Accessibility links

Кунсткамера ғалымдары Кенесарының басы жоқ екенін айтады


Астанадағы Кенесары ханның ескерткіші
Астанадағы Кенесары ханның ескерткіші

Қазақстан билігі Ресейде сақталған деп сипатталатын екі тарихи тұлғаның бас сүйектерін қайтаруды сұрады. Ол тұлғалар – 19-ғасырдағы қазақ билеушісі Кенесары хан мен 20-ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Кейкі батыр. Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен Сочидегі кездесуде осы мәселені көтерді.

Санкт-Петербургтегі Ұлы Петр атындағы этнография және антропология музейі немесе Кунсткамера өкілдері Кейкі батырдың басын қайтаруға болатынын айтады. Мамандар «Кенесары ханның басы Кунсткамерада жоқ және оның осы мұражайда сақталғаны туралы сөз аңыз ғана» дейді.

Музей директорының орынбасары Ефим Резван Азаттықтың Орыс қызметіне шетелге қандай да бір экспонатты беру тек федералдық заң немесе президент жарлығы арқылы жүзеге асатынын айтты.

- Бізде ерекше қазақ коллекциясы бар, және өкінішке қарай, жалпы жұрт оған ең әуелі осындай дақпырт хабар шыққанда назар аудара бастайды. Бізде сақталған немесе сақталмаған заттар туралы аңыз көп. Қазақ әріптестеріміз көп жылдардан бері Кенесары ханның басын іздеп келеді. Жақында Қазақстанда ол туралы фильм түсірді, біз олардың жұмысына көмек бердік. Сол жолы, бізде жоқ екені бәріне белгілі болса да, тағы да Кенесарының бас сүйегі туралы әңгіме көтерілді. Бес жыл бұрын Қазақстанның мәдениет министрінің орынбасары келді. Біз оны өзімізге отырғызып қойып, 19-ғасыр бойынша тіркеу кітабын қолына бердік. Кітап парақтары түгел екенін өз көзімен көрсін деп. Әрине, ол Кенесары ханның бас сүйегі келгені, тіркелгені жөнінде ақпаратты ол кітаптан таппады. Ал Кейкі батырдың бас сүйегі бізде сақталып тұрғанын ешқашан жасырған емеспіз. Оны қазақ әріптестеріміз баяғыдан біледі. Ол бас сүйек бізге 1926 жылы әкелінген, тек 1933 жылы ғана тіркелген.

Ефим Резван
Ефим Резван

Ресей мұражайлары коллекцияларды тек қана сақтайды, иелік етпейді. Экспонаттардың тағдыры ең биік деңгейде ғана шешіледі. Әлемдегі барлық музей державаларында солай. Қазақстан тарапынан формальды түрде әзірге бірде бір мекеме ресми сұрау түсірген жоқ. Ондай сұрау түскен күнде де қандай да бір шешім қабылдануы үшін өте көп инстанциялардан өтуі керек. Кейкі батырдың басы ешқашан көрмеге қойылған емес. Тіпті өз экспозициямызға да қойылған жоқ. Және мұражай тәртібі бойынша, этикалық түсінікпен, тарихи тұлғалардың сүйектерін суретке түсіртпейміз. Жақында ғана менің Қазақстан туралы үлкен кітабым шықты, ол жақта экспедициялармен жиі боламын, достарым да көп, алайда біз оларға Кейкі батырдың бас сүйегін түсірткен емеспіз. Сол сияқты, ресейлік тележурналистер өтінсе, де рұқсат етпейміз.

- Кунсткамера БАҚ жазып жатқандай, Кейкі батырдың басын қазақтарға беруге қарсы емес пе?

- Біздегі коллекция - бас сүйектердің әлемдегі ең ірі коллекцияларының бірі. Кейкі батырдың тарихи орнын еске алмаған күнде, оның бас сүйегі 20-ғасырдың басында өлген қазақтың басы. Кез келген бас сүйек тәрізді, бұл бас сүйек те өте көп ақпаратты өзіне сақтаған. Ғылым үшін әрбір экспонат бағасыз, бұл бас сүйек те солай, алайда аса сирек дүние емес... Бізден жоғары тұрған инстанциялар бар - Мәдениет министрлігі және Ғылыми ұйымдардың Федералдық агенттігі. Олар өзара келісімге келіп, бір шешім шығаруы керек. Егер шешім шығарылса, мұражай оны орындайды, - дейді Ефим Резван.

Мемлекеттік Эрмитаждың архитектуралық археология секторының меңгерушісі Олег Иоаннесян «Қазақстанға қазақтардың ұлттық батырының бас сүйегін қайтару тек құқықтық ғана емес, этикалық проблема» екенін ескертеді. Ол жалпы адам бас сүйегіне экспонат ретінде қараудың өзі ыңғайсыз дейді.

Кунсткамера экспонаттары
Кунсткамера экспонаттары

- Адамның бас сүйегі, бұл – ең алдымен, адам мәйітінің бір бөлшегі. Ол жерленуі керек. Алайда кей кезде, бұл сүйектер ғылыми зерттеу объектісіне айналып, ерекше жағдайда сақталып жатады. Кунсткамера коллекциясы – дәл осындай, адамзат эволюциясын зерттеу немесе ежелгі індеттерді анықтау үшін мәйіт қалдықтарын сақтайтын ерекше, теңдесіз коллекция. Бір жағы, соңғы кездерде зерттеу жұмыстары біткен соң сүйектерді көміп тастау үрдісі бар. Археологтардың бұл мәселеде пікірі ортақ: зерттеп болғанша сақта, зерттеп болғасын, дұрысы, жерлеген жөн. Ал антропологтардың адам мәйітінің бөлшектерін музей коллекциясы ретінде сақтау керек дейтін өз ұстанымдары бар.

- Ал егер, жалпы алғанда, мұражай экспонатын алып өзге елге беруге бола ма?

- Бұл да оңай мәселе емес. Егер ол коллекция бұрыннан, заңды құрылған болса, ондағы экспонаттар - сол мемлекеттің мұражайлық қорының бөлшегі саналады. Егер экспонаттарды тарату басталып кетсе, бұл мәдениет саласы үшін сұмдық соққы болады, музейлерде ештеңе қалмайды. Сондықтан, мұндай тәжірибеден барлығы бас тартқан. Мұражай қоры жасалады, сол жерде әр экспонаттың нақты адресі көрсетіледі, болды. Мәселен, Эрмитаждан 1930 жылдары көп экспонаттар сыртқа сатылып кеткен, біз оларды бүгінде кері қайтаруды талап етіп жатқан жоқпыз ғой.

Ал Кунсткамерадағы адам бас сүйектері басқа мәселе, этикалық мәселе. Бұл жерде, адам мәйітінің бөлшегін экспонат деп қарау керек пе, жоқ па деген сұрақ туындайды. Ал оны өзге мемлекетке берудің күрделілігі сондай, оны тіпті мәдениет министрлігі шеше алмайды, - дейді Олег Иоаннесян.

Кунсткамера директорының орынбасары Юлия Кукина мұражай экспонатын бір қолдан келесі қолға беру мәселесі заңмен реттелетінін айтады.

- Ең бастысы, біздегі коллекция Ресей Федерациясының мұражай қорына қарайды. Бір де бір мемлекеттік музей өз экспонаттарының қожайыны емес. Қожайын – мемлекет, ал мәдениет министрлігі сол коллекцияны толықтырумен немесе кейбір экспонаттарды ол тізімнен шығару ісімен айналысуға қақылы. Мұражай – тек сақтаушы. Коллекциялардың өзгеге көрме үшін берілуі өте көп құжаттардың, келісімдердің нәтижесінде ғана жүзеге асады.

- Ал қандай да бір экспонаттың келесі тарапқа уақытша емес, басыбүтін берілетін кезі бола ма?

- Ол үшін мәдениет министрлігіне өтініш түсіріп, ол экспонатты - себебін дәлелдеп, коллекция тізімінен шығаруды сұрау керек. Өтінуші тарап неге коллекция тізімінен шығаруды сұрайтынын дәлелдеуге тиіс. Мәселен, ол блокада кезінде жоғалып кеткен зат немесе 300 жылда тозып, мүлдем жарамсыз болғанын дәлелдеуі керек дегендей. Мәдениет министрлігі сол кезде өтінішті қабылдайды және шешім шығарады. Мұндай шешімнің болғаны есімде жоқ және оны шешу де біздің құзырымыздағы іс емес.

- Мұражай коллекциясына айналған адам сүйектері ше?

- Ең алдымен, біздегі коллекция ғылыми, және әлемдегі ең ірі адам антропологиясының коллекциясы болып саналады. Әрі, адам сүйегінің бөлшегі деп нені атауға болады деген де мәселе бар. Өйткені, музейлерде кейде тіпті, адамның шашы да, саусағы да сақталатын жағдайлар болады. Оларды қалай жерлеуге, көмуге болады? Бұл маңызды мәселе. Америкалық музейлерде қазір адам сүйегінің бөлшектерін мұражайға қоюды әбестік санау үрдісі бар. Себебі ол жердегі адам сүйектері негізінен, Американың байырғы тұрғындарына тиесілі. Оларда 1970 жылдары өте үлкен зерттеулер жасалып, тіпті Конгресс араласып, музейлердегі адам сүйектерін 10 жыл бойы зерттеп, сосын жерлеу үшін Аамериканың байырғы тұрғындарына қайтарған. Мәйіттерді репатриациялау жөнінде маңызды заң шығарған. Егер осындай жағдай жасалса, бұл мәселені шешуге болар. Біздегі археологтар ең алдымен, ғылыми материалмен жұмыс істеп отырғанын ескеру керек сияқты, - дейді Юлия Кукина.

Мақаланы Азаттықтың Орыс қызметі, Татьяна Вольтскаяның материалы негізінде ықшамдап әзірлеген - Қасым Аманжолұлы.

XS
SM
MD
LG