Accessibility links

Швеция өзбек имамына қастандық ісін қайта қарап жатыр


Қастандыққа ұшыраған өзбек имамы Обидхон қари Назаровтың кенже ұлы Довудхон.

Қастандыққа ұшыраған өзбек имамы Обидхон қари Назаровтың кенже ұлы Довудхон.

Швеция соты өзбек имамы Обидхон қари Назаровты өлтіру үшін оған қастандық жасады деген Юрий Жуковскийдің үкімін қайта қарағалы жатыр.

Желтоқсанның 15-і күні Швецияның солтүстігіндегі Остершунд қаласының соты Өзбекстан азаматы Юрий Жуковскийді 18 жылға бас бостандығынан айырған еді. Оған өзбек имамы Обидхон қари Назаровты өлтіру үшін оған қастандық жасады деген айып тағылған болатын.

Сот үкіміне наразы Жуковскийдің ​адвокаты бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсірген. Ал Обидхон қари Назаровтың туыстары мен прокурор соттан Жуковскийді өмір бақи бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Ақпанның 9-ы күні Швецияның Сундсваль қаласында апелляциялық шағым бойынша сот тыңдауы басталды. Обидхон қари Назаровтың кенже ұлы Довудхон Азаттықтың Өзбек қызметіне «бұл жолы бұрынғыдан дәлелді айғақтармен келгенін» айтады.

- Жаңа айғақтар бар. БАҚ-қа әзірге бір ғана нәрсе айтқым келеді – бұл қылмыстың артында Өзбекстан үкіметі тұрғанын көрсететін жаңа мәліметтер табылды. Оларды беделді халықаралық ұйымдар әзірлеген. Бүгін сот прокурорды тыңдады. Біз бұл іс Өзбекстан тарихындағы ең ірі қылмыстың бірін ашады деп үміттенеміз, - дейді Довудхон.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, ақпанның 10-ы күні сот Юрий Жуковский адвокатының уәждерін тыңдайды.

Былтыр желтоқсан айында, сот процесі кезінде, Юрий Жуковский айыбын мойындамады. Ол бұл қастандыққа қатысы болғанын теріске шығарған жоқ, бірақ қастандық жасауға берілген тапсырманы орындағанын жоққа шығарған.

Енді Жуковский адвокаты оның айыбы жоқ деген уәжбен оған шыққан 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімін жоюды сұрайды.

Азаттықтың Өзбек қызметінің Жуковский соты туралы бұрынғы видеосы (өзбек тілінде):

37 жастағы Жуковский Ресейден Швецияға 2015 жылы тамыз айында экстрадицияланған еді. Швед прокуроры Кристер Петерсон Жуковскийге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрайды.

Мұның алдында Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында прокурор Кристер Петерсон қастандыққа тапсырыс берген Өзбекстан үкіметі екенін көрсететін көптеген белгілер бар екенін айтқан. Петерсон «Назаровқа қастандық оның кәсіби қызметіне байланысты жасалған» деген болжамға сенеді.

58 жастағы танымал өзбек имамы Обидхон Қари Назаровқа қастандық 2012 жылы ақпан айында жасалған еді. Белгісіз адам имамды Швецияның Стромсунд қаласындағы үйінің жанында басынан атып кеткен болатын.

Довудхон Обидхонұлының сұхбаты (9 ақпан, өзбек тілінде):

Назаров бұл қастандықтан аман қалды. Бірақ қазір ол Швеция ауруханаларының бірінде әл үстінде жатыр. Ұлы Довудхонның айтуынша, оның денсаулығы баяу болса да жақсарып келеді, қазір туыстарымен сөйлесуге шамасы келген.

XS
SM
MD
LG