Accessibility links

Әлиев Сәрсенбайұлының өліміне қатысты күдікті боп танылды


Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко (оң жақта) мен АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джон Ордвей (сол жақта) брифингте тұр. Астана, 2013 жылдың желтоқсаны.
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко (оң жақта) мен АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джон Ордвей (сол жақта) брифингте тұр. Астана, 2013 жылдың желтоқсаны.

Прокуратура «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді тапсырған Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деп мәлімдеді. Іс қайта қаралмақ. Марқұмның туысы «бұл - қайын ата мен күйеу бала соғысы» дейді.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура өкілі Астанада өткізген арнайы брифингте: «2012 жылғы 16 сәуір күні түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Рустам Ибрагимов (Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру туралы тапсырысты орындағаны үшін айыпты деп танылған адам - ред.) қылмыстың бұдан бұрын сот органдарына белгілі болмаған жайлары жазылған арызбен Қазақстанның Жоғарғы Сотына жүгінді. Бұл арызда ол бірінші рет адам өлтіруді жасағанын мойындады, оны қалай жасағанын егжей-тегжейлі бейнелеп берді, сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші шын мәнінде Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екенін көрсетті» деп мәлімдеді.

Прокуратура «Ибрагимовтың айтқандарының шынайылығын Жоғарғы Сот тапсырмасы бойынша Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінен арнайы құрылған жедел тергеу тобы тексерді» дейді.

Прокуратура бұдан өзге, Ибрагимовтың «Ержан Өтембаевтың жеке бас араздығына орай Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрып-соғуды сұрағанын және бұл жөнінде Рахат Әлиевке мәлім болғанын, ол Әлнұр Мұсаевпен бірлесіп, жағдайды пайдаланып қалуды көздеп, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді тапсырғанын» айтқанын хабарлады.

Прокуратураның мәлімдеуі бойынша, «Ибрагимовтың уәждері... объективті дәлелдемелермен толықтай расталған».

2006 жылы ақпанның 11-і күні Алматыда саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағарлары Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның мәйіті табылды. Бұл іске қатысты Рустам Ибрагимов есімді демалысқа шыққан полицияның бұрынғы подполковнигі мен тағы басқа тоғыз адам сотталған еді.

Рустам Ибрагимов саясаткерді өлтіруге тапсырыс беруші ретінде сол кезде парламент сенатының аппарат жетекшісі қызметін атқарған Ержан Өтембаевты атаған еді. 2006 жылы тамыздың 31-і күні айыпталушыларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, ал Ибрагимовты тікелей ұйымдастырушы және орындаушы ретінде өмір бойы түрмеге қамау жөнінде сот үкімі шыққан.

ИБРАГИМОВ ӘЛИЕВ ЖАЙЛЫ 2006 ЖЫЛЫ АЙТҚАН

Прокуратура мәлімдемесі бойынша, «Рустам Ибрагимов Рахат Әлиевтің Сәрсенбайұлын өлтіруді тапсырғанын 2006 жылы ФБР агенттеріне айтқан».

«Бірақ мұны айтқанымен, Ибрагимов құқық қорғау органдарына ресми куәлік беруден бас тартып, өз отбасының қауіпсіздігі үшін бұл ақпаратты жарияламауды өтінген».

«Қазір ФБР Ибрагимовтың бұл мәлімдемесін тиісті құжаттармен растап отыр».

Бұл істі тексеруге Қазақстан Бас прокуратурасының өтінішімен АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы (ФБР) қатысқан еді.

Брифингке прокуратура өкілімен бірге шыққан АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джон Ордвей «ФБР тергеуі нәтижесі Қазақстан прокуратурасы қорытындыларымен сәйкес келетінін» айтты.

Ол одан бөлек, «ФБР бұл қылмысқа қатысты тергеуін жеке, әрі тәуелсіз жүргізгенін» айтты.

Қазақстан бас прокуроры орынбасары Андрей Кравченко мен АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джон Ордвей брифингін Youtube желісіне шыққан мына видеодан көре аласыз:



ЕРЖАН ӨТЕМБАЕВ

Прокуратура өкілінің айтуынша, «2013 жылы 11 желтоқсан күні Қазақстан бас прокуратурасы Жоғарғы сотқа Алтынбек Сәрсенбайұлы, Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынды өлтіру жөніндегі іс бойынша шығарылған үкімді ішінара қайта қарау қажеттігі туралы қорытынды жолдаған».

Прокуратура мәлімдемесіне қарағанда, Ибрагимовтың кейінгі куәлігі негізінде Ержан Өтембаевқа қатысты «бұдан бұрын қаулы етілген үкімді 2013 жылы 19 желтоқсан күні Қазақстан Жоғарғы Соты ішінара бұзған».

Ержан Өтембаевтың әйелі Людмила Өтембаева Азаттық тілшісіне прокуратураның мәлімдемесі жөнінде:

- Әрине қуаныштымыз. Осы жылдар бойы біз істі қайта қарайтын шығар деген үмітпен келдік. Прокуратураның мәлімдемесін естідім, алып-қосарым жоқ. Тергеу жүргізіліп, соттың үкімі жартылай жойылған. Алайда үкімнің жартылай жойылғанын немесе толығымен алынып тастайтындығын сот шешеді. Сотқа дайындаламыз. Әзірге адвокатымыз жоқ, егер қажет болса адвокат іздейміз, - деді.

Прокуратура таратқан ақпаратқа қарағанда, осы іс бойынша сотталған өзге адамдардың үкімін қайта қарауға «жеткілікті негіз жоқ».

Прокуратура «Тиісті сот шешімі қабылданған жағдайда Рахат Әлиевке және Әлнұр Мұсаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалады» деп хабарлады.

ҚАЙЫН АТА МЕН КҮЙЕУБАЛА

Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы Азаттық тілшісіне «бұл істің қайта қаралуын көптен бері күтіп жүргенін» айтты.

- Егер сот шыныменде болса, онда оның жүгі ауыр. Рахат Әлиев бұл іске қатысты өзінің пікірін бұған дейін айтқан. Оны халық біледі, сонда тайталас кімдердің арасында жүріп жатыр? Күйеу бала мен қайын атаның арасында. Күйеу бала қайын атаны кінәлайды, қайын ата күйеу баланы кінәлаттырады. Сонда екеуінің қайсысы шын мәніндегі тапсырыс беруші? Егер сот процесі болатын болса, сотты жүргізуші адам осы сұрақтың жауабын табуы керек, осы сұрақты екеуіне де қоюы керек. Егер көпшіліктің көкейіндегі сұраққа жауап берілетін сот болса – мен оны қолдаймын, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

2009 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев «Өзі жазып жатқан әшкерелеу кітабының тұсаукесерін Алтынбек Сәрсенбайұлы өлтірілген күнге орайластырып өткізетінін» мәлімдеді. Рахат Әлиев «кітапта Сәрсенбайұлын өлтіруге кімдер тапсырыс берді және кімдер ол тапсырысты орындағанын аты-жөндерін көрсетіп, ашық жазамын» деген мәлімдеме таратқан еді.

Кейін оның атынан жарыққа шыққан кітапта «Алтынбек Сәрсенбайұлының көзін жоюға тапсырыс берушілер елдің жоғары басшылығында отыр» деген емеурін жасалды.

ҰҚК-нің шетте жүрген бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев та Азаттық радиосына берген сұқбатында Рахат Әлиевтің қолында «бұл қылмысқа жоғары лауазымды адамның қатыстылығы туралы нақты дәлел бар» деп мәлімдеген еді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев Қазақстанда бірнеше қылмыстық айыппен сотталып, 40 жыл түрмеге кесілген. Оған тағылған айыптардың бірі – «2007 жылы «Нұрбанктің» екі топ-менеджерін ұрлап әкетіп, азаптады» деген айып. Әлиев 2007 жылдан бері Австрияны паналап келген. Соңғы жылдары оның екінші мәрте үйленіп, әйелінің Шораз деген фамилиясын иеленіп, Мальтада тұрып жатқаны туралы хабарланды. Рахат Әлиев Қазақстанда өзіне тағылған барлық айыптың саяси сипаты бар деп санайды және жоққа шығарып келеді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірі мен өлімі (фотогалерея):

XS
SM
MD
LG