Accessibility links

Шетелде ұзақ жүріп қалғандардың "қара тізімге" ілінуі


Мәскеудің Қызыл алаңында Өзбекстан туын ұстап отырған мигранттар. Туда "Қоқан" деген жазу бар. (Көрнекі сурет)
Мәскеудің Қызыл алаңында Өзбекстан туын ұстап отырған мигранттар. Туда "Қоқан" деген жазу бар. (Көрнекі сурет)

Халықаралық іздеуге түскен шетелдегі өзбекстандықтар жаңа билікте марқұм Каримовтың қудалау саясаты өзгермегеніне қапалы. Олар «қара тізімнен» енді қалай шығатындарын білмейді.

Египетте тұратын 33 жастағы Шавкат (аты-жөні өзгертілді- ред.) төрт жыл бұрын Ресейдің Владивосток аймағынан Каирге қашып кеткен.

​ - Владивостокта 12 жыл тұрдым. 2012 жылы Өзбекстан құқық қорғау орындары інім екеумізге іздеу жариялады. Інім намаз оқымайды. Оны Ресей ұстап, Өзбекстанға берді. Дін ұстанбаған ініме діни айып тағылып, 9 жыл бас бостандығынан айырды. Өзім танитын екі жігіт те солай сотталды. Отбасыммен Египетке қашудан басқа амалым қалмады. Ешқандай діни ағымның мүшесі емеспін. "Ислам мемлекеті" содырларының іс-әрекеттерін айыптаймын. Олардың істері дінге қайшы, – дейді өзіне тағылған діни экстремизм айыбымен келіспейтін Шавкат.

Азаттыққа дерек көзі берген діни экстремизм бойынша іздеу жарияланғандардың туыстарының ұялы телефон нөмерлері тізімінің көшірмесі.
Азаттыққа дерек көзі берген діни экстремизм бойынша іздеу жарияланғандардың туыстарының ұялы телефон нөмерлері тізімінің көшірмесі.

Азаттықтың Өзбек қызметі Шавкатты Өзбекстан полициясындағы дерек көзі берген "діни экстремизм бойынша іздеу жарияланғандардың туыстарының ұялы телефон нөмерлері тізімі" арқылы тапқан. Тізімде Шавкат пен оның 29 ауылдасына (тұрғындар қауіпсіздігі үшін атауы айтылмайтын бұл ауылда 25 мың халық тұрады-ред.) діни экстремизм айыбы тағылып, халықаралық іздеу жарияланған. Азаттық қызметі құқық қорғау орындарындағы дерек көзі берген 53 телефон нөмірінен тұратын тізімдегі 30 адамның туыстарымен хабарласып, іздеуде жүрген 17 адамның жақындарымен сұхбаттасты. Олардың Азаттықтың Өзбек қызметіне айтуларынша, Өзбекстан билігі іздеу жариялаған Шавкаттан бөлек, ауылдастарының бесеуі - Египетте, жетеуі - Түркияда, біреуі Норвегияда тұрады. Қалған үшеуінің тұрғылықты жері белгісіз. Іздеу жарияланып, тізімге алынған Шавкат ауылдастарының төртеуі - әйел, қалғандары ер азаматтар. Жас мөлшерлері 26 мен 46 аралығында. "Діни экстремистік ағымның мүшесі" ретінде іздеуге отбасы, ағайындарымен бірге түскендер де бар. Ауылдағы туыстары іздеу жарияланған бауырларын алды - сегіз, соңы бір жылдан бері көрмеген.

ЕЛДЕ ҰЗАҚ УАҚЫТ ТҰРМАУ АЙЫП ПА?

Шавкаттың жеті ауылдасы Владивостокқа жұмыс іздеп кеткеннен кейін оларға Өзбекстан іздеу жариялаған. Мұны естіген үш адам Түркияға қашып кеткен. Қалған үш адамның туыстары олардың қайда жүргенін білмейді.

​Шавкат өзге ауылдастары сияқты Владивостокқа барып, құрылыста жұмыс істегенін, орыс қызына үйленіп, бала сүйіп, тыныш өмір сүре бастағанын айтады.

- Владивостоктағы әндіжандықтар бір діни ағыммен байланыста болды. Өзбекстанға барған кезде солардың сөмкелерінен діни ағымға қатысты кітаптар шыққан. Олар "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандарын" мойындаған. Осыдан кейін Өзбекстанда Ферғана аймағынан шыққандардың бәрін жаппай тексеру басталды. Ұсталғандар бір-біріне қарсы куәлік берген. Кейіннен өзге аймақтан шыққандарды да тексере бастады. Ресейдің арнайы қызметі өзбек әріптестеріне Владивостокта жүрген өзбекстандықтардың көбін ұстап берді. Өзбекстанда оларды қамап тастады. Мен қашып кеттім, - дейді Шавкат.

Египеттен баспана тапқан Шавкаттың іздеу жарияланған бес ауылдасы әл-Әзхар университетінде оқыған. Соның бірі, төрт жыл бұрын іздеуге түскен 1977 жылғы жігіттің жағдайын ауылдағы ағайыны Азаттықтың Өзбек қызметіне айтып берді.

- Египетте оқып, сонда қалып қалды. Оған іздеу жарияланғанын ата-анасына төрт жылдай бұрын хабарлады. Тергеуге мені де шақырды. Тергеушіден бауырыма не үшін іздеу жарияланғанын сұрадым. Тергеушілер ағайынымның Өзбекстанда ұзақ уақыт болмағанын, құжатсыз жүргенін айтты. Іздеуге түскенін бізден естіген ағайын інім Египеттен Түркияға көшіп кетті. Елге оралғысы келеді, қамап қояды ма деп қорқады, - дейді аты-жөнін атамауды өтінген ауыл тұрғыны.

Іздеу жарияланған Шавкаттың үш ауылдасы қазір Египетте тұратыны анықталды. Өзбекстан құқық қорғау орындарындағы дерек көзінің Азаттыққа айтуынша, 2011 жылғы Тунис, Египет, Ливиядағы "араб көктемінен" кейін көптеген өзбекстандықтарға діни айыппен іздеу жарияланған.

- "Араб көктемінен" кейін Өзбекстанда ұзақ уақыт тұрмаған жандарға іздеу жариялау тапсырмасы берілді. Бұл - ел қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Егер азамат қандай да бір діни ағымға қосылып кетсе, оның Өзбекстандағы туған-туыстарын бақылауға алған дұрыс, - дейді құқық қорғау орындарындағы дерек көз.

Іздеу жарияланған Шавкат және оның ауылдастары өздерін арнайы қызмет бақылайтынын, кей жағдайда олармен телефон арқылы сөйлесетіндерін айтты.

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері қоңырау соғып, "Қайдасың?", "Не істеп жүрсің?", "Жағдайың қалай?" деп сұрап тұрады. Екі күн бұрын ғана WhatsApp-қа хат жазды, – дейді Шавкат.

Алайда кейбір адамдар өздеріне немесе туыстарына іздеу жарияланғанын білмейді. 30 жастағы келіншектің ауылдағы әкесі қызына іздеу жарияланғанын Азаттықтың Өзбек қызметінен естіп, қатты таңданды.

- Қызым төрт жылдан бері күйеуімен Түркияда жұмыс істеп жүр. Балалары қастарында. Олар қандай іздеуде? Ондайды қайдан шығардыңдар? Қызым үнемі қоңырау соғып, сөйлесіп тұрады, – дейді 57 жастағы әке.

Өзбекстанда іздеу жарияланған адамдардың суреттері
Өзбекстанда іздеу жарияланған адамдардың суреттері

Өзбекстандағы тәуелсіз құқық қорғаушылар бастамашыл тобының жетекшісі Сурат Икрамов діни айыпты желеу етіп, ұзақ мерзім елде тұрмағандарға айып тағып, іздеу жариялауды тоқтату керек дейді.

​- Соңғы кездері терроризммен күрес басқармасы қызметкерлері жұмыс іздеп шетелге кеткендерді діни экстремизммен айыптап, іздеу жариялап жатыр. Интерпол халықаралық іздеу қызметі экстремизм дегенге бірден көңіл бөледі. Іздеуге алынған адамның ешқандай айыбы, қылмысы, күнәсі болмауы да мүмкін. Бұл мәселеде сұрақ көп, жауап жоқ. Амал не, өзбек билігінің бұрынғы саясаты әлі жалғасып жатыр. Діни айыппен түрмеде 13 мың адам отыр. Осы істердің көп сотына қатыстым, айыпталушы қылмысы көп жағдайда дәлелденген емес. 15 немесе 20 жылға сотталғандар не үшін жазықты болғандарын түсінбейді, - дейді Сурат Икрамов.

Өзбекстан бірінші президенті Ислам Каримов өлімінен кейін президент міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев "діни экстремизммен күрес" бағдарламасы өзгермейтінін хабарлаған болатын. Құқық қорғаушылар Мирзияевтің осы мәлімдемесінен кейін Өзбекстанда "қара маскадағы" адамдардың іздеу жарияланғандардың ағайын-туыстарын, күдіктілерді тінтуі көбейіп кеткенін айтады. Ал марқұм Каримовтің діни экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы Өзбекстан азаматтарына негізсіз діни айыптар тағып, іздеу жариялауға түрткі болған.

Өзбекстан билігі іздеу жариялаған Шавкат пен оның шетте жүрген ауылдастарының туған-туыстарының Азаттықтың Өзбек қызметіне айтуынша, олар "қара маскалы" тінтулерден шаршаған. Ал шетелде қашып жүрген Шавкат сияқты тұрғындар Өзбекстандағы "қара тізімнен" қалай шығатындарын білмейді.

Діни экстремизммен күрес жүргізіп жатқан Өзбекстан билігі діни айыппен сотталғандар мен іздеу жарияланғандардың нақты санын көрсеткен емес.

(Мехбрион Бекиеваның мақаласы орыс тілінен ықшамдалып аударылды)

XS
SM
MD
LG