Accessibility links

Мұхаммед Мурси 15 күнге қамалды


Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдаушылар оның портретін ұстап тұр. Каир, 25 шілде 2013 жыл.
Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдаушылар оның портретін ұстап тұр. Каир, 25 шілде 2013 жыл.
Египеттің биліктен шеттетілген бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси палестиндік ХАМАС тобымен әріптестік орнатқан деген айып бойынша 15 күнге ұсталғаны туралы жұма күні МЕНА мемлекеттік агенттігі ақпарат таратты.

Тергеу шараларына байланысты Мурсиді қамауда ұстау мерзімі ұзартылуы мүмкін екендігі хабарланды.

Бұған дейін Египеттің уақытша үкіметі жетекшісінің орынбасары әрі қорғаныс министрі Абдел Фаттах әл-Сиси жұма күні елде терроризмге қарсы күресті қолдап жаппай шеру өткізуге шақырған еді. Мурсиді қолдайтын «Мұсылман бауырлар» қозғалысы да өз жақтастарын наразылық акциясына шығуға үндеген.

Бейсенбі күні әскери басшылық исламшыл күштерге «ұлт қатарына қосылуға» 48 сағат уақыт берілетіні туралы талап қойып, оған көнбеген жағдайда «террор мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясын» қолданатынын ескертті.

Египетте халық көтеріліске шығып, саяси жағдай ушыққан соң, шілденің 3-і күні әскерилер президент Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттетті, содан бері оның қайда екені белгісіз.

Өткен аптада Египетте премьер-министр міндетін атқарушы Хазем әл-Беблави басқаратын уақытша үкімет мүшелерінің ант беру рәсімі өтіп, ел конституциясына өзгерістер әзірлейтін комитет жұмысқа кіріскені хабарланған.
XS
SM
MD
LG