Accessibility links

«Санкция азық-түлік импортын тежей алмайды»


Мәскеу супермаркетінде тауар қарап жүрген әйелдер. (Көрнекі сурет)

Мәскеу супермаркетінде тауар қарап жүрген әйелдер. (Көрнекі сурет)

Ресейдегі «Пятерочка» гипермаркеттер желісінің негізін қалаушы бизнесмен Дмитрий Потапенко Кремльдің батыстық азық-түлік импортына салған тыйымы жайлы Азаттыққа сұхбат берді.

Ресейдегі «Пятерочка» азық-түлік гипермаркеттері желісінің негізін қалаушы, қазіргі Management Development Group компаниясының басқарушы әріптесі Дмитрий Потапенконың айтуынша, Мәскеу мен Батыс арасында үлкен экономикалық соғыс болмайды. Ресей ешқашан таза отандық азық-түлік өнімін шығармайды, ал жеміс-жидек пен көкөніс Еуропадан Ресейге Беларусь арқылы ағылып келе береді дейді бизнесмен.

«ИМПОРТТЫҢ ОРНЫН ИМПОРТ БАСАДЫ»

Азаттық: – Екі арада азық-түлік саласын да қамтыған ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Кремльдің үгіт-насихатшылары Ресей азық-түлігінің сапасы Еуропа және Американікінен кем емес екенін, халықтың аштан қалмайтынын, баға толық бақылауда болатынын айтып қарапайым жұртты сендіруге тырысып отыр. «Азық-түлік» насихатының мақсаты «Еуропалықтар мен америкалықтарды қалай сан соқтырғанымызды көріңдер, олар шығынға белшеден батып жатыр» дегенге халықты иландыру. Бұл соғыста жеңіске жеткен де сияқтымыз. Мәселен, Грекия парламентінде коммунистер Ресейді жақтап сөз сөйледі, ал грек кәсіпкерлері басшыларына дүрсе қоя берді. Солай емес пе?

Бизнесмен Дмитрий Потапенко.

Бизнесмен Дмитрий Потапенко.

Дмитрий Потапенко: – Жоқ. Кез келген соғыстың міндеті – өзіне тиімді шарттармен жеңіске жету. Бұл үшін неғұрлым аз шығын жұмсалуы керек. Сондықтан идеология азғантай ресурсқа негізделіп жасалуы тиіс. Неғұрлым аз ресурс жұмсалса, соғұрлым жақсы. Тым қатты тыраштанудың да керегі жоқ. Біздің басшылардың орнында болсам, мен үш-төрт ақпарат құралына телефон шалып, санкция туралы мүлде сөз қозғамауды бұйырған болар едім. Бұл үгіт-насихат соғысын жүргізгеннен әлдеқайда арзанға түсер еді. Кез-келген идеологияға қаржы жұмсауға тура келеді. «Жақ ашсаң, лицензияңнан айырам» деп қорқытсаң, анағұрлым оңай, түсінікті, әрі арзан.

Азаттық: – «Ашанда» және тағы бірнеше супермаркетте болдым. Сөрелер Еуроодақ елдерінен келген азық-түлікке лық толып тұр. Испаниядан әкелген алхоры, француздардың «Голден» алмасы, гректердің өрігі, италияндардың рукколасы, литвандардың шпрот балықтары – бәрі ескі бағамен самсап тұр. Жұрт жаппай сатып алып жатыр. Сатушылар «соңғы тауарды сатып жатырмыз» дейді. Бұлардың орнына басқа тауар келеді, бірақ әзірге қандай азық-түлік келетінін ешкім айтпайды. Сонда олардың орнын не басады?

Сөрелерді тек Медведев айтты екен деп толтырмайды, егер сөре бос қалса, бұдан ең алдымен дүкен шығынға ұшырайды.

Дмитрий Потапенко: – Импорттың орнын импорт басады, басқа не болушы еді? Бірақ олар басқа құжатпен, басқа бағамен келеді. Орнын алмастыра алмайтын тауарлар бар. Жұрттың көбі бірден алманы ойлайды, дегенмен әр елден әртүрлі сұрыпты алма келеді, олар бір-біріне ұқсамауы мүмкін. Алманың түрлері өте көп. Әр сауда желісі, әр сатушы тығырықтан өзінше шығады. Сөрелерді тек Дмитрий Медведев айтты екен деп толтырмайды, егер сөре бос қалса, бұдан үлкен сауда желісі болса да, шағын дүңгіршек болса да, ең алдымен дүкен шығынға ұшырайды. Біз шетелдік фермерге санкция салдық екен деп ешкім операциялық шығындарды азайтпайды, жалдау ақысын арзандатпайды, салықты алып тастамайды, ал жұмысшылар жалақыдан бас тартпайды.

«ЛУКАШЕНКО ӨТЕ ДҰРЫС САЯСАТ ЖҮРГІЗІП ОТЫР»

Азаттық: – Ал сіздердің кафе, мейрамханаларыңыз қалай күнелтпек?

Дмитрий Потапенко: – Бізге тығырықтан шығу бір жағынан оңай, бір жағынан қиын болмақ. Тізім бойынша санкция салынатыны белгілі болды. Енді сөрелерде «белорус-польшалық» алмалардың пайда болатынын да білеміз. Статистикаға қарасақ, Минскімен сауда қазірдің өзінде қарқынды жүріп жатыр. Қазір Беларусьтан бізге «белорус» ананастары, банандары, өріктері жеткізіліп жатыр. Лукашенко өте дұрыс саясат жүргізіп отыр. Ол ешқандай санкцияға қосылмай, өз елін өткел ретінде пайдаланып отыр.

Азаттық: – Еуропадан азық-түлік жеткізілетін дәліз осы бола ма?

Ресей халқының 72 пайызы санкцияларды қолдайды, демек олар Қытай алмасын жеуге тиіс болады.

Дмитрий Потапенко: – Беларусь – көп варианттың бірі ғана. Қарапайым халыққа айтылған «Польша – негізгі алма өндіруші» деген әңгіме – шылғи өтірік. Алманы ең көп өндіретін ел – Қытай. Польша бесінші не алтыншы орында ғана. Қытай алдыңғы бестіктегілердің бәрін қоса есептегендегіден көп алма өндіреді. Осы айырмашылықты байқау керек. Органолептикалық тұрғыдан бағалағанда қытай тауарларының дәмі нашар болатыны рас. Ресей халқының 72 пайызы санкцияларды қолдайды, демек олар Қытай алмасын жеуге тиіс болады.

Азаттық: – Ал Ресейдің өз алмасы ше?

Дмитрий Потапенко: – Үгіт-насихат құралдары айтып жүргендей, сауалнама нәтижелері көрсеткеніндей, олар дәмді болса дәмді шығар. Бірақ, өкінішке қарай, халық дүкенге келгенде бәрібір бағасына қарап таңдайды. Сондықтан олар көбіне трансұлттық корпорациялардың өнімдерін алады. Демек, халық азық-түлік бойынша патриоттық танытып жүр деген – бос сөз. Әлгі адамдар отандық сүтті сатып алдым дегенде ол сүттің швед тетрапакетіне құйылғанын, шетелдік құрғақ сүттен жасалғанын, немістің не голландтың құралында әзірленгенін ұмытып кетеді. Оны да ресейлік жұмысшылар өндірсе жақсы, мұндай жұмысты көбіне тәжіктер, не молдовандар істейді. Сүттегі «жергілікті фермер» деген жазудан басқаның бәрі шетелдік болар.

Әйтеуір картоп пен майшабақты жейтініміз анық дейміз. Шынтуайтына келсек, картоп тұқымының 90 пайызы голландтікі екенін мойындау керек. Демек, бұл санкция түбімізге жетуі мүмкін. Басында бізге санкция салмай жайына отырған Норвегия біздің қадамымыздан соң санкцияға қосылды. Егер Голландия картоп тұқымын беруге тыйым салатын болса, біз сонда не жемекпіз?

«ОТАНДЫҚ ӨНІМ ШЫҒАРМАҒАЛЫ 20 ЖЫЛ БОЛДЫ»

Азаттық: – Шұжықты мысалға алайық. Көбіне шетелден келетін етті айтпағанда оған тұрақтандырғыш, соя, крахмал, дәмдеуіштер қосылады. Бұлардың қанша пайызы Еуропадан әкелінеді?

Дмитрий Потапенко: – Бізде шығатын азық-түлікке қосылатын заттардың 80 пайызы Еуропа мен АҚШ-тан келеді. Сондықтан, «отандық өнім» деген тіркесті қолданудың өзі артық. Ресейде отандық өнім шығарылмағалы 20 жыл болған. Бұл құрамдас заттарды әкелуге тыйым сала қойған жоқ. Азық-түлік соғысы ушығып, батыстық өндірушілер ашуға мінсе, онда ахуалымыз нашарлайтыны анық.

Бізде шығатын азық-түлікке қосылатын заттардың 80 пайызы Еуропа мен АҚШ-тан келеді.

Ресейдің қарапайым халқына қарсы ешкім санкция салып отырған жоқ. Барлық санкция мемлекеттік құрылымдар мен шенеуніктерге қарсы салынып жатыр. Ал халық «шенеуніктер елдің қамын жеп жүр» дегенге иланып отыр. Солай болды екен, демек, бұл жүкті өздері мойнымен көтеруі керек.

Азаттық: – Айталық, Ресей алкоголь өнімдеріне, зәйтүн майына, консервілерге тыйым салса. Егер сіз осы өнімдерді жеткізіп отыратын Батыс компаниясының өкілі болсаңыз, қандай жауап қатар едіңіз?

Дмитрий Потапенко: – Егер шындап ерегіссек, Батыстың орнында болсам алдымен картоп тұқымына тыйым салар едім. Сонда, бізде мүлде тамақ өнеркәсібі қалмайды. Мен Канада бұқаларының ұрығын әкелуге тыйым салар едім. Сонда, бізде мүлде мал шаруашылығы қалмайды.

Еуропалықтар санкцияларға өте сақ қарап, өз халқына, кәсіпкерлеріне зиянын тигізіп алмауды ойлап әрекет етіп отыр. Себебі, бұл – ел экономикасының негізі екенін олар түсінеді. Еуропа кәсіпкерлеріне қарсы біз қолданған санкциялардың шығыны «Брюссель қазанынан» өтелетін болады. Сондықтан, олар үшін ең оңайы Ресейдің мұрнынан шертіп қалып, Ресей аумағындағы шикізат пен материал шығаратын өнеркәсіп орындарына құрал-сайман, қосалқы бөлшектер, құрамдас бөліктер, бағдарламалар жіберуді тоқтату болар еді.

«САУДАҒА ТҮСЕТІН – УКРАИНА»

Азаттық: – Сіздің ойыңызша, Ресей үлкен экономикалық соғыста жеңіле ме?

Қазір ХХІ ғасыр, сауда соғысы скальпельдің көмегімен жүріп жатыр, ал біз болсақ, баяғы аркебуздарды қолданып соғысқымыз келеді.

Дмитрий Потапенко: – Үлкен экономикалық соғыс болмайды деп үміттенемін. Сауда соғысы – жиі кездесетін құбылыс, кез келген мемлекет мұндай соғысты жүргізе алуы керек. Қазір ХХІ ғасыр, сауда соғысы скальпельдің көмегімен жүріп жатыр, ал біз болсақ, баяғы аркебуздарды қолданып соғысқымыз келеді, мәселе сонда. Біз тізе бүгіп қалмаспыз, үлкен соғысқа дейін жетпеуі мүмкін, текетірес тек басқа бағытқа ауысады. Өкінішке қарай, саудаға түсетін – Украина болмақ.

Азаттық: – Санкция Еуропаны да сансыртпай ма? Мемлекеттік телеарналар Грекия, Польша, Испаниядағы байбалам туралы айтып жатыр.

Дмитрий Потапенко: – Әрине, байбалам салып жатқандар бар. Бірақ, Еуропа Одағының ауыл шаруашылығына беретін көмегі 48 миллиард еуро, ал біздің санкция бар болғаны 12 миллиард еуро көлемінде шығын келтіреді. Қырымға жылына 4 миллиард доллар, ал Олимпиадаға 50 миллиард доллар жұмсағанымызды еске салайын. Біз Олимпиадаға қыңқ деген жоқпыз ғой, еуропалықтардың да 12 миллиардқа қабырғасы қайыса қоймас.

Азаттық: – Демек, Кремль осымен тәубеге келіп, азық-түлік импортын шектеуді доғара ма?

Түрлі бағдарламалар бойынша субсидия алатындардың көбі – губернаторлардың балалары не олардың жақындары.

Дмитрий Потапенко: – Батысқа қарсы саясат жалғаса береді, бірақ енді ол тауар нарығынан басқа жаққа ойысады. Бұл бір ақылға сыйымсыз, қатыгез бүлік болды. Сондықтан, санкциялар әрі қарай басқа салада жалғасады.

Азаттық: – Шетелдік өнім өндірушілерге санкция жарияланғанда біздің аграрлық сала өкілдері бөріктерін аспанға атып қуанды ма, әлде дүкен сөрелеріне тауарды тез жеткізе алмаймыз-ау деп қиналды ма?

Дмитрий Потапенко: – Мемлекеттік құрылымға кіретіндер қуанған болар. Түрлі бағдарламалар бойынша субсидия алатындардың көбі – губернаторлардың балалары не олардың жақындары. Олар үшін ештеңе өзгерген жоқ. Тауар өндіру тізбегі жеті бөліктен тұрады. Олар: өндіріс, қайта өңдеу, қаптау, транспорттық логистика, қоймалық логистика, жинақтау логистикасы, ең соңында – бөлшек сауда. Ресейде осы тізбектің ортаңғы бөлігі дамымаған.

Мумин Шакиров жүргізген сұхбатты тәржімалаған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG