Accessibility links

Еуропаны 2016 жылы не күтіп тұр?


Түркиядан Грекияның Лесбос аралына теңіз арқылы жеткен босқын әйел. 15 қазан 2015 жыл.

Түркиядан Грекияның Лесбос аралына теңіз арқылы жеткен босқын әйел. 15 қазан 2015 жыл.

2015 жылы Еуропа Одағы соғыстан қашқан мигранттар тасқынына қарсы тұрып, күшейіп алған оңшыл саясаткерлермен күресті, одан қалса Ресейдің Украинадағы ахуалға килігуінің зардабын тартты.

Берлин қабырғасы құлағалы ширек ғасыр өтті. Ауқымы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегідей болатын мигранттар нөпірінің кесірінен Еуропада жаңа қабырғалар тұрғызыла бастады. 28 елден құралған одақтың іргесі сөгіліп, болашағы бұлыңғыр болып тұр.

2016 жылы Брюссель Таяу Шығыстағы, Африка мен Азиядағы соғыс пен кедейліктен қашқан мигранттар тасқырынымен ғана емес, сонымен байланысты басқа да проблемалармен, мәселен, Еуропада паспортсыз жүру режимін алып тастау шаруасымен де бас қатырмақ. 13 қарашада «Ислам мемлекеті» ұйымының террористері Парижде 130 адамды өлтірген соң паспорттық режимді қайтару туралы ұсыныстар жиі айтыла бастады.

Ішкі мәселелерге келсек, Брюссельді 2016 жылы Ұлыбританияда өтетін Еуропа одағы құрамынан шығу туралы референдум мазалап отыр. Егер Англия Еуроодақтан шықса, онда бұл блок екінші ірі экономикасынан айырылады деген сөз. Ал құрлықтың арғы басында 150 миллион тұтынушысы бар Ресей нарығы менмұндалап тұр. Еуроодақтың үшінші ірі сауда әріптесі болып келген Ресейге салынған санкцияны алып тастау мәселесі де қаралуы ықтимал. Санкция Ресейге Украинадағы жағдайға киліккені үшін салынған еді.

МИГРАЦИЯ

2016 жылы миграция дағдарысы аяқталмайды. Еурокомиссияның қарашада жасаған есебі бойынша, 2016 жылдың соңына дейін одақ аумағында үш миллионға дейін босқын келуі мүмкін. Ал биыл Еуроодаққа көбіне Грекия және Италия арқылы бір миллионға жуық адам келген. Демек, алдағы жылы босқын саны үш есе көбеймек. Еурокомиссияның болжамы бойынша, кәрі құрлыққа ағылған босқын легі 2017 жылға дейін толастамайды.

Шығыс пен Батыс Еуропаны қақ бөліп жатқан ішкі алауыздық кесірінен одақ өзінің ең басты проблемасына қатысты көпке дейін ешқандай әрекет жасай алмады. «Миграцияға қарсылар» тобын бастаған Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қыркүйекте «христиандық Еуропаны сақтау үшін өз шекарамызды күзетуіміз керек» деп мәлімдеді. Мигранттардың көбі Шенген аймағына есігі айқара ашық жатқан Венгрияны өткел ретінде пайдаланып, ішкері қарай өтіп кеткен.

Шекараны бекіту үшін Орбанның үкіметі оның бойымен дуал тұрғызды. Оның ізін ала Македония, Австрия және Словения да өз шекараларының біраз жеріне биік қабырға салып тастады.

Венгрияның Сербиямен шекарасында полициямен қақтығысып, қашып бара жатқан мигранттар. 16 қыркүйек 2015 жыл.

Венгрияның Сербиямен шекарасында полициямен қақтығысып, қашып бара жатқан мигранттар. 16 қыркүйек 2015 жыл.

Желтоқсанда алдымен Словакия, одан соң Венгрия Еуроодақтың 120 мың босқынды өзара бөлісу туралы жоспарына қарсы шығып, сотқа шағымданды. Оның өзінде бұл – Еуроодаққа қарай ағылған босқындардың азғантай бөлігі ғана.

2016 жылы Брюссельдегі шенеуніктер сот процестерімен бас қатырады, оның үстіне олар белгілеген квоталардың тым аз екеніне көз жеткізеді. Бірақ, онсыз да наразылық танытып жүрген Шығыс Еуропа елдерінің басшыларын квотаны көбейтуге көндіру үшін Бисмарктың дипломатиялық дарыны қажет.

Брюссель Түркияға үш миллиард еуро (3,2 миллиард доллар) көмек пен біраз жеңілдіктер берді. Соның қайтарымы ретінде Түркия соғыс шарпыған Сириядан қашқан босқындарды Еуроодаққа жібермей, ұстап қалуға тиіс.

Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері Джуди Демпсидің айтуынша, босқындар легін тоқтату үшін Сириядағы кикілжіңді шешу керек. 2015 жылдың соңына қарай бұл жанжалды шешу бойынша дипломатиялық шаралар қолға алына бастады. Алайда, Ресейдің әуе шабуылы бұл процесті кідіртіп тастады. Ал Түркияның Ресей ұшағын атып құлатуы дауды дипломатиялық жолмен шешуге деген үмітті мүлде өшірді.

– Барлық оппозициялық партиялар мен топтар мәселені шешу бойынша бір байламға келе ала ма? Меніңше, бұл өте қиын. Сауд Арабиясының мүддесі қандай? Иранның ойы не? Ресей нені көксейді? Еуропаның, Американың мүдделері қандай? Өкінішке қарай, миграция дағдарысы әлі біраз уақыт жалғаса береді, - деді Азаттыққа берген сұхбатында Джуди Демпси.

ШЕНГЕН

Миграция дағдарысы, әсіресе Грекияның теңіз арқылы келіп жатқан босқындарды тәртіпке келтіре алмауы шекарасы ашық жатқан Шенген аймағындағы жағдайды ушықтыра түседі. Шенген келісімі Еуроодақтың 22 мүшесі мен басқа төрт елдің арасында паспортсыз қатынауға мүмкіндік береді. Париждегі терактіден соң Шенген келісімін өзгерту, тіпті оны мүлде алып тастау туралы ұсыныстар жиі айтыла бастады. Терактіні ұйымдастырды деп айыпталғандар Брюссель маңындағы Моленбек қаласынан келген. Алайда, Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель қарашада теракт Еуропаның ашық жатқан шекараларының кесірінен болды деп мәлімдеп, Шенген шарты қажет емес дегенді тұспалдап жеткізді. «Біз қазір Еуропадағы қауіптің жаңа деңгейімен бетпе-бет кезіктік» деді ол.

Еуроодақтың ішкі шекаралары жөніндегі алауыздық өз алдына, блок мүшелері одақтың сыртқы шебі бойынша да бір тоқтамға келе алмай отыр. Франция мен Германия шекара қорғауда Еуроодақ шекара күштері – Фронтекске көбірек өкілеттілік алып бергісі келеді. Ақпарат құралдарының желтоқсанның басында таратқан хабарларына қарағанда, Франция мен Германия Шенген аймағы сақталған жағдайда оның сыртқы шекарасындағы күзетті күшейту шараларының тізбесін ұсынған. Ол тізімде жаңа шекара қызметі және жағалау күзеті агенттігін құрып, оның бөлімшелерін мемлекеттердің келісімінсіз-ақ олардың аумағына орналастыру туралы ұсыныс бар.

Хорватиямен шекарада тікенек сым тартып жатқан Словения сарбаздары. 12 қараша 2015 жыл.

Хорватиямен шекарада тікенек сым тартып жатқан Словения сарбаздары. 12 қараша 2015 жыл.

Брюссель Шенген аймағынан уақытша шығарып тастаймыз деп қорқытып, Грекияны өз аумағында Фронтекс күштерін орналастыруға көндірмекші. Грекияның қарыздары мәселесінде Еуроодақпен сөзге келген солшыл көзқарастағы премьер-министр Алексис Ципрас Фронтекс сарбаздарының тек аздаған бөлігін өз аумағында орналастыруға келісім берді. Жерорта теңізімен жүзіп келген босқындардың өткеліне айналған Италия да Еуроодақтың шекараны нығайту бастамаларына күмәнмен қарайды.

20 қарашада Франция ішкі істер министрі Бернар Казнев «одақ аумағына сырттан келетін адамдардың барлығына бақылауды жүйелеу үшін» Еуропа одағына мүше елдердің ішкі істер және әділет министрлеріне Шенген кодексін реформалау бойынша жоба әзірлеуге тапсырма берілгенін айтты.

Бірақ, келісімге келудің қандай қиын екенін ескерсек, 2016 жылы әр мемлекет бұл жайт бойынша өз бетінше шешім қабылдай бастауы мүмкін.

– Сыртқы саясатта және қауіпсіздік мәселесінде ренационализация күшейіп келеді. Бұл үрдіс соңғы бірнеше жылда байқалған, енді тіпті өрши түседі. Ал басқа проблемаларға келетін болсақ, алдағы жылы Еуроодақ ішінде бірыңғай ұстаным қалыптастыру қиындай түспек, – дейді Демпси.

ОҢШЫЛДАРДЫҢ БАС КӨТЕРУІ

Мигранттардың келуіне наразылар саны артып, Еуроодақ әлсіздік танытқан сайын бүкіл Еуропада ксенофобтар, фашистер және басқа да әсіреоңшылдар бас көтере бастады. 2016 жылы олардың үні бәсеңдейді деуге негіз аз.

Париждегі терактіден соң Францияның «Ұлттық майдан» атты әсіреұлтшыл партиясын қолдаушылар саны күрт артты. 6 желтоқсанда өткен аймақтық сайлауда олар 13 аймақтың жартысында бірінші орында тұрды. Бірақ, сайлаудың екінші кезеңінде «Ұлттық майдан» барлық өңірде жеңілді. Сарапшылардың айтуынша, бұған Социалистік партияның әсіреоңшылдар жеңіп кетпес үшін кей аймақтарда додадан шығып, өз қолдаушыларын консерватор кандидаттарға дауыс беруге шақырған әрекеті себепкер болған.

Франциядағы оңшылдар жөніндегі сарапшы Жан-Ив Камюдің айтуынша, Еуропадағы оңшылдар құрлыққа ағылып жатқандарды «босқындар, мигранттар деп емес, жаулаушылар деп қабылдайды». Босқындардың көбі мұсылман болуы олардың «Еуропадағы христиандық дәстүр үшін күресуші» ретіндегі идеологиясымен жақсы қабысып жатыр.

Францияның «Ұлттық майдан» атты әсіреұлтшыл партиясы жетекшілері сайлауалды науқан кезінде. 25 қараша 2015 жыл.

Францияның «Ұлттық майдан» атты әсіреұлтшыл партиясы жетекшілері сайлауалды науқан кезінде. 25 қараша 2015 жыл.

Тіпті толерантты болып саналатын Скандинавия елдерінде әсіреоңшылдардың белсене бастағаны байқалады. Швецияда «ақ нәсілділердің үстемдігі үшін күресеміз» деген ұранмен 1980-жылдары құрылған «Швед демократтары» партиясы біртіндеп күшейіп келеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, он миллион тұрғыны бар бұл мемлекет биыл 190 мың мигрантты паналатуы тиіс. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жақсы дамығандықтан, мигранттардың нөпірін қабылдап үлгермей жатқан көрші Норвегия «бұдан әрі Еуроодақтағы ең төменгі көрсеткіш шегінде ғана босқын қабылдайтынын» хабарлады. Үкіметтің бұрынғыдан қатаң ұстанымы жергілікті экстремистерден аргументінің бір бөлігін «тартып» алатын болды.

Жұрттың наразылығынан сескенген үкіметтің қандай қатаң шараларға баратынын Швециядағы жағдайдан-ақ байқауға болады. Венгрияда Орбанның «Фидес» партиясы дәстүрлі оңшыл бағытты ұстанады. Алайда олар әсіреұлтшыл «Йоббик» партиясы алдын орап кетпес үшін тіпті оңшыл саясат жүргізуге тырысады. Осының арқасында ұзақ уақыт билікте болған Венгриядағы Орбанның жетістігі Польшадағы «Құқық және әділдік» партиясына да үлгі болса керек. Сегіз жыл оппозицияда болған бұл партия қараша айында билікке келді.

11 желтоқсанда «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарық көрген мақаласында саясаттанушы Иван Крастев «Құқық және әділет» партиясы сияқты популистік әрі радикал партиялар өкіметке өкпелі халықты өз жағына тартып, билікке келіп жатқанын айта келе, бұл тенденцияның болашақта Еуропа одағына өте ауыр зардап әкелуі ықтимал екенін ескертеді. «Мұндай партиялардың күш алу себебі – халықтың көбі қауіптің артқанын сезіп отыр, ал бұл Еуропада үлкен саяси күшке айналып келеді. Олар өз өмірлеріне төнген (шынайы әлде жалған) қауіптің жауапкершілігін космополиттік пиғылдағы элита мен кланға бейімделген мигранттардан іздеп отыр», – деп жазады Крастев. Оның айтуынша, егер басқалар да Орбанның істегенін істеп, «Еуроодақтан миллиардтаған экономикалық көмек ала тұра, барлығына сол одақты кінәлай беретін болса, онда бір күні бәрі соған жаба беруге үйренген Еуроодақ атымен өшуі мүмкін».

«БРЕКЗИТ»

Оңшыл партиялардың, соның ішінде еуроскептицизм бағытын ұстанатын Біріккен Корольдіктің Тәуелсіз партиясының талап етуімен, мамырдағы сайлауда Тори партиясына жеңіс әперу мақсатында Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон елдің Еуроодаққа мүшелігіне байланысты референдум өткіземін деп уәде берген. Англия 18 елден тұратын валюта одағы – еуроаймаққа кірмейді. Дегенмен, ол – Еуропадағы экономикасы жөнінен екінші ірі ел, егер ол кетсе онда Еуроодақ жалпы ішкі өнімінің 15 пайызынан айырылады.

Кэмеронның одақтан шыққысы жоқ, әрі ол елге көбірек еркіндік беру жөнінде Брюссельмен келісімге қол жеткізуге уәде берді. Ал Еуроодақ басшылары болса Ұлыбританияның бөлінуі көбірек автономия сұрап жүрген басқа мемлекеттерге де үлгі бола ма деп қорқады. Референдум өтетін күн әлі белгіленген жоқ, ол тіпті 2017 жылға не одан да кейінге шегерілуі мүмкін. Әйткенмен, 2016 жылы Еуроодаққа «Брекзит» қаупі төніп тұрмақ.

РЕСЕЙ

Мәскеумен қарым-қатынас мәселесі блоктың ішінде ашық дүрдараздық тудырмағанымен, біраз қайшылықтардың бар екенін аңғартты. Ресейдің 2014 жылы наурызда Қырымды заңсыз аннексиялауына және сепаратистерді қолдауына наразылық ретінде АҚШ салған экономикалық санкцияға Еуроодақ та қосылған. 2014 жылы сәуірде басталған сепаратистер мен Украина әскері арасындағы соғыстан 9 мыңнан аса адам мерт болды. Еуропаның санкциялары 2016 жылдың қаңтарына дейін күшінде болмақ, одан ары қарай не болатыны әзірше белгісіз.

Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Париж, 2 қазан 2015 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Париж, 2 қазан 2015 жыл.

9 желтоқсанда санкцияны 31 шілдеге дейін ұзарту бойынша дауыс беру шарасы өтпей қалды. Италия пікірталасты одан әрі жалғастыруды талап етті. Санкция бәрібір ұзартылатыны белгілі болғанымен, Италияның бұлайша тосыннан талап қоюы одақ мүшелері арасында Владимир Путинмен қарым-қатынас мәселесі бойынша келіспеушілік бар екенін аңғартты. Мұнай бағасының арзандауымен қабаттасқан экономикалық санкция Ресейге ауыр соққы болып тиді. Бірақ, Еуропа одағы да бұдан көп жапа шегіп жатыр. Германияда шығатын Die Welt газетінің жазуына қарағанда, бұл санкция кесірінен Еуроодақ 114 миллиард доллар шығын шегіп, екі миллион жұмыс орнынан айрылуы ықтимал.

Санкциялар Мәскеу мен Батыс Еуропа арасындағы іскерлік қарым-қатынасты мүлде тоқтата алған жоқ. Қыркүйек айында еуропалық компаниялар тобы Украинаны айналып өтетін «Солтүстік ағыс» газ құбыры жобасын дамыту жөнінде Ресейдің мемлекеттік «Газпром» компаниясымен келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісімге таңқалған Шығыс және Орталық Еуропаның он мемлекеті қарашада арнайы хат жазды, онда «бұл жоба Еуроодақтың мүдделеріне қайшы келеді әрі Украинадағы жағдайды одан сайын тұрақсыздандырады» делінген.

Париждегі терактіден соң «Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен күрес, Сириядағы жанжалды реттеу мәселелеріне көп көңіл бөліне бастады, бұл жағдай Еуроодақтың кейбір мүшелерін, әсіресе Балтық елдерін қатты алаңдатып отыр. Олар жуықта Кремльмен арадағы қарым-қатынас қайта қалпына келеді деп қауіптенеді. Қарашада Польшаның РАР ақпарат агенттігіне сұхбат берген Халықаралық және стратегиялық қарым-қатынас институтының маманы Филипп Миго: «Халықаралық қарым-қатынаста цинизм басым, Украинадағы болып жатқан жағдай басым мәнге ие емес. Біз үшін басымдылық – Парижде қаза болған 130 адам», - деді. Realpolitik жағдайында 2016 жылы Еуропа одағында Украинаның басты назарда қалуы қиындау болатын сыңайлы.

(Тони Весоловскидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG