Accessibility links

Соттың шағымы бойынша сот басталды


Ақтөбе облыстық сотының судьясы Ағызбек Төлегенов. Астана, 17 қазан 2011 жыл.
Ақтөбе облыстық сотының судьясы Ағызбек Төлегенов. Астана, 17 қазан 2011 жыл.

Бүгін Ақтөбе гарнизонының әскери соты судья Ағызбек Төлегеновтің ҰҚК-нің үстінен түсірген шағымы бойынша алғашқы мәжілісін өткізді. Ол – діни экстремистік ұйымдармен байланысы бар деп айыпталып, қызметінен босатылған Қазақстандағы алғашқы судья.


Ағызбек Төлегенов әскери сотқа Ақтөбе облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаментінің үстінен шағымданған. Өйткені жоғарғы сотқа хат жолдап, судьяны айыптаған осы департамент болатын.

Бізге белгілі бір жайт - осы кезге дейін Төлегеновтің үстінен қылмыстық іс қозғалмаған.

Төлегеновтің құқығын қорғайтын адвокат Зайдулла Қалдыбаев бұрын-соңды соттың ісін сот қарағанын көрмепті. Ал әріптесінің ісін қарау
Ағызбек Төлегеновтің адвокаты Зайдулла Қалдыбаев. Ақтөбе, 19 қазан 2011 жыл.
Ағызбек Төлегеновтің адвокаты Зайдулла Қалдыбаев. Ақтөбе, 19 қазан 2011 жыл.
Ақтөбе гарнизоны әскери соты төрағасының міндетін атқарушы Шымболат Қадыровқа тапсырылған.

Бірақ Шымболат Қадыров бүгін процестің жабық түрде өтетінін айтып, журналистердің ғимараттан шығып кетуін сұрады.

- ҰҚК – жабық мекеме. Оларда бар мәлімет мемлекеттік құпия болуы да мүмкін. Бірақ ол туралы әлдекім өтініш бермей тұрып алдын-ала айтуға болмайды. Процестің жабық түрде өтетінін судья Қадыров мәжілістің кезінде жариялауы керек еді. Сәл қызбаланып кетті, - дейді адвокат Қалдыбаев.

ГАЛСТУКПЕН НАМАЗ ОҚИТЫН СУДЬЯ

Ақтөбедегі «Нұрдәулет» мешіті облыстық сот ғимаратынан 100 метрдей жерде. Мешіттің имамы Нұрлыбек Әмен діни көзқарасы үшін айыпталған судьямен таныс. Бесін намазына келіп, Аллаға құлшылық қылып жүргенін бірнеше мәрте көрген. Бесін намазы жергілікті уақытпен 13.30 шамасында оқылады. Бұл – түскі үзіліс мезгілі.

Имам үнемі галстук байлап, мешітке костюммен келетін судьяның киім киісінен де, мінез-құлқынан да оғаш ештеңе байқамағанын айтады.
"Нұрдәулет" мешітінің имамы Нұрболат Әмен. Ақтөбе, 19 қазан 2011 жыл.
"Нұрдәулет" мешітінің имамы Нұрболат Әмен. Ақтөбе, 19 қазан 2011 жыл.
Нұрлыбек Әменнің сөзінше, «Таблиғ-и-жамағат» ұйымына мүше ер адамдар мешітке тізеден төмен түсетін кең жейдемен келеді екен.

«Бірақ олардың арасында ақтөбеліктер жоқ. Негізінен жолаушылап жүрген өзге ел азаматтары» дейді имам.

- Ал мешітке келіп, намазға жығылмаса да, ата-бабасына құран оқытып кететіндердің арасында судья, прокурорлар ғана емес, өзге де лауазымды қызметкерлер өте көп, - дейді Нұрлыбек Әмен.

«ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМДЫ ҰСТАНАМЫН»

Бүгін түстен кейін процестің кейінге қалдырылғаны белгілі болды. Себебі ҰҚК Ақтөбе облыстық департаменті әскери сот талап еткен кейбір құжаттарды тапсырмаған.

Сот мәжілісіне кешігіп келген Ағызбек Төлегенов «Мен дәстүрлі исламды ұстанамын. Ешқандай экстремистік топпен байланысым жоқ» деп мәлімдеді.

- Және ол діни топтарды ешқашан қаржыландырған емеспін. Тіпті, жеке көлігім де жоқ. Жалақыға қарап отырған адаммын, - дейді Ағызбек Төлегенов.

Ол туған інісі Тұрғанбек Төлегеновке ғана үнемі ақша аударып тұрады екен. Ағасының айтуынша, Тұрғанбек - Павлодар облысы Ертіс ауылының тұрғыны. Еш жерде жұмыс жасамайды. Бірақ қажылыққа барған, көптен бері дін жолында жүрген адам.

Ақтөбе гарнизоны әскери сотында Ағызбек Төлегеновтің шағымына орай басталған процесс қазан айының 27-сінде қайта жалғасады.

Қыркүйектің 27-сі күні Ақтөбе облыстық судьяларының тәртіп-біліктілік алқасы судья Ағызбек Төлегеновты қызметінен босату туралы шешім шығарған еді.

Бұл шешімге оның «елге жат экстремистік ағымдағы діни ұйымдармен тығыз байланыста» болғаны туралы ұлттық қауіпсіздік департаментінің ақпараты негіз болған. Судьяға тағылған айыптағы «экстремистік діни ұйым» ретінде «Таблиғ-и-жамағат» ұйымының аты аталған болатын.

Қазанның 17-і Қазақстанның жоғарғы соты да бұл шешімді күшінде қалдырған еді.
XS
SM
MD
LG