Accessibility links

Жаңаөзен сотының үкімі шықты


"Жаңаөзен ісі" бойынша сот шешімі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

Сот шешімінен кейін зал ішіндегі наразы жұрт дүрлігіп кетті. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

Ең қатаң жаза - 7 жыл айыпталушы Роза Төлетаеваға кесілді. Маусымның 4-і судья айыпталған 37 азаматқа қатысты үкімді оқуға кіріскенмен, соңғы үкімді - айыпталушы Мұрат Қосбармақовқа белгілеген жазасын оқи алмай залдан шығып кетті. Залда отырған сотталушылардың туыстары оған түрлі заттар лақтырған.


Үкімі белгілі болған 37 айыпталушының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі бойынша, Роза Төлетаева – 7 жылға, Қанат Жүсіпбаев, Нарын Жарылғасынов, Мақсат Досмағамбетов – 6 жылға, Шабдал Өткелов – 5 жылға, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев – 4 жылға, Нұрлан Асқарұлы, Марат Аминов, Қайрат Еділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непесов – 3 жылға сотталды.

Сот Серік Ақжігітов, Ислам Шамилов, Бауыржан Телегенов, Қайрат Қойшыбаевқа 3 жыл шартты жаза, 1 жыл сынақ мерзімін, Саламат Ысқақов, Жігер Аманжолов, Самат Қойшыбаев, Жанайдар Өтебеков, Сейсен Аспентаев, Мұратбай Жұмағалиев, Айжан Дүйсенбаеваға 3 жыл шартты жаза, 2 жыл сынақ мерзімін, Әнуарбек Тәженов, Нұрсұлтан Мұқашевқа 3 жыл шартты жаза, Расул Мұхаммедов, Жаңбыр Ерғазев, Парахат Дүйсенбаевқа екі жыл шартты жаза кесті.
Судья Аралбай Нағашыбаев үкімді оқып тұр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл. Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген.
Судья Аралбай Нағашыбаев үкімді оқып тұр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл. Суретті блогшы Дина Байділдаева түсірген.

Әділбек Шамов (3 жыл), Айбек Мұңайтпашев (2 жыл), Жанат Мұрынбаев (2 жыл), Есенгелді Әбдірахманов (3 жыл), Карл Бекжанов (2 жыл) амнистияға ілігіп, сот залынан босатылған.

Айыпталушылар Ертай Ермұқанов, Жеңіс Бапилов, Мелс Сарыбаевқа қатысты сот ақтау туралы үкім шығарған.

Осы үкімдерді естіген сотталушылардың туыстары дауыс салып, жылап, "Арман" орталығының іші күңіреніп кетті. Ол сәтті тәуелсіз блогшы Дина Байділдаева түсірген мына видеодан көре аласыз:



Мұрат Қосбармақовқа тағайындалған үкім судьяны жұрт залдан қуып (әртүрлі заттар лақтырып - ред,) шыққаннан кейін оқылмай қалған еді. Кешкі сағат бестерде Ақтауда өтіп жатқан сотқа қатысып отырған саясаткер Рысбек Сәрсенбаев Мұрат Қосбармақовтың 3 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.

Сот үкімі Астана уақытымен сағат 10-да «Арман» орталығында оқыла бастады. Бүгін сот үкімін естуге көп адам келген. Сот залы мен қосымша зал лық толып, оған сыймағандары далада күтіп тұруға мәжбүр болған. Сот залын полиция қызметкерлері қоршап тұрған

Жаңаөзендегі оқиға бойынша сот 2012 жылы наурыздың 27-сі күні басталды. 37 айыпталушыға «Жаңөазенде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, оған белсене қатысты» (ҚР ҚК 241-ші бап), «билік өкілдеріне күш қолданды» (ҚР ҚК 241-ші бап), «ұрлады, тонады» (178, 175 баптар) деген айыптар тағылды.
Үкімді естуге келген ел. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.
Үкімді естуге келген ел. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты 2012 жылы қаңтар айында ресми мәлімдеме жасаған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев «жаппай тәртіпсіздіктердің алты ұйымдастырушысы – Сақтағанов, Жарылғасынов, Ермұқанов, Досмағамбетов, Өткелов және Төлетаева анықталып, оларға қылмыстық кодекстің 241-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылып, қамалды» деген болатын.

Сонымен қатар, Асхат Дауылбаев «Жаппай тәртіпсіздіктердің 23 белсенді қатысушысы және бүліншілік пен тонаушылық жасаған 11 адам анықталып, қамауға алынған. Олардың басым бөлігі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғанын және қатысқандарын растады» деген еді.

Бұл іске 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы қатысты.Бұған дейін оқиға салдарынан бизнесі өртелген жәбірленуші-кәсіпкерлердің басым бөлігі «айыпталушыларды кінәлай алмаймыз» деп арыз-шағымдарын қайтып алған еді. Көбіне мемлекеттік және ірі компания өкілдері арыздарын сол күйінше қалдырды.

Айыпталушылар «алдын ала тергеу кезінде полицейлердің ұрып-соққанын, азаптағанын» айтса, айыптау тарапынан келген кейбір куәгерлер де жауаптарының қысыммен алынғанын мәлдімдеді. Қорғау тарабы алдын ала тергеу кезінде заңбұзушылықтардың көп болғанын айтқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG