Accessibility links

Жоғарғы сот Мухортованың шағымын қарамады


Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.
Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.
Бүгін Қазақстан жоғарғы соты заңгер Зинаида Мухортованың өзін психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызғаны туралы берген шағымын қараудан бас тартты.

Мухортованың өкілі Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, заңгерді мәжбүрлеп ауруханаға жатқызу және психиатриялық сараптама жасауды сот "заңды" деп тапқан еді. Жоғарғы сот оның ісін қайта қарауға еш себеп жоқ деген ұйғарымға келген.

Шорманбаев енді Мухортованың ісіне қатысты БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданбақ ниеті барын айтты.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова былтыр желтоқсан айында Қазақстаннан кетіп қалған. Қазір оның қайда екені белгісіз.

2009 жылдың шілдесінде Балқаш қаласының бес тұрғын әйелімен бірге парламент депутаты Ерлан Нығматулиннің үстінен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясына шағым түсіргеннен кейін Зинаида Мухортова Қарағанды облысы билігі тарапынан қудалауға ұшырады.

Депутатты «соттардың ісіне араласады» деп айыптаған әйелдердің өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың шағымынан кейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған «Көрінеу жалған өсек тарату» бабы бойынша адвокатқа қарсы қылмыстық іс қозғалды. Бірақ оны «нақты тұлғалар жайында сандырақтайды» диагнозы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатып, психиатриялық ауруханаға еркінен тыс емделуге жіберді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Зинаида Мухортованың ісін назарда ұстап келеді. Олар Қазақстан үкіметін адвокаттан «саяси астары бар» айыптауларды алып тастауға, өзгеше ойлайтын жандарды психиатриялық клиникаға жатқызып, еркінен тыс емдейтін советтік практиканы тоқтатуға шақырады.
XS
SM
MD
LG