Accessibility links

Ауғандық 120 зағип бала мамандық алудан үмітті


Көздері нашар көретін студенттер зағиптарға арналған мектепте музыка аспаптарында ойнап отыр. Кабул, 4 қыркүйек 2012 жыл.
Көздері нашар көретін студенттер зағиптарға арналған мектепте музыка аспаптарында ойнап отыр. Кабул, 4 қыркүйек 2012 жыл.
Ауғанстанда тұратын зағип жандардың көбі көшеде садақа сұрап күнелтуге мәжбүр. Кабул қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған жалғыз мектеп қана болашаққа деген үмітті оятады.

Кісі жатырқамайтын 14 жастағы Араш Кабулдағы зағип балаларға арналған мектептің алтыншы сыныбында оқиды. Ол жарылған бомбаның жарықшағы көзіне тиіп, жанарынан айырылыпты. Араш «Мектептегі оқушылардың кейбіреуі - бұған дейін көшені паналап жүргендер. Енді олар тегін оқып, тегін тамақтанады, кейде тегін медициналық көмек те алады» дейді.

«ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ ЖӘРДЕМДЕС»

Зағип балаларға арналған бұл мектеп 1977 жылы ашылған. Әбден тозып, жарамсыз болып қалған ғимарат канадалық «Жарқын әлем» ұйымының көмегімен жөндеуден өткізіліп, 2004 жылы оқу орны қайта ашылды.

Мектептің кем-кетігі әлі көп, шаруа бастан асады. Араштың айтуынша, мектепте бірнеше сынып қана бар, құрал-жабдық та жетіспейді.
Зағип бала соқырларға арналған мектепке кіріп келе жатыр. Ауғанстан, Кабул, 2 қыркүйек 2012 жыл.
Зағип бала соқырларға арналған мектепке кіріп келе жатыр. Ауғанстан, Кабул, 2 қыркүйек 2012 жыл.

Шағын мектепте 120 шақты бала оқиды. Түске дейін олар арнайы әдістердің көмегімен математика, әдебиет және басқа пәндерден сабақ оқиды.

Түстен кейінгі уақыт кәсіптік даярлыққа арналған. Оқушылар өз таңдауы бойынша зағип жандарға бейімделген компьютерлік қосымшалар арқылы өнер сабағын оқиды немесе тоқыма, сыпырғыш буу сияқты кәсіптерді меңгереді.

Шри-Ланкада туған Канада азаматы, «Жарқын әлем» тобының еншілес құрылтайшысы Эрик Раджа «Мектеп негізінен қайырымдылық көмек есебінен, атап айтқанда, «Жарқын әлем» ұйымы мен Ауғанстанның білім министрлігі қаржыландырады» дейді. Оның айтуынша, ұлдар мен қыздар бірге оқитын мына мектеп болмағанда, көп бала көшені паналар еді.

400 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЗАҒИП

Ауған үкіметінің есебі бойынша, Ауғанстанда тұратын 30 миллион халықтың екі пайызы немесе 400 мыңға жуығы – жанарынан айырылған жандар. Көптеген ауғандықтардың көзі ота жасау арқылы ғана емдеуге болатын дертке шалдыққан. Алайда медициналық және білім беру мекемелерінің қызметін алуға екінің бірінің қолы жетпейді.

– Аулада ойнап жүріп минаға түскен ауған балаларының көпшілігі жанарынан айырылып, зағип болып қалды. Олардың көбі, әсіресе қыздар амалсыз жұрттан оқшау өмір сүріп жатыр. Бұл балалардың жағдайы аса ауыр. Біреу-міреу көмек қолын созып, олардың білім алып, жұмысқа орналасуына көмектеспесе, балалардың болашағы бұлыңғыр, – дейді Эрик Раджа.
Музыка сабағы. Ауғанстан, Кабул, 2 қыркүйек 2012 жыл..
Музыка сабағы. Ауғанстан, Кабул, 2 қыркүйек 2012 жыл..

Эрик Раджа мектепте әлі қыруар жұмыс барын мойындайды.

– Ең үлкен қиындық – зағип балаларды оқытатын білікті оқытушылар жоқ. Екіншіден, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар жетіспейді. Үшінші қиындық – инфрақұрылым жоқ. Мектепке ыңғайлы әжетхана қажет. Мектепке былтыр ғана электр желісін тарттық, – дейді Раджа.

Раджаның айтуынша, оқушылар кәсіптік білім алғанымен, шығарған өнімдерін өткізетін жер жоқ болғандықтан, сата алмай отыр.

МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ

Канадалық Эрик Раджаның ойынша, мектептің болашағы бар. Мектеп жақында Кабулдағы ауған музыка институтымен әріптестік байланыс орнатыпты. Институт білім министрлігінің көмегімен мектепке музыкалық бағдарлама жүргізіп, аспаптар бермек.

Институт директоры Ахмад Сармаст «Музыкалық білім балаларға жұмысқа орналасу мүмкіндігін ғана емес, одан да үлкен мүмкіндік береді» дейді. Оның айтуынша, соғыс лаңынан жаны жаралы балалардың оңалып, адам қатарына қосылуына музыканың септігі тиеді.

– Музыка Кабулдағы зағип оқушылардың дамып, жетілуіне көмектеседі. Мектеп оқушыларының арасынан дарынды балалардың қабілетін ертерек анықтап, оларды музыкаға баулымақпыз. Музыка – зағип жандар оңай меңгеріп, келешекте күнкөріс көзіне айналдыра алатын ең қарапайым мамандықтардың бірі. Музыка студенттердің өмірден орнын табуына көмектеседі, – деді ол.
XS
SM
MD
LG