Accessibility links

Жібек құртын өсіруге жегілгендер


Жібек құртын теріп отырған өзбек қыз. Көрнекі сурет.

Жібек құртын теріп отырған өзбек қыз. Көрнекі сурет.

Өзбекстандағы жалпы жұртқа қоғамдық жұмыс ретінде міндеттелген мақта теруден де басқа ауыр еңбек бар болып шықты.

Ферғана жазығындағы қардың ери бастағаны көктемнің келгенін ғана емес, жібек құртын асырайтын маусымның да басталғанын білдіреді.

ҚАУІПТІ 45 МИНУТ

Сәуір айының соңынан бастап, мамыр айының соңына дейін жергілікті фермерлер Өзбекстанның көне заманнан келе жатқан жібек жібін өндіруге кіріседі.

Олар жібек құртын жылы үйлерде асырайды. Құрттар оранып жататын «кебіндерін» тоқығанша бағбандар оларды мәпелеп өсіреді. Құрттар көбелекке
айналу үшін жібек «кебіндеріне» оранған кезде ыстық суға салып қайнатады да «кебіндерін» тарқатып, одан жібек жібін иіреді.

Өзбекстандағы жібек өндірісінің тарихы тереңнен басталады. Қазір үкімет бұл саланы қатаң бақылауға алған. Бірақ жібек өндірісі адамды мезі ететін ауыр жұмыс. Ферғана облысы Чашма ауылының тұрғыны Зүлхия Азизова:

- Жергілікті басшылар фермерлерге кішкентай қораптарға салынған ұсақ жібек құрттарын тапсырады. Олардың бастапқы салмағы 30-40 грамнан аспайды, - дейді.
Өзбекстаннан шығатын атлас мата.

Өзбекстаннан шығатын атлас мата.


40 грамм қораптан жапырақ жеуден басқаны білмейтін мыңдаған жібек құрты өсіп шығады. Бастапқыда олар қаламның ұшындай өте ұсақ болады. Түлеген сайын, қабықтарын тастап, тоқтаусыз үлкейе береді. Соңында олар 70 есеге дейін үлкейеді.

Зүлхия Азизова «құрттар алғашқы қораптарына симай үлкейіп кеткен соң, оларды төрт бөлмелі үйдің үлкен бір бөлмесіне жайғастырамыз» дейді. Күннен-күнге өсіп бара жатқан «қонақтарын» үйге сиғызу үшін Азизованың отбасындағы алты адам науқан аяқталғанша бір бөлмеге сығылысып тұра тұруға мәжбүр болады.

Жібек құрты суыққа, қатты жарыққа, айғай-шуға төзімсіз болғандықтан, ерекше күтімге мұқтаж, әрі тұт ағашының жапырағын тоқтаусыз жейді. Олардың қалдықтарын күнделікті тазалап отырмаса болмайды.

Алғашқыда құрттарды тойдыру үшін тәулігіне тұттың 2 килограмм жапырағы жеткілікті болса, соңына қарай олар 270 килограмм жапырақ жейді. Зүлхия Азимова:

- Оларды асырау үшін үйдегі адамдар бұл жұмысқа түгел жұмылуы керек. Тәулік бойы тоқтаусыз қоректендіреміз. Үйдегілер кезектесіп күні-түні ұйықтамай күзетеміз. Бұл жұмыс ауыр болса да амалсыз жасаймыз. Жібек құртын өзімізден артық күтіп-бағамыз. Оларды өлтіріп алсақ үкіметке ақша төлейміз, - дейді.

Үйдегі жас балалар мен қарттар да құрттарға азық беріп, жәшіктегі бұтақтарды ары-бері аударып, қалдықтарды тазалап, қолғабыс береді. Үлкендер кезектесіп бұтақ тасығанда барынша жылдам қимылдаулары керек.

- Жұмысшылар тәулік бойы дамылсыз жұмыс жасауға міндетті. Себебі жапырақтар 45 минутқа кешігетін болса, құрттар аштан қырыла бастайды, - дейді Азизова.

2 ДОЛЛАР ТӨЛЕП, 30 ДОЛЛАРҒА САТУ

Фермерлер «маусымның соңында асыраған құрттарынан 120 килограмдай өңделмеген жібек жібін алатындарын, үкіметтің бір килограмм жібекке 2 доллардан төлейтінін, бірақ еңбекақыны бірнеше ай күтетіндерін» айтты. Ал Азизова:

- Бұл кәсіптің бір артық жері - науқаннан соң отынға жағатын бірталай бұтақ бізге қалады, - дейді.
Атлас киген келін (сол жақта) қызмет көрсетіп жүр. (Көрнекі сурет)

Атлас киген келін (сол жақта) қызмет көрсетіп жүр. (Көрнекі сурет)


Өзбекстанда халықты мақта теруге міндеттейтіні белгілі. Жібек өндірісі мақта теруден өзгеше жұмыс болса да, кейбір адамдар бұл жұмысты мәжбүрлі еңбек түріне жатқызады.

Атын айтуға келіспеген Жызақ облысының бір тұрғыны Азаттықтың Өзбек қызметіне сұхбат берді. Ол жібек өндірісі мен мақта теру науқанының арасында байланыс бар екенін айтты.

- Жібек құртын өсіру науқанына қатысу - мақта егетін егіс алқабын жалға алу немесе мақтаның ұрығын тегін алудың бір шарты. Мәселен мен 50 гектар жерді жалға аламын. Бірақ әр гектар жерді алу үшін әуелі 4 килограмм жібек құртын асырауым керек. Сонда мен әр науқанда 200 килограмм жібек құртын асырауға міндетті боламын, - дейді ол.

Әлем бойынша жібек өндіруден үшінші орында тұрған Өзбекстан жыл сайын 25 мың тонна жібек жібін өндіреді. Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Өзбекстан жібек өнімінің 70 пайызын Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатады. Әлемдік нарықта жібектің 1 килограмына 30 доллардан төленеді.

Өнімнің қалған 30 пайызы отандық мақта-мата өндірісінде жіберіледі. Одан «атлас» деп аталатын қымбат жібек мата тоқылады. Қанық түсті, әдемі өрнектелген маталардан өзбектердің ұлттық киімдері тігіледі. Ол маталардан тігілген киімдер қазіргі заманның киімдерімен де үйлесе береді. Ересек әйелдер де, жас қыз-келіншектер де атластан тігілген көйлектер кигенді жақсы көреді. Ташкент осы «жібек дәстүрін» сақтап қалғысы келеді.

Өзбекстанның ауыл шаруашылық министрі таяуда «жібек құртын асыраушыларға қолдау көрсету үшін Қытайдан 12 миллион тонна тұт ағашының көшетін сатып алуды жоспарлап отырмыз» деп мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, Өзбекстандағы тұт ағашының бұтақтары жылына бір-ақ рет бүршік атып, жапырақ жаяды. Қытайдан әкелінітен тұттың бұтақтары шабылса да бірнеше рет қайтадан өсіп шығады.

Бұл жаңалық құрттар үшін қуанышты болғанмен, фермерлер үшін жағымды ақпар емес. Азизова «бұл кәсіп адамның сілікпесін шығарады және өнім алып болғанша бұл жұмысты бір минутқа да тоқтата алмайсың» дейді.

- Бұл кәсіппен тұрмысымды түзеймін деп жүргенде өзіңіз де тозып бітесіз. Құрттар кеткен соң бөлмеге жағымсыз иіс сіңіп қалады. Ол иісті жәй ғана жуып-шайып кетіре алмайсыз. Жібек науқаны аяқталған соң үйдің есік, терезелерін ашып, бөлмені бірнеше күн желдетеміз, - дейді ол.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG