Accessibility links

Ұлыбританияның ЕО-дан шыққаны Ресейді шат қылды


Brexit, Украин қызметіндегі Алексей Кустовскийдің саяси карикатурасы

Brexit, Украин қызметіндегі Алексей Кустовскийдің саяси карикатурасы

Ұлыбританиядағы ЕО референдумының түпкілікті нәтижесі жұма күні жарияланып, елдің одақтан шығатыны анық болды. Ресей шат-шадыман.

Ресейлік шенеуніктер, журналистер мен әсіре ұлтшыл белсенділер Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығу туралы тарихи шешіміне разы болып, Брюссельді табалап жатыр. Олар бұл оқиғаны Еуропаның бөлшектенуінің және АҚШ ықпалының азаюының белгісіндей көреді.

Кремльшіл мемлекеттік телеарналар "кішкентай Англияның жеңісін" барынша дәріптеп, 23 маусым күні өткен референдумның нәтижесін "Брюссельдің үрейін ұшырған жайт" деп суреттеді. Кейбір БАҚ сыра ішіп отырған Ұлыбританияның оңшыл Тәуелсіздік партиясының (UKIP) жетекшісі, ЕО-ға қарсы саясаткер Найджел Фараждың "қарапайым халықтың, жақсы адамдардың жеңісі" деп отырған бейнесін көрсетті.

Ресейдің ультра-ұлтшыл саясаткері Владимир Жириновский Ұлыбританиядағы дауыс беруді "қаһармандыққа" балады. Ол "Ұлыбританиядағы ауыл шаруашылығы, шалғай аймақтар мен жұмысшылар қаржы мафиясы мен глобалистер құрған одаққа "жоқ" деді" деп сөйледі. Қызбалана шаптығып сөйлеу мәнерімен танымал саясаткер: "Британдықтар кеткен соң НАТО да, шенген де, еуро да қирайды... Рубль жасасын, Ресейдің Еуропадағы барлық демократиялық елдерімен байланысы жасасын!" деді.

Владимир Жириновский, Ресейдің ультра-ұлтшыл саясаткері

Владимир Жириновский, Ресейдің ультра-ұлтшыл саясаткері

Ресей Коммунистік партиясының төрағасы Геннадий Зюганов та Еуропада "бірінен соң бірі болатын ыдырауды" болжай сөйлейді. Оның пайымдауынша, Франция, Италия мен Нидерланд келесі болып одақтан шығады.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков маусымның 24-і күні журналистер алдында "Ресей ЕО-ның бақуатты, тұрақты және болжауға болатын халдегі экономикалық күш" болып қала бергенін қалайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Кремль Лондон Мәскеумен қарым-қатынасын жақсарту қажеттелігін түсінді деп үміттенеді.

Референдум алдында Ресей президенті Владимир Путин пікір айтудан тартынған, ал оның қарсыластары Ұлыбританияның ЕО-дан кетуі Кремльге майдай жағады деп ескерткен.

Танымал тележурналист Владимир Соловьев Twitter парақшасында Путинді сынаушыларды кекетіп өтті. "Ұлыбритания ЕО-дан шығып жатыр екен. Тағы да "бәріне Путин кінәлі" боп шыға ма? Әлде бұл жолы ЕО-дағы мәселелерді сараптап көре ме?" деп жазған ол.

Мемлекеттік думаның сыртқы істер комитетінің төрағасы Алексей Пушков "Өз ауруларыңды бізге таңбаңдар, Ресейдің түк қатысы жоқ. Бұл - Brexit-ке қарсылардың жеңілісі. Барак Обаманың жеке басының жеңілісі" деген твит жариялаған.

Алексей Пушков

Алексей Пушков

Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресейдің басты сынаушысы Лондон ЕО-дан кеткен соң одақ мүшелерінің ішінде Ресейге салынған экономикалық санкцияларды алғызу оңай болады деген сарында пікір білдірген.

Оңшыл саясаткер Борис Титов Франция, Германия мен Ресей Еуропаны англосаксондық Ұлыбритания мен АҚШ-қа қарсы көтеру керек деген ой айтқан. "Бұл Ұлыбританияның Еуропадан тәуелсіздік алуы емес, Еуропаның АҚШ-тан тәуелсіздік алуы" деген ол.

Федерация кеңесінің халықаралық істер комитетінің төрағасы Константин Косачев Facebook жазбасында "ЕО өзінің не ұйым екенін жалпы халыққа ұғындыра алмады" деген мазмұнды ой айтқан.

Ұлтшыл журналист Игорь Коротченко ЕО-дан шыққан Ұлыбританияның өз ішінде және бір бөлігу болады деген әзіл айтып, Шотландияға меңзеп "ШХР - Шотландия халық республикасы" деп жазған.

"Спутник и Погром" атты ұлтшыл сайт ЕО-дан шығуға дауыс берген Ұлыбританияны жеке пікірі бар, тентек ұлға теңеген сурет жариялады.

"Родина" партиясының төрағасы Алексей Журавлев "Ұлыбританияның өмір сүру қауіпті бола бастаған көпмәдениетті ЕО коммуналкасынан кеткенін құптайтынын" жазған.

Ресейдегі ат төбеліндей ғана либерал саясаткерлердің бірі бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин де үн қосып:

"Ұлыбританияның ЕО-дан кету шешімі қынжылтады-ақ. Зор апат бола қоймас, бірақ қаржы нарығында уақытша тұрақсыздық орнайды" деген твит жариялады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG