Accessibility links

Австрияда Рахат Әлиевті аңдуды ұйымдастырған Қазақстан азаматы ұсталды


Автрияның Krone басылымының веб-сайтында жарияланған мақаланың тақырыбы.
Автрияның Krone басылымының веб-сайтында жарияланған мақаланың тақырыбы.

Адонис Дербас Австрия прокуратурасына айғақтар бермек, бірақ оны Венада бергісі жоқ. Рахат Әлиев АҚШ билігімен келіссөздер жүргізуде. Австрия полицейі Қазақстан азаматының тапсырысымен аңду ұйымдастырған.

Австрияның құқық орындары Рахат Әлиевтің ісіне қатысты тергеуді жаңғыртуда. Азаттық радиосы бұрын да хабарлағанындай, бұдан бірнеше күн бұрын Вена прокуратурасында бұрынғы банкир Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева түсініктеме берген болатын. Осы саяси шытырман оқиға Австрия бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да елдердің баспасөздерінің жіті бақылауында болып отыр.
АВСТРИЯ ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ІСІН АНЫҚТАУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ
Австрияның Wiener Zeitung газеті адам ұрлауға, жемқорлыққа, қылмысты топ құруға қатысы бар және қызмет бабын асыра пайдаланған деп айыпталған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісін тергеу ісінің қайта жаңғыртып отырғаны туралы жазады.
«Мен күйеуімнің тірі екеніне сенімдімін, - дейді өз сұхбатында Армангүл Қапашева, - оны бір жерде ұстап отыр. Мен үш баламмен бірге күн сайын Аллаға жалбарынудамын».
Егер Австрия Рахат Әлиевті өз Отанына қайтарса, онда ол хабар-ошарсыз жоғалып кеткен күйеуінің қайда екенін тауып беруге мәжбүр болатынына сенеді Армангүл.
Газет түсініктемесінде былай деп атап көрсетіледі: «Оқиғаны Қазақстандағы саяси жағдайға байланысты қарастыру керек. 1991 жылдан бері ол елді авторитарлы түрде президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келеді. Оппозиция жетекшілері мен журналистер үнемі құпия жағдайда жоғалып кетіп жатады. Шикізат көлемінен барлық көршілес елдерді қоса есептегендегідей, Қазақстан экономикалық жағынан қуатты. Советтер Одағы құлаған соң жекелеген олигархтар мемлекет меншігін түгелімен өз қолдарына алып алды. Соның бірі - президенттің қаһарына ұшырамай тұрған кездегі Рахат Әлиев болатын».
Krone журналының бетінде Армангүл Қапашева Рахат Әлиевтің ісінен саяси астар іздемеу керектігін айтады. Сонымен бірге ол Әлиевтің «Австрия үкіметінің толық қорғауында» екеніне сілтеме жасайды. Осы кезде Армангүл мен оның қайын апасы Гүлнәр Темірәлиева да Австрияда «Кобра» элиталық арнаулы бөлімнің қорғауында болды.
Журнал Рахат Әлиев жүрген шенген визасы бар жерлерден ешқандай нақты мәлімет ала алмай отырғанын жазады. Австрия прокуратурасының өкілі Герхард Ярош Әлиевтің қайда екені құқық органдарына беймәлім деп мәлімдеді. «Ол қалағанын істеуі мүмкін» деді Ярош.
Тақырыпты немістің Tages Allgemeine Zeitung газеті былай жалғастырады: "Австрия үшін бұл саяси маңызды мәселе, әсіресе, Әлиевтің әл-Каидамен байланысы бар екендігі туралы айтылғаннан бері маңызды болып тұр. Федеральды президент Хайнс Фишер өткен жылдың қазан айында Қазақстанға жоспарланған сапарын кейінге қалдырды".
Бұған қоса басылым қазіргі уақытта тығылып жүрген Әлиевтің бас сауғалайтын жаңа орын іздеп жүруі мүмкін деп жорамалдайды. «АҚШ-тың БАҚ-ындағы хабарламаларға сәйкес, ол Америка үкіметіне өзін аңдудан қорғату үшін президент Назарбаев туралы өте маңызды мәлімет ұсынуы мүмкін» деп жазады Tages Allgemeine Zeitung газеті.
Рахат Әлиевтің ісі көптеген австриялық саясаткерлермен қатар парламент депутаттары үшін де жұмбақ күйінде қалып отыр. der Standard газетінің мәліметінше, Ұлттық жиын депутаттары Австрия бостандығы оппозициялық партиясының атынан ішкі істер министрі Мария Фектер мен сыртқы істер министрі Михаэл Шпинделеггерге үш сауал жолдады. Алайда, үкіметтің берген жауабы мардымсыз болды.
Министрлер Қазақстанға федеральдық президенттің бармай қалуына Қазақстанның арнаулы қызметінің бұрынғы басшысы әрі Әлиевтің ең жақын адамы Әлнұр Мұсаевқа Венада жасалған шабуылдың қатысы жоқ деп мәлімдеді. Оның үстіне, үкімет шенеуніктері Мұсаевқа қатысты ақпарат жария етуге жатпайтындықтан, ол туралы айтудан бас тартты.
АДОНИС ДЕРБАС АВСТРИЯ ПРОКУРАТУРАСЫНА... ДУБАЙДА ЖАУАП БЕРУІ МҮМКІН
Австриялық баспасөз бетінде жаңадан жарияланған мәліметтер бойынша, жергілікті прокуратура тыңдағысы келген канадалық бизнесмен Адонис Дербастың Венаға неге келмей қалғаны түсіндіріледі. der Standard газетіне сұхбат берген Дербас кейбір жайттарды ашып айтты.
Ол өзінің мобильді телефонына жазбаша жолданған: «Адонис, сен жаман жігіт емессің. О дүниеге асықпа, біз сені ол жақтан да тауып ала аламыз» деген хабарламаны 2008 жылдың 30-шы желтоқсанында, Алматыдағы баспасөз мәслихатынан бірнеше күн бұрын алғанын айтады. Бұл мәслихатта ол Рахат Әлиевтің ісіне қатысты куәгер ретінде сөз сөйлеу ниеті барын жариялаған.
Содан бері Дербасты үрей билеген. «Мен үнемі орын ауыстырып отыруға мәжбүрмін, - дейді бизнесмен сұхбатында, – мен бір орында қалғым келмейді, өйткені, мына сұмырайлар лас әрекеттерге де баруы мүмкін».
Канадалық азамат, Рахат Әлиевтің бұрынғы бизнес-әріптесі Дербас Алматыда 5 қаңтарда болған баспасөз мәслихатында 2007 жылы Әлиевтің ісі бойынша сот процесі кезінде ешқандай жауап бермегенін мәлімдеді. Ол кезде австриялық сот экс-елшінің Отанында әділетті сот шешімінің мүмкін еместігіне сүйеніп, елшіні Қазақстанға қайтарып беруден бас тартқан.
Үкім мәтінінде былай деп жазылған: «Адонис Дербастың Қазақстандағы Рахат Әлиевтің сотында оған қарсы айыптаулар беруіне қазақтардың оған 1 миллион АҚШ долларын ұсынғанын ерікті түрде мәлімдеуі негіз болған. Қылмыстық істі тергеудің мұндай тәсілдері әділетті процесс ұстанымына сәйкес келмейтіні белгілі». der Standard жазғандай, Дербасқа Әлиевтің Австриядағы күзеті туралы ақпарат үшін тағы бір миллион доллар уәде етілген.
Енді Дербас бұл мәліметтерді жоққа шығаруда. Телефон арқылы берген сұхбатында ол Австрия прокуратурасына куәгерлік жауап бермегенін айтады. Оның айтуынша, 2007 жылдың жазында Венаның Marriott қонақ үйінде Әлиевтің адвокаты деп таныстырылған адамдармен кездескен. «Шын мәнінде, бұлар Австрия полициясының қызметкерлері», - дейді Дербас.
Бизнесмен енді қонақ үйдегі кездесуде қандай да бір құжаттарға қол қойған–қоймағанын есіне түсіре алмауда.
Сонымен бірге, канадалық басылымдарда Адонис Дербастың бәрібір Австриялық әділет орындарына жауап беретіні айтылған. Бірақ Венада емес. Calgary Herald газетінің ақпараты бойынша, бизнесменнің алдағы сейсенбіде Австрия және Қазақстан құқық органдары өкілдерімен кездесетін жері - Дубай деп белгіленіп отыр.
40 жастағы Адонис Дербастың екі баласы мен бұрынғы әйелі Канаданың батысындағы бір қалада тұрып жатыр. Бизнесменнің өзі таяу күндерде Оттавада балаларымен кездесуді жоспарлаған еді, бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінде жауап беретін болғандықтан, бұл жоспарынан бас тартты.
АВСТРИЯДА РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ СОҢЫНАН АҢДЫҒАН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ ҰСТАЛДЫ
Рахат Әлиевтің ісінде тағы бір таңғаларлық жайт болды. Австриялық die Presse басылымының жазуынша, жергілікті полицияның 30 жастағы қызметкері Қазақстанның аты аталмаған азаматына құпия мәліметтер бергені үшін сотталған. Венаның округтік қылмыстық соты полицей К.-ны қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 8 айға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Осы істің бүге-шігесі Krone таблоидында келтірілген. Бұл істе автокөлік жөндейтін орында полицеймен жолығысқан бір қазақ азаматы жайлы жазылған. «Менің көлігім, оның газон шапқышы жөндеуде болған. Біз бір-бірімізбен әңгімелесіп, телефон нөмірлерімізді жазып алдық», – айыпталушы аталған қазақпен осылайша танысқан. Полиция қызметкері жаңа танысымен достық қарым-қатынастамыз деп есептегенін айтады. Шын мәнінде, ол қазаққа керегі Рахат Әлиев туралы ақпарат болған.
Полиция қызметкері өзінің «досына» Рахат Әлиевке және оның ісінің тергеуіне қатысты қызметтік ақпарат берген. Полицей қазақтың бұл мәлімет оған құны екі миллиард евро тұратын мұнай өңдеу зауыты құрылысының жобасын іске асыру үшін керек деген сөзіне сеніп қалған. «Ашу шақырмаңыз, бірақ сіз полицей бола тұра, осыған сендіңіз бе?» деп таңдана сұраған сотқа, айыпталушы «Иә» деп жауап берді. Айтпақшы, адвокаттың өзі қорғалушысының аңқаулығын мойындады.
Австриялық К. есімді полиция қызметкері оған ақпарат тасымалдағаны үшін ақша төленбегендігін айтады. Бірақ, сонда да ол өзінің ауру баласының емделуіне қажетті екі мың евроны танысынан қарызға алған.

Krone және die Presse басылымдары әлгі аңқау полицейді алдап соққан Қазақстан азаматының алдын-ала тергеуде отырғанын айта кетеді. Алайда, ол адам туралы басқа ешқандай нақты мәліметтер бермеген.
XS
SM
MD
LG