Accessibility links

Жаңаөзендік отбасы азаптау көргенін айтады


Әсем Кенжебаева, Жаңаөзендегі қанды оқиға кезінде қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың қызы. K+ телеарнасының бейнематериалынан түсірілген сурет.
Әсем Кенжебаева, Жаңаөзендегі қанды оқиға кезінде қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың қызы. K+ телеарнасының бейнематериалынан түсірілген сурет.

Азаттық радиосы хабарласқан куәгер желтоқсанның 16-сы Жаңаөзендегі ішкі істер басқармасының ғимаратында қыздардың зәбір көріп, азапталғанын баяндады. Оның айтуынша, әкесі де ұрып-соғудан өліп кеткен. Сол күні қамауға алынғандардың бірсыпырасы әлі күнге дейін ұшты-күйлі жоқ.


21 жастағы Әсем Кенжебаева өзін желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласындағы қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратының ең төменгі қабатында болған азаптауларды көзімен көрген тірі куәгермін деп санайды. Оның айтуынша, әкесі Базарбай Кенжебаев сол күнгі ұрып-соғудан соң екі күннен кейін қаза болған. Балалары марқұмды тек желтоқсанның 24-і жерлепті.

«ӘКЕМНІҢ СОҚҚЫДАН ІШЕКТЕРІ ЖЫРТЫЛЫП КЕТКЕН»

- Менің әкемді желтоқсанның 16-сы күні перзентаханадағы босанған кенже сіңілім Жадыраға барған жерінен ұстап алып кеткен. Содан екі күн өте әбден азаптап, ішек-қарнын жарып, адам болмайтынын білген соң 18-і күні үйге жіберген. Біз оны ауруханаға апарғанмен, ол жан сақтау бөлімінде қайтыс болды, - дейді марқұмның үлкен қызы Майра Кенжебаева.

Майраның айтуынша, әкесі бақилық болғасын енді отбасын асырайтын адам жоқ. Қолдарындағы екі баласы да тұрмысы нашар, оқу оқи алмай қалған.

- Әкеміз бір көзі жоқ соқыр болғандықтан ешкім дұрыс жалақысы бар жерге жұмысқа алмады. Денсаулығына байланысты мүгедектікті де рәсімдей алмай кетті, - дейді ол.
Әкемді желтоқсанның 16-сы күні перзентаханадағы босанған кенже сіңіліме барған жерінен ұстап алып кеткен. Содан екі күн өте әбден азаптап, ішек-қарнын жарып, адам болмайтынын білген соң 18-і күні үйге жіберген.

Майраның айтуынша, отбасының тұрмысы өте нашар. Әкелерін де туғандарының көмегімен әупірімдеп жерлеген. Енді келесі садақа дастарханын (ас, құдайы тамақ – ред.) қалай жаярларын білмей отырғандарын айтады.

Бұған дейін желтоқсанның 21-і күні марқұм Базарбай Кенжебаевтың қазасы туралы ресейлік «Новая газета» басылымы оның өлер алдындағы сөздерін келтіріп егжей-тегжейлі жазған еді. Мына сілтеме бойынша көбірек ақпарат алуға болады.

«МЕН БӘРІН ӨЗ КӨЗІММЕН КӨРДІМ»

Майраның ортаншы сіңілісі Әсем Кенжебаева Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы болған қанды оқиғадан соң полициядан зәбір көргенін айтады. Азаттық тілшісі желтоқсанның 25-і Әсеммен телефон арқылы тілдесіп болған жайтты баяндап беруін өтінген еді.

Өзінің сол күні полиция қолына қалай түскені туралы Әсем былай деді:

- Мені 16 желтоқсан күні кешкі сағат 10-да аурухана маңында әкемді іздеп жүрген кезімде ұстап алып кетті. Машинаға лақтырып салып, ішкі істер басқармасының подвалына алып келді. Сол күні көшеде жүрген, көзге түскен адамның бәрін ұстап, алып кетіп жатты. Ол жерде жарты сағат отырдым. Көзің болған соң көресің ғой, жан түршігерлік заттар болды. Ішінде адам өте көп, әрі подвал қараңғы. Кімнің-кім екені айырып болмайсың. Қасымда бес-алты қыз болды. Олардың үстінде киімдері жоқ, оларды түрегеп тұрғызып қойыпты. Бұрышта бірнеше қыз отырды. Бетін жапқан адамдар оларды дубинкамен, белбеумен тізелерінен соқты.

Әсемнен өзі таяқ жегенін көрдім деп сипаттаған қыздардың не үшін соққыға жығылғанын сұрағанда ол былай деді:
Қыздар жалаңаш болды. Оларды шаштарынан тартып сүйреп басқа бөлмеге алып кетеді. Ол жақтан шыңғырған дауыстары естіледі. Сосын кері әкеліп лақтырып кетіп жатты..

- Оларды «сендер мародерсыңдар, ұрысыңдар» деп соқты. Олар жылап, айқайлап, «Бізді мүлде басқа жақтан алып келді, алдымен сұрасаңызшы» деп жалынып жатты. Қыздар жалаңаш болды. Мен осыны қазір айтсам адам сенбейді. Бірақ, мен бәрін көрдім. Оларды шаштарынан тартып сүйреп басқа бөлмеге алып кетеді. Ол жақтан шыңғырған дауыстары естіледі. Еркек адамдар алып кеткен соң білесің ғой не істеп жатқанын. Сосын кері әкеліп лақтырып кетіп жатты. Олардың шаштары қопырап кеткен, түрлерінен түр жоқ.

Әсем өзінің де соққыға жығылғанын айтады.

- Мені де жамбасымнан теуіп, ұрды, мойнымнан қылқындырды. Бір кезде беті жабылғанның біреуі келіп маған «новенькисың ба?» деді. Мені де шешіндіре ме деп қатты қорықтым. «Ие» дедім. Сосын ол басқа бір бетперде кигенге «Мынаны жоғарыға апар» деді. Мені тергеу бөліміне алып келді. Мен сол кезде енді кері подвалға түссем, қайта шықпайтынымды білдім. Сол жердегі бір бастық ағаға барып жалына бердім. «Аға, мені жіберіңізші, мен әкемді іздеп шығып едім, жібере қойшы аға» деп жалынып жылай бердім. Ол мені таңғы 4-те босатты. Коменданттық сағат қой, тағы ұстап ала ма деп қорқып, үйіме әзер жеттім. Бірақ аман шыққанма қуандым, - деді Әсем.

Әсем өзін және басқа қыздарды азаптады деп айыптайтын адамдарды кейін көрсе танып бере алатынын мәлімдеді.

- Беттері жабықтарын білмеймін, әрине. Ал басқа тергеу бөлімінде отырғандарды көрсете аламын, беті ашық адамдардың бәрін танимын. Өткенде ішкі істер басқармасының подвалын қарау үшін құрылған қоғамдық комиссияның құрамына жанталасып кірген едім. Сол жерде отырғандар маған жүздерін көтермей «Кет, сен кірмейсің!» деді. Мен әлгі өзім сөйлескен бастық кісіге барып «Аға, мен сізге келдім ғой, қайта-қайта. Неге мойындамайсыз? Өзіңіз үлкен адамсыз, үлкен жерде жұмыс жасайсыз, халықты қорғау үшін жүрсіз. Бірақ қайдағы халықты қорғау, сіз халықты қорлау үшін жүрген адамсыз» дегенімде «Ие, ие, танып тұрмын сені мен өзім жібердім ғой» деді. Сол кезде коридорда тұрғанда кейбір Ақтау, Шымкенттен келген тергеушілердің түрін танып алдым. Тергеу жүргізген адамның да атын біліп алдым, - деді Әсем Кенжебаева Азаттық тілшісіне.

Әсемнен кейін қоғамдық комиссиямен ішкі істер басқармасының ғимаратына қайта барғанда не көргенін сұрадық.
Қайда кетті сол күнгі көп адам? Әйелдер, жас қыздар, жас жігіттер? Арасында кемпір-шалдар да болды ғой. Егер оларды өлтірсе, денесін неге туғандарына бермейді?

- Сіз білесіз бе, маған сол подвалды қайта көрсеткенде құлап қала жаздадым. Түс көргендей болдым. Іші аурухана тәрізді, тап-таза. Ал ол жер қанға бөгіп еді ғой сол күні. Мені бір сұрақ мазалайды: қайда кетті сол күнгі көп адам? Әйелдер, жас қыздар, жас жігіттер? Арасында кемпір-шалдар да болды ғой. Егер оларды өлтірсе, денесін неге туғандарына бермейді? Тым құрымағанда дұрыстап, арулап көму үшін. Сонда ғана жаным жай табар еді. Біз әйтеуір әкемізді қолымыздан шығарып сала алдық қой, соған тәуба деймін.

Бірақ маған қоғамдық комиссия құрамында бірге жүрген кей адамдар ұнамады. Олар сол түнгі жағдайды көрмеген соң, ештеңені терең сезінген жоқ. «Бұл кісілер ешнәрсе болған жоқ» деп отыр ғой деп ыржалақтап қояды. Одан соң комиссиядан басқарма ғимараты артындағы гаражды көрсетуді сұрадым. Өйткені әкем маған өзін ғимарат артындағы гаражда ұрып, қинағанын айтқан болатын. Оның айтуынша ол жерде көп адам болған, іші балшық, лас, су болған. Әкемнің су дегені қан болар деп ойлаймын. Басында полицейлер «Қайдағы гараж, онда гараж жоқ» деді. Сосын көрсетті. Оның іші су екен, әрі хлор шашып қойыпты. «Мынау не су?»деп сұрағанымда «Жаңбырдың суы деді». Қайдағы жаңбыр? Жаңаөзенде сол күні жаңбыр тұрмақ қар да жауған жоқ.

Мен мұның бәрін неге ашық айтып отырмын? Маған қазір өте ауыр тиіп жүр. Әкемнің қазасы... оны кімнен сұраймыз? Ондағы сандаған адамдар ше? Басқарма маңында көптеген ата-ана баласын іздеп жүр. Олар балаларын мүрдеханадан да, ауруханадан да іздеген, таппаған. Қайда кетеді? Мені ұстап әкетсе де, осыны халқым үшін айтып отырмын, - деді Әсем Кенжебаева.

Кейін Азаттық тілшісі оның суретін сұрағанда, Майра Кенжебаева сіңілісінің өмірі үшін қауіптенетін айтып бас тартты. Оқиғаның тірі куәгері болғандықтан сіңілісінің өмірі қыл үстінде тұр деп санайтынын жеткізді.

«БІЗГЕ ЗӘБІРЛЕНГЕНДЕР ТҮСКЕН ЖОҚ»

Азаттық радиосы Жаңаөзен қаласындағы орталық ауруханасына телефон шалып, желтоқсанның 16-сынан бері қандай да бір соққыға жығылған, зәбір көрген қыздардың түскен-түспегенін сұраған еді. Аурухана басшыларының бірі зәбірленген, я таяққа жығылған қыздардың түспегенін айтты. Бас дәрігердің орынбасары Раушан Жапарова Азаттық радиосына «Гинекология бөліміне ондай адамдар (зәбір көрген қыздар – ред.) түскен жоқ. 16 желтоқсаннан бері осы уақытқа дейін ондай инцидент болмаған. Бізде тек хирургия мен травматология бөліміне түскендер бар» деп мәлімдеді.

Желтоқсанның 26-сы блогшылармен кездесу үстінде Жаңаөзен қаласының коменданты Аманжол Қабылов: "[Желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласында болған толқу кезінде ] қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін үш полицейге қатысты қызметтік тергеу басталды" деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG