Accessibility links

Өзбек билігі мен имамдары тойдағы вальске наразы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Өзбек билігі жас жұбайлардың тойда вальс билеп, қонақтарға клип пен Love Story слайд-шоуын көрсетуге қарсы. Олар «бұл дәстүрге қайшы» дейді. Имамдар да оның «шариғатқа келмейтінін» уағыздауға көшті.

Ташкенттегі үйлену тойларын өткізумен айналысатын компанияның Низомиддин есімді қожайынының Азаттықтың Өзбек қызметіне айтуынша, «республикалық мәдени-ағарту орталығы өкілдері өзбек тойларында вальс билерін ұйымдастырмау және той басталарда қонақтарға жас жұбайлардың махаббат хикаясына арналған слайд-шоуды көрсетпеу туралы кеңес айтқан».

- Олар әуелі телефон соқты, кейін жиналысқа шақырып, үйлену тойларындағы вальс билеу мен Love Story (слайд-шоу) менталитетімізге қайшы екенін түсіндіре бастады. Біздің компанияда жас жұбайларға вальс билеуді үйрететін курс жұмыс істейді. Әзірше ашық тыйым салған жоқ, бірақ кеңес берді, - дейді той өткізетін компания қожайыны.

Оның айтуынша, бұдан соң компания қызметкерлері той өткізу сценарийлеріне жас жұбайлардың вальс билеуі мен екі жастың махаббатына арналған слайд-шоуды енгізбеуді ұйғарған.

«​ЖАТ БИ»​

Азаттықтың Өзбек қызметі дереккөзінің айтуынша, республикалық мәдени-ағарту орталығы Ташкентте үйлену тойларын өткізетін 140-тан аса мекеме өкілдері арасында «өзбек тойларын Батыс мәдениеті ықпалынан қалай құтқаруға болады» деген тақырыпта түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Өзбекстандағы тойдағы жас жұбайлар биі.
Өзбекстандағы тойдағы жас жұбайлар биі.

Бұдан бөлек, «Оила даврасида» («Отбасы аясында») газетінде өзбек тойларындағы вальс билеу мен слайд-шоу көрсетуді қаралап жазған мақала жарияланған.

Мақала авторы Дильфуза Тилляеваның жазуынша, жас жұбайлар вальсі мен үлкен экраннан қалыңдық пен күйеу жігіттің құшақтасып түскен суреттерін көрсету «өзбектің ақыл-парасатына жат».

Азаттықтың Өзбек қызметінің Ташкент облысы хокимияты (әкімдігі – ред.) жанындағы әйелдер ісі жөніндегі комитетіндегі дереккөзінің айтуынша, комитет өткен аптада өзбек тойларын өткізу тәртібін реттеу және Батыс елдері бұқаралық мәдениетінің өзбек тойларына теріс ықпалын жою мақсатында «Мәхалла» қайырымдылық қоғамдық қоры, «Камолот» жастар қозғалысы және денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп іс-шаралар жоспарын құрастырған.

– Қазір өзбек тойларында жас жұбайлардың вальс билеуі әдеттегі көрініске айналды. Біріншіден, бұл мәдениетімізге жат; екіншіден, артық ысырап. Вальс билеуді үйрететін курсқа болашақ қалыңдық пен күйеу жігіт кемі бір апта қатысуы тиіс. Курс ақшасын күйеу жігіт төлейді. Сондықтан той өткізетін мекеме қожайындарымен және той иелерімен тікелей сұхбат өткізіп жатырмыз, - дейді дереккөз.

ИМАМДАР ДА ҚАРСЫ

Жас жұбайлардың той кезінде вальс билеуіне жергілікті имамдар да наразы. Ташкенттегі «Мирзо Юсуф» мешітінің бас имамы Рахымберді Рахмонов баспасөзде жас жұбайлардың вальс билеуін қаралап жазған мақала жариялады.

Өзбек имамы мақалада «Кей қалыңдық пен күйеу жүздеген қонақ алдында сүйісуден ұялмайды. Мұны үлкен кісілер де «сән» санайды. Қазір той вальссіз өтпейтін болды. Жуырда бір танысым айтып берген оқиға бәрінен асып түсті. Оның айтуынша, өзбек тойларының бірінде салтанат залына қалыңдық бір топ жігіттің, ал күйеу жігіт бір топ қыздың қоршауында келген. Ал тағы бір тойда салтанат залына қалыңдықты «қорапқа салып» әкелген. Ең сұмдығы, өзбек тойларының бірінде басталған бұл «дәстүрдің» өзге тойларда да жалғаспасына ешқандай кепілдік жоқ. Шындығында, мұның себептері ұлтымыздың ерекшелігін жоғалтуында, халқымыздың байырғы төл мәдениеті мен дәстүрлерінен ажырап бара жатқанында, даңғазалықты әспеттеуімізде жатыр. Өз дәстүрлерімізді ұстануға қауқарсыз болғанымыз ба?» деп жазады.

Ташкенттегі тойларды артық ысырап үшін сынап жатады.
Ташкенттегі тойларды артық ысырап үшін сынап жатады.

Азаттықтың Өзбек қызметі дереккөздерінің хабарлауынша, жұма намазы кезінде Ташкенттің өзге мешіттерінде да жас жұбайлардың вальс билеуі дәстүрге жат екені туралы уағыздар айтылған.

«ТӘРТІПКЕ САЛУДЫҢ» ТИІМСІЗ ӘДІСТЕРІ

Өзбекстан үкіметі үйлену тойлары сияқты салтанатты шараларды «тәртіпке салуға» кейінгі 15 жылдан бері тырысып келеді. Бірақ биліктің бірінен кейін бірі қабылдап жатқан шараларына қарағанда, бұдан тиісті нәтиже шықпағаны байқалады.

2008 жылы қазанның 28-і күні Өзбекстан президенті Ислам Каримов артық шашылып, көл-көсір мерекелер өткізуге тыйым салатын жарлық шығарған. Жарлықта «үйлену тойлары, отбасылық салтанаттар, ас беру, марқұмдардың рухына арналған іс-шаралар кезінде даңғойлық, даңғазалық, ысырапшылдық сияқты ескілік сарқыншақтарына жол берілетін болып жүр» деп көрсетілген.

Бұдан бөлек, 2012 жылы Ташкент хокимияты той залдары, мейрамхана, кафелерде үйлену тойлары, отбасылық салтанат кештерін, ас беру сияқты шараларды өткізу ережелерін бекіткен. Бірақ мұндай құжаттар қағаз жүзінде қалып келеді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG