Accessibility links

«Телефон талағының құрбандары» қайта табыса бастады


«Талақ!» деп жазылған SMS-хабарлама.
«Талақ!» деп жазылған SMS-хабарлама.

«Телефон талағы» Тәжікстанда үйреншікті жайға айналды. Жұмыс іздеп басқа елге кеткендер телефоннан SMS жолдап, әйелдерінен ажырасып жатыр.


Ол азаматтардан алимент өндіруге құқық орындарының құзыры жетпейді. Бұл мәселеге қоғамдық ұйымдар араласа бастаған. Соның арқасында «телефон талағына» ұшырағандардың кейбірі қайтадан бас құрап отыр.

Мұсылман заңына сәйкес күйеуі ажырасарда куәгерлердің көзінше әйеліне үш рет «талақ» деп айтуы тиіс. Халқының көпшілігі мұсылман Тәжікстанда шет елдерге, әсіресе Ресейге жұмыс іздеп кетіп жатқандар көп. Солардың кейбірі әйелдеріне ұялы телефон арқылы үш рет «талақ» деп жазылған SMS-хабарлама жіберіп ажырасады.

Мұндай «ажырасудың арзан түрі» соңғы екі-үш жылда ғана пайда болды.

SMS ЖӘНЕ СЫБЫС

Сабуровтар – Куляб аймағындағы ажырасқаннан кейін қайта табысқан санаулы әулеттің бірі. Сабуровтар әулетінің отағасы да Ресейге жұмыс іздеп кеткен соң айрылысқан еді.

Екі баланың әкесі Ахлиддин Сабуров Ресейде жүргенде әйелінің «төркініне рұқсатсыз барғанын» ести сала, бірден «телефон арқылы»
Мәскеудегі тәжік еңбек мигранты телефон арқылы отбасына хат жазып тұр. 23 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

ажырасады. Кейін Ахлиддин осы ісіне өкінгенін айтады. Өзінің айтуынша, бұл істің артында кімнің тұрғанын кеш білсе керек.

Ахлиддин Сабуров былай дейді:

– Нағашы әпкем әйелімнің ескертпестен шешесіне кетіп қалғанын айтты. Мен әйелімнің қашан, не үшін барғанын сұрап жатпадым. Кейін анама ажырасқанымды айттым. Анам «мұның дұрыс болмаған екен» деді. Сегіз айдан қайтып келгенде әйелімнің нағашы апаммен керісіп қалғанын, сосын үйден қуып шыққанын білдім. Мұны білгенде анам, нағашы апам, мен – бәріміз өкініп қалдық. Сосын өзім барып, әйелім мен бала-шағамды алып келдім. Молда некемізді оқып, қайта бас қостық.

Сабуровтар әулеті қайта қосылғанымен, аймақтағы жағдай аса мәз емес. «Шәхрвәнд» қоғамдық ұйымының құқық қорғаушысы Фаррух Холиқовтың айтуынша, өткен алты айдың ішінде он төрт әулетті қайтадан татуластырған.

Ұйым өкілдері жұмыс іздеп кетіп ажырасқан азаматтар қайта оралғанда олардың туыстарымен сөйлескен. Олардың кейбірі әйелімен қайта бас құрауға ниет танытып отыр.

– Бірнеше себеп бар. Кейбір әулеттің қайта бас қосуы мүлде қиын. Әйелі де, күйеуі де бұдан былай бірге өмір сүре алмайтындай жағдайға жетеді. Бірақ көптеген әулет ақылдаса келгенде, қайта бас құрауға тоқталып жатады. Өйткені жұмыс іздеп кеткендердің көңіл күйі жақсы болмайды да, ажырасып тынады. Шынтуайтына келгенде, олар кейін осы істеріне өкініп жатады, – дейді Фаррух Холиқов.

«ТЕЛЕФОН ТАЛАҒЫ» ДІНБАСЫЛАРЫН ДАУЛАСТЫРДЫ

Дінбасылар ажырасқандардың татуласқандарын құп көреді. Жергілікті дінбасы Махамшәрифи Нәбиев ислам діні бойынша айрылысқандарды қайта қосудың сауап екендігін айтады. Оның айтуынша, әр әулеттің ажырасу себебі бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан дінбасылар кімнің қандай жағдайда, неше рет, не үшін әйелін талақ қылғанына назар
Владивостоктағы портта жұмыс істеп жүрген тәжік және өзбек мигранттары. Ресей, 19 қыркүйек 2005 жыл. (Көрнекі сурет)

аударып, соның сауабы жайында үйреткені абзал болады. Құран мен хадис негізінде ажырасқандарға қайта неке оқуға болады. Нәбиевтің айтуынша, ислам діні талақ мәселесіне қатал қарайды, алайда ажырасқандарды татуластыру сауап болады.

Бірақ бұл мәселе төңірегінде дінбасылар арасында дау да туып жатыр. Дінбасылардың біразы арнайы пәтуа шығарып, «телефон талағына» тыйым салуды жақтайды. Алайда кейбір дінбасылар пайғамбар заманында да талаққа тыйым салынбағанын мысалға келтіріп, оларға уәж айтады.

Тәжікстандағы белгілі дінбасылардың бірі Хажи Исмоил Пирмухаммадзода «мәселе мәслихат, кеңеспен шешілуі керек» дейді.

– Сүннет бойынша, талақ мәселесі туындағанда әйелімен бірге тұра алмаған жан онымен сөйлесіп, ақылдасып шешуі керек. Пайғамбарлар заманында да талақ болған. Сондықтан талақ екі жаққа да зарар келтірмеуі керек, – деген ол талақтың кейбір түйінді шешетініне меңзейді.

Кезінде Тәжікстан ислам орталығының ғұламалар кеңесі әйелдердің мешітке баруына тыйым салған пәтуа шығарған еді. Бұл пәтуа қоғамда қарсылық туғызған.

«СЫРТТАЙ АЖЫРАСУДЫҢ» АЗАБЫ

Бегімді де күйеуі SMS жолдап, талақ қылған еді. Ол Азаттық радиосы тәжік қызметіне берген сұқбатында «телефон талағының» өзіне қатты соққы болғанын айтады. Ол жеті жыл отасқан күйеуі күндердің бір күні
Душанбедегі тәжік әйелдері. 23 қазан 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

тап осылай тастап кетеді деп ойламаған екен.

Бегімнің енесі Сәдбәрг:

– Келініміз күйеуі екі жылдан кейін келіп, өз аузымен «талақ» деп айтқанша бұл сөзге сенген жоқ, – дейді.

Бегім тәрізді «телефон талағына» ұшырап, әрі-cәрі күйде қалған әйелдер Тәжікстанда көп.

Куляб облысындағы «Шәхрвәнд» қоғамдық ұйымына осындай жағдайға душар болған әйелдер жиі келеді. Олар негізінен өздерін талақ қылған күйеулерінен алимент өндіртіп алу үшін құқықтық көмек сұрап келеді.

Куляб қаласының соты да осындай оқиғаларға куә болып отыр. Соңғы кездері күйеулерінен алимент өндіріп беруді сұраған әйелдердің шағымы көбейіп барады. Алайда сот, елдің заңына сәйкес, айыпталушының өзі болмаса, оның үстінен жазылған шағымды қарастыра алмайды.

Жұмыс іздеп, Тәжікстаннан шетке кеткендердің SMS-хабарлама жолдап, телефон арқылы ажырасуы қоғамдық құбылысқа айнала бастады. Алайда ресми билік өкілдері «телефон талағына» қатысты нақты мәліметтері жоқ екендігін айтады. Бұған дейін қанша адамның телефон арқылы талақ тастап, қаншасының қайта табысып жатқаны белгісіз.

«Шәхрвәнд» қоғамдық ұйымының өкілдері тек бір ғана Восъе ауданынан шетелге жұмыс іздеп кетіп, «сырттай ажырасқан» жүзден астам адамды тіркепті. Ұйым енді телефон арқылы ажырасқандарды қайта табыстыруға тырысып жатыр.
XS
SM
MD
LG