қаласы Жизақта және мүмкіндігінше аудандарға үміт артады, – дейді ол.

Бірақ Әлішер Сыдық Азаттық радиосының дерегіне сүйеніп, Мирзияевтың аудандарға жасаған сапарында бұрынғы президенттің күзетін қолданбағанын айтты: «Ол жеке күзет жалдапты, біреулер Ресейден алдырған деседі».

«ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА ҮМІТ АРТУҒА БОЛМАЙДЫ»

Демек, Мирзияев Өзбекстан басшысы болатынына нық сенімді деуге болмайды.

– Біз білмейтін жағдайлар көп, қазіргі президенттің тез шешім қабылдауына ықпал еткен себептерді біле бермейміз, – деді Льюис.

Саясаттағы көп әдіс-тәсілдер мүлдем өзгерген жоқ. Мирзияев келердің алдында жергілікті билік студенттер мен басқаларды жұмылдырып, Жизақ пен Ангренді тазалап қойды. Сыдықтың айтуынша, мақта жинау науқаны да басталып кеткен, балалардың терімге қатысқаны туралы дерек жоқ, бірақ ересектер мәжбүрлі түрде мақтаға барады. Барғысы келмегендер жергілікті шенеуніктерге ақысын береді.

Сыртқы саясатқа келсек, Льюис Мирзияевтың өзбек жерінде ешқандай шетелдік база болмайды деген сөзді қайталай беретінін айтады. Қыркүйектің 16-сы күні Бішкекте өткен ТМД саммитіне Мирзияев қатыспады.

Бірақ Ташкент көршісі Қырғызстанға жылышырай таныта бастаған сияқты. Қыркүйектің 18-і күні Өзбекстан тамыздың соңынан бері қырғыз тауларында жатқан күштерін қайтарды. Содан кейін өзбек-қырғыз тобы шекараны қайта өлшеу мәселесін шешу мақсатында ортақ шекараны шолуға шықты.

Сыдық Мирзияевтың шығыстағы көршілері Қырғызстан және Тәжікстанмен жақсы байланыс орнатуға тырысарын айтады.

– Ол көршілерден су алғысы келеді, себебі мақтаға байланған, – дейді Сыдық.

Жиынға қатысушылардың ешбірі алдағы президенттік сайлауды маңызды санамайды.

– Президент Каримовтің тұсындағы сайлаудан еш айырмасы болмайды, Өзбекстанның төрт саяси партиясы ұсынатын бұрынғы адамдарды көреміз, – деді Исмоилов.

Расында да бәрі билікке жақында 4 партия өз үміткерлерін ұсынады. «Адолат» партиясы Нариман Умаровты ұсынбақ, Халықтық демократиялық партия Хотамжон Кетмановты президентке үміткер ретінде сайлауға түсіреді. 2015 жылғы Каримовке қарсы сайлауда да осы адамдар бағын сынап, 2,05 және 2,92 пайыз дауыс жинаған еді. «Милли Тикланиш» партиясы атынан Сарвар Отамуратов шығады, ол бірінші рет сайлауға түспек. Либералды демократиялық партия атынан Мирзияев шықпақ.

Сыдық желтоқсандағы сайлау «жай ғана ресми шара» десе, Льюис «Сайлау мағынасыз шара, советтік кезеңдегі сияқты көпшілік қолдады дегенді көрсету үшін жасалады» дейді.

Сұхбаттасушылар осы мәселелерді талдап, Мирзияевтың Ресейге қатысты ұстанымын болжады. Ол президент болып сайланса, өзбек үкіметіндегі бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге қарсы шығатыны айтылды.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG