Accessibility links

Тәжікстан "Ислам қайта өрлеу партиясына" тыйым салды


"Ислам қайта өрлеу партиясы" жетекшісі Мухиддин Кабири. Душанбе, 3 наурыз 2015 жыл.
"Ислам қайта өрлеу партиясы" жетекшісі Мухиддин Кабири. Душанбе, 3 наурыз 2015 жыл.

Тәжікстан әділет министрлігі елдегі жалғыз діни-саяси партия - "Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы" (ТИҚП) қызметіне тыйым салып, партияға 10 күн ішінде қызметін тоқтату туралы ескерту жасады.

Министрліктің 28 тамызда таратқан мәлімдемесінде Тәжікстанның "Саяси партиялар туралы" заңына сай саяси партияның облыстар мен қалалардың көпшілігінде бастауыш партия ұйымы болуы тиіс екені жазылған.

"Министрлікке келген құжаттарға сай, ТИҚП-ның 58 қала мен аудандағы бастауыш партия ұйымы жұмысын тоқтатқан. Сондықтан партия республикалық партия бола алмайды және құрылтай өткізе алмайды" делінген мәлімдемеде.

Бірер күн бұрын ТИҚП жетекшілері Душанбеде өткен баспасөз жиынында партия "тәжік билігі жасап жатқан кедергілерге қарамастан" саяси қызметін жалғастыра беретінін мәлімдеген.

Бірнеше күн бұрын Душанбеде қалалық сот партияның бас кеңсесі ғимаратына мөр басылған қағаз жапсырып, кіруге тыйым салған. Сот мұны ғимараттың бұрынғы және қазіргі қожайыны арасындағы дауға байланысты жасалған дейді.

"ПАРТИЯ ҚЫЗМЕТІН ТЕК ЖОҒАРҒЫ СОТ ТОҚТАТАДЫ"

ТИҚП төрағасы Мухиддин Кабири Азаттықтың Тәжік қызметіне "тыйым салу жайы партияның жоғарғы саяси кеңесінде талқыланатынын және ол бойынша шешім кейінірек хабарланатынын" айтты.

ТИҚП төрағасының орынбасары Саидумар Хусайни партия қызметін "тек жоғарғы сот қана тоқтата алатынын" айтып, әділет министрлігі мәлімдемесін "партия қызметін толық тоқтату туралы қоқан-лоқы" деп атады.

ТИҚП Тәжікстанда 1992-1997 жылдардағы азаматтық соғыста белсенді рөл атқарған. Партия мүшелері 15 жыл бойы Тәжікстан парламентіне депутат болып сайланып, биыл наурыз айында өткен соңғы сайлауда парламентке өтпей қалған. Бірақ партия сайлаудың ресми нәтижелерін "бұрмаланды" деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG