Accessibility links

2014 жылы төраға болатын даулы төрт ел


Грекия премьер-министрі Антонис Самарас. Брюссель, 19 қазан 2012 жыл.
Грекия премьер-министрі Антонис Самарас. Брюссель, 19 қазан 2012 жыл.

1 қаңтарда көптеген халықаралық ұйымдар төрағалық ететін елдерді ауыстырады. Кейде ол сәтімен болады, кейде күмән тудырады.

ГРЕКИЯ - ЕУРОПА ОДАҒЫ ТӨРАҒАСЫ

Еуропа Одағы (ЕО) мен Халықаралық валюта қоры Грекияға экономикасын құтқару үшін үш жылдан бері 320 миллиард доллар бөлді. Алдағы алты айда ЕО-дағы 28 ел бұл мемлекетке тағы да қаржылық көмек беру-бермеу жайын шешер кезде Грекия осы ұйымға төрағалық етеді.

Грекия премьер-министрі Антонис Самарастың айтуынша, қатаң экономикалық шаралар қайырлы болған, ел 2014 жылы қаржылық тәуелділіктен құтылмақ. Ол экономикалық дағдарыс тәртіпсіздікке не үкіметтік шарасыздыққа жолықтырмас үшін грек депутаттарын реформа жалғастыруды жақтауға шақырды.

Грекияда жұмыссыздық деңгейі 30 пайызға жеткенін, жұрт наразылығы артып бара жатқанын ескергенде Антонис Самарастың Грекия ЕО-ға төрағалалық ететін алдағы алты айда тұрақтылықты сақтауға шамасы жетері күмән туғызады.

Кейбір сарапшылар бұл елді ұйымға 2009 жылы төрағалық еткен Чехиямен салыстырады. Чехия ол кезде ЕО-ға мүше елдер алдындағы беделін арттыру орнына ішкі саяси алауыздықты жеңе алмай, төрағалық мерзімінің орта шенінде үкіметі дағдарысқа ұшыраған еді.

РЕСЕЙ – «ҮЛКЕН СЕГІЗДІК» ТӨРАҒАСЫ

Биыл 1 қаңтарда Ресей әлемдегі ірі сегіз ел (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония және Ресей) енетін ұйымға төрағалық етеді.
Ресей президенті Владимир Путин "Үлкен сегіздік" жиынында. Солтүстік Ирландия, 18 маусым 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин "Үлкен сегіздік" жиынында. Солтүстік Ирландия, 18 маусым 2013 жыл.
Ұйымға Ұлыбритания басшылық еткен 2013 жылы Ресей "Үлкен сегіздіктің" (G8) Сирия президенті Башар Асадты биліктен кетіру жайлы мәлімдеме жасау жоспарына қарсы шыққан еді.

Ресей президенті Путиннің Сирияға жақтасқаны Канада премьер-министрі Стивен Харперді шамдандырған. Ол Путинді "Үлкен сегіздіктің" ынтымағын бұзды деп айыптап, "ұйым G8 емес, G7+1 болып кетті" деген.

"Үлкен сегіздік" Сириядағы соғыстан бастап климатты бақылауға дейінгі әлемдік мәселелермен айналысады. Бірақ ұйымға төрағалық ететін елдер өз саясатын да өткізуге мүмкіндік алады. Ресей президенті Владимир Путин ұйымға төрағалық ететін жылы халықаралық терроризммен және есірткі саудасымен күресетінін мәлімдеген. Бұл мәселе Путиннің еліндегі шектеу амалына құрылған саясатын қорғап қалуға мүмкіндік береді. "Үлкен сегіздікке" төраға болудың арқасында Путин милииардтаған доллар қаржы жұмсалған, Қысқы олимпиада өтетін Сочиді 2014 жылғы ұйым саммитінде тағы бір көрсетіп қала алады.

УКРАИНА – ТМД ТӨРАҒАСЫ

Украиналықтардың көбі 2014 жылды ЕО-мен еркін сауда және интеграция келісімін жасап қарсы алармыз деп үміттенген еді. Бірақ ел билігі Ресеймен жақын болғанды жөн көрді. Бұл шешімге қарсы болған мыңдаған шеруші наразылық танытты.

ЕО-дан кері айналған Украина биыл бұрынғы СССР құрамында болған тоғыз ел енетін ұйымға - ТМД-ға төрағалық етеді. Бұл ұйым Ресейдің бұрынғы советтік елдерді
Украина президенті Виктор Янукович. Киев, 19 желтоқсан 2013 жыл.
Украина президенті Виктор Янукович. Киев, 19 желтоқсан 2013 жыл.
бақылауда ұстау амалы деушілер де бар. Украина президенті Виктор Янукович ТМД-ға төрағалық ететін елінің сауда мен экономикалық әріптестікке баса назар аударатынын айтты.

Сарапшылар Ресей Украинаны да Кеден Одағына кіргізуге тырысады деп болжайды. Қазір ол одақтың құрамында Ресей, Беларусь пен Қазақстан бар, алдағы уақытта Армения мен Қырғызстан да енуі ықтимал. Ресей президенті Путин "Кеден Одағы ЕО-ға балама болатын Еуразия Одағын 2015 жылы-ақ құруға септеседі" деп біледі.

Ресеймен жақындасуды жөн көрген Виктор Янукович елінде 2015 жылы өтетін сайлауда Мәскеудің көмегіне үміт артатын тәрізді. Ол басқа елдердің Украинаның ішкі ісіне араласуына мүлдем қарсы екенін де айтты. Бірақ ол Мәскеуді меңзеді ме, әлде Брюссельді айтты - ол арасы анық емес.

ТМД-ға төрағалық ететін Украина постсоветтік елдерді біріктіруге негіз болатын қауіпсіздік мәселесін де қайта қарауы мүмкін. Ресей былтыр қазанда Беларусьте өткен кездесуде ұйымдасқан қылмыспен, терроризм және экстремизммен, заңсыз саудамен күресудің бесжылдық күресі басталғанын мәлімдеген. Мәскеу ұйымнан 2009 жылы шығып кеткен Грузияның бұл одаққа қайтқанын жөн көреді.

Бір қызығы, ТМД-ға төрағалық етпек Украина бұл ұйымның толық мүшесі емес. Украина 1991 жылы ТМД-ны құруды қолдаған үш елдің бірі болғанымен, СССР-дің жалғыз мұрагері ретінде Ресейді таныған ұйым жарғысына қол қоймаған.

ӘЗЕРБАЙЖАН – ЕУРОПА КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫ

Биыл 1 мамырда Әзербайжан Еуропа кеңесінің шешім қабылдау органы - Министрлер комитетіне алты ай бойы төрағалық етеді. Комитет құрамында Еуропа кеңесіне мүше 47 елдің сыртқы істер министрлері бар.

Комитет жиыны жылына бір рет Страсбурге өтеді. Комитет Еуропа кеңесінің құқық қорғау конвенциясын жүзеге асыру үшін тұрақты түрде жұмыс істейді.

Комитет Еуропа кеңесіндегі адам құқығы, демократия, құқықтық мелекет сияқты
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев сайлауда дауыс беріп тұр. Баку, 9 қазан 2013 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев сайлауда дауыс беріп тұр. Баку, 9 қазан 2013 жыл.
құндылықтарды қорғаушы ретінде сипатталады.

Бұл ұйым осыған дейін адам құқығын бұзды деген сынға жиі ұшырайтын Әзербайжанға қысым жасайтын санаулы құралдың бірі болған еді.

Әзербайжан 2010 жылы Еуропадағы адам құқығы жөніндегі соттың "журналист Эйнулла Фатуллаевты босат" деген талабын орындамаған соң оқиғаға осы комитет араласқан. Журналист алты айдан кейін босатылған.

Комитет Әзербайжанда әсіресе Ильхам Әлиев үшінші мерзімге президент болып сайланар тұста бұқаралық наразылықты басып тастау шараларын да айыптауға шақырған.

Комитетке Әзербайжан төрағалық ететін алты айда мұндай мәселелер айтылуы неғайбіл. Сарапшылардың сөзінше, Баку "уылдырық дипломатиясының" арқасында Еуропа кеңесін өзіне жақтас етіп алған. Әзербайжандағы саяси тұтқындар жайлы есеп жасауға қатысқан неміс депутаты Кристоф Штрассердің пікірінше, Еуропа кеңесі ақысы жақсы әзербайжандық лоббистердің ықпалына түсіп, елдегі кемінде 150-ге тарта саяси тұтқын жайлы есепті қабылдамаған.

Әзербайжан Еуропа кеңесіне төрағалық ету жайлы жоспары бар екенін айтқанымен, оның егжей-тегжейін мәлім етпеді.
XS
SM
MD
LG