Accessibility links

«Мақта терген өмірім» компьютерлік ойыны шықты


«Мақта терген өмірім» компьютерлік ойынының интернеттен алынған скриншоты.

«Мақта терген өмірім» компьютерлік ойынының интернеттен алынған скриншоты.

Өзбекстандағы балалар сияқты сізге де мәжбүрлеп мақта тергізсе не дер едіңіз? Адамды шаршатып, ығыр ететін компьютер ойыны арқылы бұл күйді бастан кешуге болады.

Негізгі кейіпкерлері Өзбекстанның мақта алқабындағы балалар болған бұл ойын «Мақта терген өмірім» (My Cotton Picking Life) деп аталады.

«БЮДЖЕТ ТОЛТЫРУДЫҢ АМАЛЫ»

Жаңа ойынды интернеттен көшіріп алсаңыз, бірнеше минут өтпей-ақ: «Мәссаған, мен мақтаны жап-жақсы тереді екем. Мына қарқынмен бұл шаруаны әп-сәтте бітірермін» деуіңізге шүбә жоқ.

Бірақ аз уақыттан соң «Мынау адамды мезі ететін жұмыс екен. Әлі қанша килограмм теруім керек?» деп мазасыздана бастайсыз.
"Мақта терген өмірім" ойынының скриншоты.

"Мақта терген өмірім" ойынының скриншоты.


Ақыр соңында «Ойынды аяқтау үшін шынымен 50 килограмм мақта жинау керек пе? 50 килограмм жинауға бір күнім кетеді ғой» деп қашып шығасыз. Ойынды шығарғандардың көздегені де осы.

Ойынның ақпаратында «Жыл сайын Өзбекстан үкіметі халықтың көп бөлігін мақта теру жұмысына салады. Мәжбүрлікпен мақта жинайтындардың еңбегі - үкімет бюджетін толтырудың амалы. Оқушылар мен балалардың күндік нормасы – 50 килограмм. Оны орындамаса, оқудан шығарамыз деп қорқытады. Балалар мен оқушылар еңбегі төленбейді. Мақта теру - осы ойындағыдай ауыр жұмыс» деп жазылған.

Бұл ойынды жасаған Ұлыбританиядағы GameTheNews компаниясының мүшесі Томас Роулинг:

- Бұл ойынның бір айырмашылығы - ойынды қалаған уақытыңызда тастап кете аласыз. Бірақ Өзбекстандағы мақташы бала жұмысын тастап кете алмайды, - дейді.

Өзбекстандағы билік өкілдері жыл сайын мақта терімі кезінде балаларды мектептен босатып, жұмысқа жегеді. Ауыр еңбектен балалардың қандай күй кешетінін сезіну қиын емес. Сабақтан босаған балалар алғашында қуануы мүмкін. Бірақ үлкендермен бірге күн сайын он сағаттан, аптасына жеті күн, бірнеше апта қатарынан, жыл сайын мақта теру қуаныш сезімін су сепкендей басады.

ӘЛЕМДІ ХАБАРДАР ЕТУ

Өзбекстандағы мақта теруші балалардың ауыр хәлін әлем жұртшылығына көрсетуге әрекеттеніп жүрген Ұлыбританиядағы Cotton Campaign ұйымының баяндауынша, «Міндетін толық орындамаған оқушыларды билік өкілдері мектептен шығарамыз деп қорқытады, кей-кездері оларға қол да жұмсайды. Он жастан асқан балаларын мақта теруге жібермеген ата-аналар әлеуметтік жәрдемақылардан айырылуы мүмкін».

«Мақта терген өмірім» ойынының бір мақсаты - бұл ойын арқылы мақта терімі басталған кезде Өзбекстан балаларының жыл сайын үш-төрт ай сабақтан қалатынын әлемге жеткізу.

Ойынды жасап шыққан Роулинг:
Мақта терген бала. Өзбекстан, 2010 жылдың қыркүйегі.

Мақта терген бала. Өзбекстан, 2010 жылдың қыркүйегі.


- Балаларды мәжбүрлеп жұмысқа салу мәселесінен гөрі, ойынның өзі әлдеқайда танымал болады деп ойлаған жоқпын, - дейді.

Оның ойынша, «өзге адамның өмірін басқа да кісілерге шынайы етіп көрсететін мұндай ойындар да жасалып тұруы керек».

- Бұл - ерекше жасалған ойын. Біз оны адамды мезі қылатын етіп әдейі жасадық. Әдетте ойынды барынша қызықты етіп жасайды. Бірақ біз өте маңызды тақырыпты көтергендіктен, мейлінше оның мағынасын ашуға тырыстық, - дейді ол.

Ролуинг GameTheNews компаниясы жасаған ойындардың ішіндегі Сириядағы қақтығыс жайлы компьютерлік ойынның жұртқа (әлемге - ред.) тез тарағанын айтты. Тіпті оны кейбір мектептер оқу құралы ретінде де пайдаланған.

«Мақта терген өмірім» (My Cotton Picking Life) ойыны да елге дәл солай тез тарап кетуі мүмкін. Себебі ол шынайы өмірді бейнелейді.

Өзбекстандағы балалар сияқты сізге де мәжбүрлеп мақта тергізсе не дер едіңіз?

Мақаланы ағылшын тілінен Сағынай Кәрім аударды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG