Accessibility links

Мінезі ашық Рим папасы Ватикан ғұрпын өзгертті


Рим папасы жұртқа қалжың айтып тұр. Бразилия, Сан-Паулу штаты, 24 шілде 2013 жыл.

Рим папасы жұртқа қалжың айтып тұр. Бразилия, Сан-Паулу штаты, 24 шілде 2013 жыл.

Сайланғалы бері Рим папасы Франциск шіркеудің салтын бұзып келеді - әлеуметтік желіні жақсы көреді, оқ өткізбейтін «папамобильге» мінбейді, қарапайым адамдарға өзі қоңырау шалады.

Франциск Рим папасы болып наурыз айында сайланды. Оның бұрынғы папалардан өзгешелігі Римдегі Әулие Петр соборының балконына шыққанда-ақ байқалды. 76 жастағы дінбасы бұл қызметке сайланғандарға берілетін жібек матадан тігілген қымбат киімнің орнына қарапайым ақ шапан киіп шықты.

ТЕЛЕФОН ТҰТҚАСЫН ӨЗІ КӨТЕРЕТІН ПАПА

Франциск - Рим папасы болған алғашқы латынамерикалық азамат. Ол 1 миллиард 200 мың католик сенім артқан дінбасыға айналды. Франциск ең ірі христиан қауымдастығында қалыптасып кеткен қасаң қағидаларды қарапайымдығы арқылы бұзуға тырысып келеді.

Рим папасы Франциск жұрт алдына ашық көлікпен келді. Италия, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Рим папасы Франциск жұрт алдына ашық көлікпен келді. Италия, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Туған елі Аргентинада епископ болған кезінде ол кедейлер тұратын аудандарға жиі барған екен. Жұмысқа автобуспен қатынап, өз тамағын өзі пісіретін болған. Папа болып сайланғаннан кейін де ол осы қарапайымдылығын жоғалтқан жоқ - дінбасыға лайық сән-салтанаттан бас тартып, «папамобильдің» орнына Ford Focus көлігіне отырды, Апостол сарайынан Ватикандағы қарапайым үйге көшті, Рим папасына арналған алтынмен апталған тақтың орнына ағаш орындық қойды, әрі ол өзінің жүгін әрдайым өзі көтеріп жүреді.

Франциск жұртты кедейлерге көмектесуге шақыру үшін Twitter әлеуметтік желісін пайдаланады. Жақында ғана ол Ватиканға келген жастармен кездесу кезінде өзін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Оның бұл әрекетін қолдағандар көп болды.

Ол телефон тұтқасын өзі көтереді және өзіне хат жазған адамдарды сабырға шақырып, үміт беру үшін оларға өзі қоңырау шалады.

Осы әрекеттеріне қарап отырып оны біздің заманымыздағы ең қарапайым, әрі ашық папа деуге болады. Ол осыған дейін католик шіркеуі сыртқа теуіп, айыптап келген топтарға, соның ішінде гомосексуалдар мен атеистерге құшағын ашып, оларға жақындау арқылы жұртты тағы бір мәрте қайран қалдырды.

Ол шілде айында Рим папасының ұшағында кетіп бара жатып журналистердің гомосексуализмге қатысты сұрағына ешкім күтпеген жауап қайырды. Ол католиктердің қатып қалған қағидасы - «гомосексуализм – асқан арсыздықтың белгісі» деудің орнына, «Егер ол адам гей болса, бірақ Құдайын іздесе және ниеті таза болса, онда оны жазғыратындай мен кіммін?» деп жауап берген.

«АШЫҚ МІНЕЗ КӨП НӘТИЖЕ БЕРЕДІ»

Бостон университетіндегі дінтану кафедрасының меңгерушісі, теология профессоры Томас Грумның айтуынша, «Францисктің бұл ашық-жарқын мінезі көп нәтиже беруі мүмкін. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан ауруханалары мен емханаларының, мектептері мен кедейлікпен күрес бағдарламаларының арқасында католик шіркеуі жер бетіндегі білім берумен, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысатын ірі ұйым болып отыр».

Томас Грум:

Рим папасы Францисктің католик шіркеуінің басшысы қызметіне сайланбай тұрған кардинал кезі. Ол сүйікті футбол командасы "Сан Лоренсоның" жалауын ұстап тұр.

Рим папасы Францисктің католик шіркеуінің басшысы қызметіне сайланбай тұрған кардинал кезі. Ол сүйікті футбол командасы "Сан Лоренсоның" жалауын ұстап тұр.

- [Шіркеудің] бүкіл ғаламшарда адам өмірінің сапасына ықпал ететін зор мүмкіндігі бар. Сондықтан католицизмді өзгерту тек католиктердің мүддесі емес. Бір көшеде қатар тұратын еврей көршілерімнің өзіне папаның сөздері қатты әсер еткен, - дейді.

Католик шіркеуі тарихын зерттеуші Джеймс Хичкоктың айтуынша, «Франциск католицизмнің қайырымдылық пен әлеуметтік әділдікті ұстанатын тармағы – иезуиттік философияны таратуға мүдделі. Сондықтан ол кейде ешкімнің көмегінсіз, дайындықсыз табан астында сөз сөйлеуге құмар».

- Бұрындары папаның сөйлейтін сөзі мұқият дайындалатын. Мәтінді түрлі адамдар шұқшия қарап, редакциялап шығатын. Ал қазіргі дінбасы еркіндікті ұнатады, - дейді Джеймс Хичкок.

Францисктің ешқандай шектеулерге бағынбайтыны оның Рим қаласында орналасқан La Civilta Cattolica иезуиттік журналына ұзақ сұхбат беруінен де байқалды. Осы сұхбатта ол «жасанды түсік, гейлердің үйленуі, тууды шектеу мәселелері бойынша жаңа баланс таппаса, шіркеу қазіргі қоғамды артынан ерте алмайтынын» айтты.

Бостон университетінің профессоры Томас Грумның айтуынша, «Франциск «жаңа леп әкеледі» деген үмітті ақтап келеді».

- Оның «шіркеу жазалайтын әке емес, мейірімді ана рөлін атқаруы керек, шіркеу қатаң заңдарға емес, жанашырлық пен қайырымдылыққа сүйенуі керек» деген позициясы кейінгі алты айда да, осы сұхбатта да көрінді, оның кедейлердің жағдайына жаны ашитыны байқалады, - дейді сарапшы.

Рим папасы Франциск байкерлерге сәлім беріп тұр. Италия, 16 маусым 2013 жыл.

Рим папасы Франциск байкерлерге сәлім беріп тұр. Италия, 16 маусым 2013 жыл.

​Францисктің бұл сұхбатын жұрт жаппай оқып талқылап, сұхбатты ағылшын тілінде көшіріп басқан «Америка» атты католиктер журналы мақаланың астындағы «комментарийлер» бөлімін алып тастауға мәжбүр болған. Мұны осы журналдың бас редакторы Тимоти Рейди айтты.

Франциск католик шіркеуін қолдайтын адамдарды көбейтіп, шіркеу қызметіне жаңа леп әкелді, басқа діндер сияқты қолдаушылардың азаюымен күресіп жатқан шіркеу үшін бұл – үлкен жетістік. Жұрттың католик шіркеуінен теріс айналуына Римнің контрацепция сияқты мәселелерге қатаң қарсылық танытуы себеп болды деп айтылып жүр.

«ШІРКЕУ ПОЗИЦИЯСЫ БӘРІБІР ӨЗГЕРМЕЙДІ»

Дегенмен, біз сұхбаттасқан католик діні жөніндегі сарапшылардың үшеуі де Францисктің діни көзқарастары емес, жалпы бағыты туралы ғана айтып отыр.

- Халыққа жанашырлық көрсетіп, «Сендерді алаңдататын дүниелерді білемін, сендерге көмектесем», «Проблемалар бар, оларды шеше аласыңдар» деп менің де сөйлеуіме болады. Шынтуайтына келгенде ол гомосексуализмге рұқсат бермек емес. Мәселе тек тактикада болып тұр, - дейді Джеймс Хичкок.

Вашингтондағы Католик университетінің теология және діни ілім мектебінің деканы Марк Морозович те:

- Аталған мәселелерге қатысты шіркеудің басты ұстанымдары мен қағидалары өзгермейді. Ал пастор жұртқа көзқарасымызды жеткізуіміз, адамдармен тығыз қатынас орнатуымыз керек деген тұрғыда әрекет етіп жатыр, - дейді.

Рим папасы кішкентай қызбен амандасып тұр. Ватикан, 24 сәуір 2013 жыл.

Рим папасы кішкентай қызбен амандасып тұр. Ватикан, 24 сәуір 2013 жыл.

​Шындығында, әлгі сұхбатында Франциск гейлердің үйленуі және тууды шектеу мәселелеріне қатысты шіркеудің докторинасы «айқын» екенін айтқан. Осы сұхбат жарық көргеннен бірер күн өткенде ол католик дәрігерлермен кездесіп, жасанды түсік жасатуды сынады.

Морозовичтің ойынша, «қалай дегенмен де жаңа папа тек католик шіркеуіне емес, қоғамға да көп жақсы өзгерістер әкеледі» деп санайды.

- Франциск үлгіге айналып келеді. Оның өнегесі - қайырымдылық, адамдардың бірін-бірі сыйлауы, - дейді ол.

Хизер Мейердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG