Accessibility links

«Ахмадбайға» қарсы 20 мың адам арыз жазды


Тұтқындалған кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаев жайлы карикатура.

Тұтқындалған кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаев жайлы карикатура.

Өзбекстанда қаржылық пирамидаға қатысты айыппен ұсталған кәсіпкердің үстінен арыз жазушылар көбейіп барады.

«Ахмадбай» деп аталып кеткен кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаевтың клиенттерінің көбін Чиназ және Янгиюл аудандық ішкі істер бөліміне шақырып, кәсіпкердің үстінен арыз жазып, ешқайда кетпеу жайлы қолхат беруге мәжбүрлеп жатыр. «Ахмадбаймен» істес болып, ақшалай есеп айырысқан клиенттер саны 45 мың адамнан асқан.

Азаттықтың Өзбек қызметі дереккөзінің айтуынша, Ташкент облысы тергеу органдары «Ахмадбайдың» клиенттерінен екі түрлі арыз жазуды өтінеді.

– Бірінші арызда олар ақшамызды «Ахмадбайға» беріп, алданып қалдық деп жазады, ал екіншісі – кәсіпкерге қарсы қозғалған қылмыстық іске куәгер ретінде қатысуға міндеттеме алатын түсініктеме. «Ахмадбайдан» қарызға ақша алған адамдар қаржымен алаяқтық жасау жүйесіне қатысушылар ретінде тергеліп жатыр. Үлкен іс болғандықтан процеске көрші аудандар мен Ташкенттен тергеушілер шақыртты, – дейді Азаттық дереккөзі.

Кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаевтың үйінің маңына жиналған адамдар.

Кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаевтың үйінің маңына жиналған адамдар.

Жуырда Азаттыққа «Ахмадбайдың» үстінен көп адам арыз жазғаны жайлы хат түскен. «Біз сияқты қарапайым жандар бұл істің әділ шешілетініне сенбесек те, ішкі істер органдарына арыз жаздық. Милиция бөлімшесі дерегінше, ондаған мың адам арыз жазған» делінген ол хатта.

Маусымның 16-сы күні Өзбекстан телеарналары «Ахмадбайдың» үйіне тінту жүргізіліп, 7,9 миллион АҚШ доллары мен алтын бұйымдарға толы сөмкелерді тәркілегені түсірілген видеосюжет көрсетті. Ол видеосюжетте Ахмад Тұрсынбаевтың салымшыларының саны 40 мыңнан асқанын хабарланған.

Азаттықтың полициядағы дереккөзінің сөзінше, қазірге дейін «Ахмадбайдың» үстінен 20 мыңнан астам адам арыз жазған.

​– «Чиноз Авто Хамкор» кәсіпорны басшысы Ахмад Хамидович Тұрсынбаевтан тәркіленген папкалардан 45 мың адамның алаяқтық құрбанына айналғаны анықталды. 20 маусымнан бері 20 мың адам арыз жазды. Жуырда тағы 25 мың адам арыз жазуы тиіс. «Ахмадбайдың» әр клиентінен арыз алу үшін 45 минуттай кетеді. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Арыздарды Чиназ қаласындағы Шараф Рашидов атындағы көшедегі 1-үйде қабылдайды, – дейді Азаттық дереккөзі.

Оның айтуынша, арыз жазып, түсініктеме-қолхат бергендерге қаладан кетуге тыйым салынған.

Ташкенттегі кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаевқа тиесілі көлік базары алдында жиналып тұрған автомобиль иелері.

Ташкенттегі кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаевқа тиесілі көлік базары алдында жиналып тұрған автомобиль иелері.

Маусымның 15-і күні беттеріне қара бетперде киген жасақ халық «Ахмадбай» деп атап кеткен 38 жастағы чиназдық кәсіпкер Ахмад Тұрсынбаевтың кеңсесіне келіп, оны ұстап әкеткен.

Тұрсынбаевтың «Чиноз Авто Хамкор» фирмасы жыл сайын кемі 100 пайыз дивиденд төлеуге уәде етіп, жұрттан салым қабылдаған.

Ахмад Тұрсынбаевқа Өзбекстанның қылмыстық кодексінің 165 («Бопсалау»), 168 («Алаяқтық»), 170 («Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру»), 177 («Валюталық құндылықтарды заңсыз сатып алу немесе сату») және 178 («Шетел валютасын жасырып ұстау») баптары бойынша айып тағылған. Бұл айыптар Өзбекстанның ресми телеарналарында жарияланды.

Өзін «Ахмадбайдың» жақын адамы деп таныстырып, Азаттық тілшісімен сөйлескен адамның айтуынша, кәсіпкер маусымның 15-інен бері Янгиюл ауданындағы тергеу абақтысында отыр.

Ахмад Тұрсынбаевты ұлттық қауіпсіздік қызметінің Ташкенттегі тергеу абақтысына әкеткені жайлы ақпарат расталмады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG