Accessibility links

Құқық қорғаушылар армян полициясын айыптайды


Шерушіні ұстап әкетіп бара жатқан полицейлер. Ереван, 29 шілде 2016 жыл.
Шерушіні ұстап әкетіп бара жатқан полицейлер. Ереван, 29 шілде 2016 жыл.

HRW құқық қорғау ұйымы «Армения полициясы бейбіт шерушілерге қарсы артық күш қолданып, шеруден хабар таратқан журналистерді де жаралаған» деп мәлімдейді.

Human Rihts Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы 2 тамыз күні жариялаған баяндамасында армян полициясының әрекетін дереу тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырған. Ұйым «29 шілдеде Армения полициясы Ереванда бейбіт шерушілерге артық күш қолданған әрі шеруден хабар таратқан журналистерді де соққыға жығып, жаралаған» деп мәлімдеді.

Құқық қорғау ұйымының Оңтүстік Кавказдағы жетекшісі Георгий Гогия «Полицияның міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалау, оның қолында өз пікірін білдіруге келген бейбіт шерушілерге зорлық-зомбылық таныту хақы жоқ» деп мәлімдеді.

Ұйым өкілдері полиция шабуылына ұшырап, ауруханаға түскен шерушілермен, журналистермен әңгімелескен. Олардың бірі «Наразылық акциясына енді қосылған сәтте аяғымның астында пиротехникалық граната жарылды. Қашып үлгермедім, шалбарым жанып, аяғым қанға боялды, бірінші және екінші дәрежелі күйік шалды» деп айтқан.

Еревандағы шеруде жараланған видео оператор. 30 шілде 2016 жыл
Еревандағы шеруде жараланған видео оператор. 30 шілде 2016 жыл

Баяндамада халықаралық ұйым сарапшылары «Дәрігерлер оның аяғынан бес жарықшақ алған. Біз барған кезде 30 жастағы жігіт дұрыс жүре алмайтын халде екен» деп көрсеткен. Дәрігерлердің бірі HRW өкілдеріне бір жасөспірім баланың көзі ағып кеткенін және ауруханаға күйік шалған 20-25 адам жеткізілгенін айтқан.

Құқық қорғау ұйымына күштік құрылым өкілдері «сол күні шерушілер полиция қоршауын бұзып-жарып өтуге әрекеттенді, сондықтан күш қолдануға мәжбүр болдық» деп мәлімдеген. Бірақ HRW өкілдерінің айтуынша, куәгерлер бұл мәлімдемені жоққа шығарған. Куәгерлердің сөздерін сол күні оқиға орнынан жазылған видеолар да растайды.

Ұйым «полиция жиналған жұртқа қарай пиротехникалық гранаталарды лақтырмауы тиіс еді. Әлгі гранаталар адамды жазым етпегенімен, жарықшақтары қатты жаралап, күйдіруі мүмкін» деп, әсіресе арнайы жазалау құралдарын қолдануды сынаған.

Баяндамада «наразыларды ғана емес, журналистерді де ұрып-соғып, қолындағы техникасын бүлдіріп немесе тартып алып, балағаттап, шабуыл жасаған» жай киімді адамдар жайлы да айтылады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымы «рұқсат етілмеген жиындарды қуып таратқан кезде де билік адам құқығын құрметтеуі тиіс. Зиян көлемі мен жарақат алғандар санын азайтуға тырысқаны жөн. Қарусыз шерушілерді тепкілеп, таяқтау ешқашан заңды әрекет деп саналмайды, әрі азаптауға салынған тыйымды бұзады» деп мәлімдеді.

Еревандағы шеруден көрініс. 29 шілде 2016 жыл.
Еревандағы шеруден көрініс. 29 шілде 2016 жыл.

Полицейлер мен полиция ғимаратын басып алған қарулы топты қолдаған шерушілер мен билік күштерінің қақтығысы Ереванның Хоренаци көшесі мен оған таяу Сари Тах кварталында болған. Полиция шерушілерге қарсы арнайы құралдар қолданды.

Қақтығыс кезінде жараланған 60 адам ауруханаға түскен. Зардап шеккендер арасында түрлі БАҚ өкілдері, оның ішінде Азаттықтың Армян қызметінің журналистері де бар.

HRW ұйымы Сари Тахта болған жағдайды Армения билігі мұқият тексеріп, барлық кінәлілерді, оның ішінде бұйрық бергендерді де жауапқа тартуға кепілдік беруі тиіс деп санайды. «Бұған қоса, билік полиция операциясына арнайы жазалау құралдарын қолдану мен азаматтық тұлғалардың араласуын түсіндіруі керек» деп мәлімдеп, күш қолдану жөніндегі заңдар мен нұсқаулықтарды адам құқықтары саласындағы стандарттарға сәйкестендіруге шақырған.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымы да полицияның соңғы зорлық-зомбылық әрекетін айыптаған мәлімдеме таратты. Ұйымның Шығыс Еуропа жөніндегі жауапты өкілі Йохан Бихр «Видеокамераларын арқалап, шерушілердің арасынан айқын көзге түскен журналистерге қасақана шабуыл жасалды» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір журналистерді олар видеокамераларын өшіруге уәде етсе де ұрып-соққан.

Парижде орналасқан құқық қорғау ұйымы өкілдері «Бұл - көнуге болмайтын әрі қайталанбауы тиіс жөнсіз әрекет. Журналистерге қарсы полицияның мұндай қимылын Армения билігі тыюға тиіс» деді.

17 шілде күні өздерін «Сасна црер» («Сасун ержүректері» - ред.) ұйымы мүшелеріміз деп атаған 30 шақты адам Еревандағы патрульдік полициясы полкының аймағын басып алып, кепілге адам алған. Олар «заңсыз қару сақтады» деген айыппен қамауда отырған «Құрылтай парламент» оппозициялық қозғалысының жетекшісі Жирайр Сефилянды түрмеден босатуды және Армения президенті Серж Сагсянның отставкаға кетуін талап еткен. Екі аптаға созылған қақтығыстан кейін «Сасна црер» тобы мүшелері қаруын тастап, билікке берілген. Қақтығыста екі полицей мерт болды.

Азаттықтың Армян қызметінің материалы негізінде әзірленді.

XS
SM
MD
LG