Accessibility links

Ай Вэйвэй Төлетаеваның портретін салды


Маңғыстаулық мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның қытайлық белгілі суретші Ай Вэйвэй салған портретінің скриншоты.

Маңғыстаулық мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның қытайлық белгілі суретші Ай Вэйвэй салған портретінің скриншоты.

Қытайлық диссидент суретші Ай Вэйвэй Инстаграмдағы парақшасына Жаңаөзендегі 2011 жылғы мұнайшылар ереуілінің белсендісі болған Роза Төлетаеваның суретін салды.

Суреттің астына автор «құқыққорғаушы әйел 2011 жылғы Жаңаөзендегі жұмысшыларды қолдағаны үшін сотталған» деп жазды.

Роза Төлетаеваның суретіне жазған қысқаша сипаттамада: «Басып-жаншылған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін сотталған. Төлетаева - адам құқықтарын қорғаушы һәм 2011 жылғы соңы полицейлермен қақтығысқа ұласқан "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнайшылары ереуілінің жетекшілерінің бірі. 2012 жылы ол жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. 2014 жылдың қарашасында түрмеден шықты. Қазақстан» деп жазылған.

Ай Вэйвэйдің Инстаграмдағы парақшасында Роза Төлетаевның суреті 2012 жылы батыс Мьянмадағы тәртіпсіздіктер үшін айыпталып, 17 жыл түрмеге қамалған дәрігер, мұсылман қауымының жетекшісі Тун Аун, ресейлік оппозиционер-саясаткер 2014 жылы төрт жарым жылға сотталған Сергей Удальцов тәрізді бірсыпыра адамдармен бір қатарға қойылған.

Суретшінің бұл туындысы оның парақшасына жазылған әлеуметтік желіні пайдаланушы қазақстандықтарды бей-жай қалдырған жоқ. karakhat_saghidolla есімді пайдаланушы «Бұған сенбеймін! Бұл жағдайдың Қазақстанда болғанына сенбеймін» деп жазса, a_amanova «Неге мүмкін емес? Бұл біздің артқа кетіп бара жатқан тирандық жүйе басқаратын елде таң қалатын жайт емес» деп жазды.

2011 жылы Жаңаөзендегі ереуілден соң Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында "азаптауға ұшырады" деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарында аяқталуы тиіс болған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Осы оқиғаға байланысты жалпы 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG